Мәдениет

ҮШ СУРЕТТІҢ ҮНДЕСТІГІ

7

Кеше ҚР Ұлттық музейінде Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Мәңгілік ел» триптихының таныстырылымы өтті. Біртұтас композицияны құрайтын үш суретте Қазақ хандығының негізін салушы Керей мен Жәнібек хандар, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағын қабылдау сәті және Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген. 

– Биыл біз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеміз. Осы айтулы датаға байланысты жыл соңына дейін еліміздің түкпір-түкпірінде 200-ден астам іс-шара өтеді. Мереке Астанада 11 қыркүйекте тойланып, 9 қазанда Тараз қаласында жалғасатын болады», – деп атап өткен Бердібек Сапарбаев мемлекеттілігіміздің негіздеріне, Елбасының тәуелсіз еліміздің дамуына сіңіріп келе жатқан еңбегіне тоқталды.

Белгілі суретші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Төлепбай бастаған шығармашылық ұжым Қазақ хандығының құрылу жылдарынан бастап, Тәуке ханның тұсындағы елдігіміздің күшейген кезеңін қамтыған. Кешегі күндерді бүгінмен үндестіріп, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейнесі арқылы болашаққа қарышты қадам басқан қазіргі Қазақстанды кескіндеген.

Жалпы, триптихты бес суретші бірігіп салған. Солардың бірі Қазақбай Әжібекұлы бұл жұмыс оңайға түспегенін айтады. «Ерболат Төлепбайұлының жетекшілігімен Ағымсалы Дүзелханов, Айдар Жамханұлы және Айдос Шахмарданұлы барлығымыз осы суреттерді салуға он бес жылды жұмсадық. Бұл бір күнде жасалатын дүние емес. Алдымен тарихымызды жасаған тұлғаларымызды анықтап, солардың еткен еңбегін зерттедік. Жасыратыны жоқ, қаржылық жағынан да қиындықтар болды. Алайда, соншама жылғы еңбегіміз зая кеткен жоқ деп ойлаймыз. Оның нәтижесін бүгін көріп отырсыздар. Елбасыға да суреттерді көрсетіп, оның оң бағасын алған едік» дейді ол.

P.S. Аталмыш туынды марқұм Бексейіт Түлкиевтің «Ұлы көш» картинасын еріксіз еске салады. Онда Нұрсұлтан Назарбаев бастаған 89 тұлғамыз бейнеленген. Бізге сол сурет әсерлірек көрінеді…    

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button