Басты ақпаратМәдениет

Әлмұқанды әспеттейтін жыл

Биыл – осы Ақмола өңірінің тумасы, Ұлы Отан соғысының қаһарманы, «Даңқ» орденінің толық иегері Әлмұқан Сембиновтің туғанына 100 жыл. Осыған байланысты елорданың Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев Астана қалалық мемлекеттік архивінің басшысы Жангелді Бимолдинмен кездесіп, батырдың ғасырлық мерейтойына арналған іс-шараны өткізу барысын талқылады. Елорда архивіндегі майдангерге қатысты құжаттар таныстырылды.

Әлмұқан Сембинов 1924 жылдың 21 сәуірінде Ақмола облысы Жаңабірлік ауылында туған. 1942 жылдың ақпанында қызыл әскер қатарына шақырылып, 1210-атқыштар полкының барлаушылар взводына қосылып, соғыстың соңына дейін алғы шепте соғысқан. 1-інші және 3-Беларусь майданында қатардағы жауынгерден барлаушылар взводының командиріне дейін өсті. 1944 жылдың жазында Беларусь жерінде Днепр өзенінен алғашқылардың бірі болып өтіп, Быхов қаласын азат ету үшін болған шайқаста ерен ерлігімен көзге түсіп, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, соңынан «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. 1944 жылдың жазында Кулиш елді мекені маңында болған ұрыста ерлік көрсеткені үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін иеленді. Ал соғыстың аяқталуына аз күн қалғанда, 1945 жылдың 17 сәуірінде Одрадағы Франкфурт қаласынан оңтүстік-батысқа қарай орналасқан Мюлльрозе елді мекеніндегі шайқаста Әлмұқан Сембинов 9 фашистті тұтқынға алды. Өзі жараланса да, бөлімшеге басшылық етуді тоқтатқан жоқ. 22 сәуірде, 26 сәуірдегі ұрыстарда да Сембинов ерлікпен көрінді. 1945 жылдың 15 мамырындағы КСРО Жоғарғы Кеңесі алқасы жарлығымен Сембинов І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталып, осы орденнің толық иегері атанды.

Соғысты Әлмұқан Сембинов Эльба өзеніндегі Рудольштадт қаласында аяқтады. 1945 жылдың желтоқсанында әскерден босап, Ақмола қаласына оралды. Қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді. Қазіргі «Астаналық» саябақта болған балалар теміржолы кезінде Сембиновтың бастамасымен салынды.

Жоғары партия мектебін, 1951 жылы Абай атындағы Алматы педагогика институтын бітірді. Тарихшы мамандығын алып шығып, сол жылдары Целиноградта жаңа ашылған құрылыс техникумының ең алғашқы директоры болды. Ақмола-Павлодар теміржолы құрылысы саяси бөлім жетекшісінің орынбасары, ал өмірінің соңғы жылдары Көлік жолдары министрлігінің оқу комбинатын басқарды. Батыр небәрі 48 жасында, 1972 жылдың 10 ақпанында өмірден озды. Бүгінде Астана қаласында оның атымен аталатын көше бар

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button