Білім

Тәрбие – қиын іс

Астана қаласында тұратын қарапайым мұғаліммін. Мені қазір мазалайтын мәселенің бірі – тәрбие. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең құл болады». Яғни дұрыс білім бермей, әр оқушыны тәрбиелей алмаймыз, ал берген білімнің тәлім-тәрбиеге ықпалы болары анық.

Қазіргі технология төрімізге озған заманда әрбір мұғалім өзінің негізгі миссиясы – баланы дұрыс оқыту, жақсы тәлім-тәрбие беру, ізгілік пен сауаттылықта үлгі-өнеге көрсетуі тиіс екенін естен шығармағаны жөн. Себебі мұғалім – білім беру саласының қызметкері, ол тек қана оқытпайды, осы саланың дамуына қызмет етеді. Демек, ол әр оқушының дамып-жетілуіне, тәрбиелі адам болып қалыптасуына да көңіл бөледі. Мектепте өзінің сүйіспеншілігі мен мол тәжірибесін аямай жұмсайтын мұғалімдер әрқашан жұрттың назарында болады.

Ежелгі дүниенің данагөйі Конфуцийден мынадай нақыл сөз қалыпты: «Жақсы адамды көргенде оған теңелу жайында ойлан, ал жаман адамды көргенде (өзіңнің өне бойыңда сондай кемшіліктер болып жүрмесін деп сақтанып) өзіңді-өзің зертте». Бұдан шығатын қорытынды, жақсы адам болып қалыптасуы бала кезден, өскен ортасынан, мектептегі мұғалімдерінен бастау алады. Балаларды жақсылыққа, ізгілікке сендіруге орайлы жасында аянып қалмауымыз қажет. Сондықтан әрбір оқушыға жағымды ықпал ететін ең басты нәрсе – балаға сенімдерді шатаспай таңдай білуіне көмектесу маңызды. Бәрінен де маңызды нәрсе – әр оқушыға деген шынайы сүйіспеншілік. Мұндай өнер екінің бірінің бойынан табыла бермейтіні рас. Бірақ бұл өнерге құлық қойып, үйренуге болады. Оның жолы өте ұзақ. Осы жолмен сүрінбей жүріп өту үшін сенім, ықылас және өз-өзіңе деген сүйіспеншілік керек. Егер сен өзіңді бағалап, жақсы көре алмасаң, басқа адамды қалай жақсы көресің?! Жақсы тәрбиеге апаратын тура жолдың бірі – көз жеткізу. Өзіңнің бағытыңның дұрыс­тығына көз жеткізіп ал. Содан кейінгісі жеңіл және сапалы іс болып түзіледі. Яғни баланы тәрбиелеу үшін мұғалімдер әуелі өз-өзін тәрбиелесе нұр үстіне нұр болар еді. Олай болмаған жағдайда, тәрбие ізгілік жолымен жүрмейді. Әр оқушы өзінің деңгейінде, өзінің қалауында өмір сүріп, ортасының ықпалымен өсіп-жетіледі. Қазір неге ата-аналар, мұғалімдер әр баламен ашық сырласып, ұзақ сөйлеспейді? Өйткені айналадағы болып жатқан процестер (мұғалімнің білімге ғана назарын аударуы, ата-анасының дұрыс көңіл бөлмеуі, ақпарат технологияларының жағымсыз ықпалы, рухани экспансияның жемісі) баланы өз ағынымен «ағызып» әкете береді. Сол себептен әрқайсымыз философ Сократтың: «Тәрбие – қиын іс, бірақ сол тәрбиеге жағдай жасау – әр адамның ең елеулі борышының бірі. Өйткені өзіңді және жақындарыңды білімді, тәрбиелі етуден маңызды еш нәрсе жоқ» деген сөзін әрдайым жадымызда ұстасақ ұтамыз.

Заманауи оқушыны тәрбилеуге де заманауи ұстаным керек. Әр оқушының жүрек қалауын түйсіне отырып, оның жақсы көретін, үнемі назарда ұстайтын нәрселеріне құрметпен қарасақ, жақсы нәтижеге жетеміз. Осыны бәріміз есте ұстайық!

 Айгүл ТЕМІРЖАНҚЫЗЫ,

Астана қаласындағы №53 мектеп-лицейдің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button