Құқық

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

Сыбайлас жемқорлық – қоғамдағы ең қауіпті әлеуметтік құбылыс­тардың бірі. Ол экономика мен әлеуметтік қатынастарды ғана емес, қоғамның құндылықтары мен моральдық негіздерін бұзып, мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуіне, елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке де елеулі қатер төндіреді.

 

Астана қаласының Әділет департаменті осы қауіпті кеселдің алдын алу мақсатында өз қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар көрініс­те­рін болдырмау, Қазақстан Рес­пуб­ликасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі талаптарының қатаң сақ­талуы бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Атап айт­қанда, жыл басынан бері осы тұрғыда құзырлы органдармен бір­лесе отырып, бірнеше рет үгіт-насихат жұмысы мен семинар-кеңес, дөңгелек үстел мәжілісі өткізілді.
Қазір елімізде осы қауіп­ті індетке қарсы бітіспес күрес жариялануда. Мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттерін жүзеге асыратын арнайы уәкілетті орган қайта құрылды. Жазалаудың қайтымсыздығы ұстанымы да сәтті жүзеге асы­рылуда. Сондықтан мемлекеттік қыз­меткердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Мұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады. Кейінгі кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі басшылардың дербес жауап­кершілігі туралы ережемен толықтырылды. Онда «мүдделер қақтығысы» деген ма­ңызды түсінік бар. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жа­уапкершілігінің артуына, олардың әлеуметтік кепілдіктерінің жақсаруына мүмкіндік жасауда.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желі­нің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекетті оны жалпы жұртшылық болып қарсы тұратындай дәрежеге жеткізген жөн.
Қорыта айтқанда, жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдардың заң мен сот алдында теңдігін сақтап, жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиян­ды зардаптарын жою, олардың алдын алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізіп, жем­қорлықпен күрес жалпыға ортақ міндетке айналғанда ғана бұл кеселдің тамырына балта шабылары сөзсіз.

Майя АМАНТАЕВА,
Астана қаласы Әділет
департаменті бөлім
басшысының міндетін
атқарушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button