ӘлеуметБасты ақпарат

Апатты бірлесе еңсереміз

Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде су тасқынына байланысты Қазақстанның 10 облысында төтенше жағдай режимі жария­ланды. Қазір Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 3702 үй су астында қалды. Ел бойынша су тасқыны басталғаннан бері 72 мыңнан астам адам құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді, оның 17 мыңға жуығы – балалар. Қазіргі уақытта уақытша орналастыру орталықтарында 14 460 адам болса, оның 7 269-ы – балалар.

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың керек-жарағын шешу бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Тосыннан келген алапат апатқа барша елордалықтар үн қосуда. Бүгінгі күнде елордада 9 гуманитарлық көмек қабылдау пункті бар, жинауға 30-ға жуық ерікті ұйым атсалысып жатыр. Күн сайын 200-ден астам ерікті қажетті заттарды сұрыптап, жөнелтеді. Ниет білдірушілер жылы киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, алғашқы қажеттілік заттарын әкеліп жатыр.    Сонымен қатар Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің мәліметінше, бірнеше күн ішінде 7 тоннаға жуық алғашқы қажетті тұрмыстық заттар жиналып, жүк көлігі Ақтөбе қаласына аттанды. Гуманитарлық көмек жинау жұмысына Мақсұт Нәрікбаев университеті, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Назарбаев университеті, ESIL университеті сынды елорданың жоғары оқу орындары да қосылды. Көмек көрсеткен өзге ұйымдардың қатарында The one қонақүйі, «Әсем», «Рахмет», «Шапағат» сауда үйлері және басқа да бизнес құрылымдарының өкілдері де бар.

Астаналық Қазақстан халқы ассамблеясы да «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясын өткізді. «Қоғамдық келісім» қоғамдық ұйымы этномәдени бірлестіктермен, кәсіпкерлермен, ҚХА жастар қанатының волонтерлерімен және оның белсенділерімен бірлесіп, Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтті. ҚХА жанынан құрылған, меценат Хасан Шәріпов төрағалық ететін қалалық штаб гуманитарлық көмекті жинау, жүктерді қабылдау және түсіру жұмыстарын үйлестірді.

– Табиғи су тасқынынан зардап шеккендерге Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени орталықтар атынан қолдау көрсетеміз. Өңірлерде төтенше жағдай жариялана салысымен гуманитарлық көмек жинадық» деді Хасан Шәріпов.

Бүгінгі таңда ассамблея мүшелері мен еріктілер жалпы сомасы 5 миллион 200 мың теңгеге көмек көрсетті. Достық үйі алаңынан 3 жүк көлігі қажетті тауарлар, оның ішінде 1,5 тонна ұн жөнелтілді.

Сондай-ақ бұл маңызды іске жалпы құны 100 000 теңгенің азық-түлік өнімдерін жеткізген «Астана» балалар футбол клубының мүшелері балалар да өз үлестерін қосты.

«Аманат» партиясының Астана қалалық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатымен, «Астана жастары» ҚБ еріктілерімен, қалалық мәслихат депутаттарымен, қоғам қайраткерлерімен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, шағын, орта және ірі кәсіпорындар зардап шеккендерге 250 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинады. Қостанай облысында Қазақстан жастар конгресінің волонтерлері еріктілердің жұмысын үйлестіріп, Астанадан гуманитарлық көмектің жеткізілуін қамтамасыз етуде.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық» қоры өкілдері су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысына барып, су басқан аймақ тұрғындарына 500 дана резеңке етік, 2500 дана қап, 2000 дана жөргек, 2000 дана көрпе-төсек, 2 қайық, қайыққа 3 қозғалтқыш, жарық құрылғысына 2 қозғалтқыш т.б. тұрмыстық заттарды жеткізді. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында 1000, Ойыл ауданында 300, Қобда ауданында 200 адамға ыстық тамақ берілді.

Ерлан ДӘкенов,

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының директоры, Астана қаласы мәслихатының депутаты:

«Жағдай өте қиын болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз»  деді Мемлекет басшысы бүгінгі үндеуінде. Қазақстан халқы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апатқа бетпе-бет келіп отыр. Қандай қиын-қыстау кезең болса да, үнемі бір тудың астына жиналатын еліміз, бұл жолы да бұра тартпай, бір жұдырықтай жұмылатыны анық. Ел тізгінін ұстаған тұлғалар, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары жағдайды реттеуге атсалысуда. Орын алған су тасқыны Президенттің ерекше бақылауында екенін де ұмытпаған абзал. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Гүл де қар астында мәңгі жатпайды. Сын сағатта сабыр сақтап, Алладан жәрдем тілейміз! Жаратқан халқымызға жар болсын!».

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button