Мәдениет

Тамылжыған ән мен тәрелкенің тандемі тыңдарман үшін тосынсый болғандай

_50A3201

Аптаның алғашқы күндерінде Қазақ ұлттық өнер университетінде түркі халықтары дәстүрлі музыкасының кеші өтті. Ауқымды шара өткен аптада басталған ІСТМ бүкіләлемдік конференциясының аясында ұйымдастырылды.

Дәстүрлі музыка кештерінде Жамбыл атындағы залда ине шаншар орын болмады. Шарада әлемнің 70-тен астам елінен келген музыка зерттеушілері мен сарапшылары, астаналық студенттер және қарапайым көрермендердің басын қосқан бір ғана себеп – ол, түркі халықтарының мәдениетіне деген қызығушылық еді.

Фестивальдің алғашқы күнінде ұйымдастырылған кеште Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінен келген ансамбльдер өнер көрсетті. Орта ғасырларда қалыптасқан қалалық және далалық мәдениетті насихаттаушылардың концерті басқа құрлықтан келген басқа мәдениеттің өкілдерін бей-жай қалдырмады. Мәселен, дәл осы кеште тыңдармандар ұйғырдың мұқам, әзербайжанның мұғам және өзбек-тәжіктің шашмақом, катта ашула жанрларындағы шығармаларымен жақынырақ танысты. Әсіресе, шетелден келген қонақтар үшін тамылжыған ән мен тәрелкенің тандемі («катта ашула») тосынсый болғандай. Әйтеуір, өзбек ансамбліне көрсетілген құрметте есеп болмады.

Шетелдік қонақтардың дәстүрлі ән өнеріне, домбыраға деген ықыласы да алабөтен екен. Дәстүрлі әншілер Еркін Шүкіманов «Ақ қайыңды», Ерлан Рысқали «Әсеттің әнін» әуелете шырқаған кезде зал іші толассыз шапалақтан дүрілдей жөнелді. Қазақ елінде алғаш рет өткізіліп отырған бүкіләлемдік конференцияда қазақтың дәстүрлі әншілеріне айрықша ілтипат білдірілуі, әрине, қуантарлық жайт.

Фестивальдің өзгеше сипатта өтуіне дүниенің түкпір-түкпірінен келген музыка саласының өкілдері де өзіндік үлестерін қосты деуге болады. Шетелдік қонақтар сондай қарапайым. Бізге олардың бос орын болмаса, кез келген жерге отыра кететіні қызық көрінді. Сондай-ақ, олардан қажет жерінде өнерпаздарға қолдау көрсетуді, концерт аяқталғанша, бір орында тапжылмай отыруды үйренсек, артықтық етпейтіндей. Сайып келгенде, мұның бәрі – өнерге деген құрмет.

Фестивальдің екінші күні «Қазақтың заманауи симфониялық музыкасы» тақырыбына арналды. Бұл кеште Еркеғали Рахмадиев, Тілес Қажығалиев, Серік Еркімбеков, Серік Әбдінұров секілді белгілі композиторларымыздың шығармалары ойналды. Ұйғыр, қазақ, қырғыз, түркімен, өзбек, түрік, әзербайжан халықтарының дәстүрлі және симфониялық музыкасын насихаттаған кешкі концерттер тыңдармандарға түбі бір түркі халықтары мәдениетінің үндестігін тағы бір мәрте байқатты.

Роза ӘРЕН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button