Мәдениет

Сұлу сөздің сүлейі

«Жастар» театрында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына арналған «Сұлу сөздің сүлейі» атты әдеби-сазды кеш өтті. Театр фойесінде фото және кітаптар көрмесі қойылды. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы ұйымдастырған кеш «Сәкен сері шерткен сыр» атауын алған қаламгердің өмір жолы, шығармашылығы мен еңбектері жайлы ақпараттық бейнесюжетпен ашылды.

Сәкен Жүнісовтің қайраткерлік қырынан сыр шерту, қаламгердің шығармаларын паш ету арқылы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал ету және қазақ руханиятына қызмет еткен тұлғаны ардақтау мақсатында өткен кеште қаламгердің прозалық және драмалық шығармаларына екпін қойылды.

Басқаларын айтпағанда, Сәкен Жүнісов «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері» романдарымен, «Аманай мен Заманай» повесімен, драмалық шығармаларымен қазақ әдебиеті қоржынына мол олжа салды. Оның прозаларындағы көркем ойлар қазақ әдебиетінен ерекше орын алды. Ал драмалары театр әлемін тың туындылармен толықтырды. Бір сөзбен айтқанда, Сәкен Жүнісов ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет етіп, елдің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.

Кеш барысында Сәкен Жүнісов­тің өмірі мен шығармашылығы туралы келелі ойлар айтылды. Атап айтқанда, қаламгердің қарындасы Роза Жүнісова, Қазақстан Жазушылары одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Ақмола облысы әкімінің атынан келіп, облыс басшысының сәлемін жеткізген М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапхана директоры Қуаныш Оспан, ақын, манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов, Қазақстан Жазушылары одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп сөз сөйледі. Қаламгердің қарындасы Роза Нұрмаққызына ұйымдастырушылар атынан құрмет көрсетілді. Әсем әндермен көркемделген кеш барысында «Жастар» театры репертуарындағы Сәкен Жүнісовтің шығармасы желісімен сахналанған «Тырау-тырау, тырналар» спектаклінен үзінді көрсетіліп, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан арнау айтты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button