Мәдениет

Сырт алаңда сәттілік жетіспеді

ЕУРО-2024 іріктеу кезеңіндегі соңғы ойында Қазақстан сырт алаңда Словениямен кездесті. Не бел кетеді, не белбеу кетедінің нақ өзі осы матч болды. Өйткені біздің құрама ұтса, тікелей Германияда өтетін Еуропа чем­пионатына жолдама алады.

Словенияның Любляна қаласына арнайы барып, Стожице стадионында жанкүйер болмасақ та, телеарнадан тамашалап, тақым қыстық. Айтқандай, Еуропаға жолға шыққаны бар, сонда жүргені бар, біздің құрамаға 1 мыңға жуық адам жанкүйкер болып, қазақ футболшыларын рухани қолдады. Мұның өзі – бұрын-соңды болмаған құбылыс.

Топтық іріктеудің соңғы турында «Н» тобында топ бастаған Дания ЕУРО-2024-ке 22 ұпаймен тікелей жолдамаға ие болса, Словенияда 19, Қазақстанда 18 ұпай болды. Қарсыластар үшін тең ойын да жетеді. Бізге тек жеңіс керек! Басқа жол жоқ!

Кездесу алма-кезек шабуылмен бас­талып, қос команда сақтық танытып ойнады. 40-минутта Ян Вороговский словениялық шабуылшыны құлатып, сары қағаз алды. Нәтижесінде Игорь Шацкийдің қақпасына айып добы белгіленді. 20 жастағы словениялық Бенджамин Шешко гол соғып, командасын есепте алға шығарды. 47-минутта Максим Самородов берген пасты Рамазан Оразов голға айналдырып, есепті 1:1-ге жеткізіп, жанкүйерлерді жігерлендіріп жіберді. Екінші таймда Қазақстан құрамасы сенімді ойнап, шабуылды жиілетті. Алайда 85-минутта словениялық Бенджамин Вербич екінші гол соғып, үміт отын өшірді. Ойын соңына дейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Қорытынды есеп – 2:1. Біздің құрамаға сәттілік жетіспеді ме, әлде сенімділік жетпеді ме, мұны спорт сарапшылары талдап, бапкер мен футболшыларға дұрыс бағыт-бағдар беретін болар.

Осылайша, «H» тобынан Дания мен Словения Еуропа чемпионатына жолдама алды. 2024 жылы Қазақстан ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Еуроға жолдама үшін таласады. 21 наурызда ұлттық құрама Грекияға қарсы ойын өткізеді.

Айта кететіні, іріктеу кезеңінде ұпай жоғалтпаған бір ғана команда бар. «J» тобында өнер көрсеткен Португалия 32 рет қарсылас қақпасынан саңылау тауып, екі-ақ рет гол жіберіп, 30 ұпай жинады. Өз тобында Испания, Бельгия, Франция, Англия, Румыния, Венгрия, Түркия және Албания бірінші орын алып, Еуропа чемпионатына дайындықты бастап кетті. «С» тобындағы Италия соңғы турда Украинамен тең ойнап, жолдамаға иелік етті.

Бельгия шабуылшысы Ромелу Лукаку 14 гол салып, үздік сұрмерген атанса, португалиялық Криштиану Роналду 10, француз Килиан Мбаппе 9 гол салып, іріктеу кезеңінде өзінің талантты футболшы екенін дәлелдеді.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button