Жаңалықтар

Жетпесе өреміз, Батыстан көреміз…

11

Қояндыда болған жайтты көріп, жағамызды ұстадық. Суға кеткен қыз баланың өлі денесін жағаға шығарған жұрт қаннен-қаперсіз әрі қарай асыр салып жүр. Тұп-тура мәйіттің жанында… Оны көтеріп, тасаға апару былай тұрсын, куәгерлер камерасына түсіріп әуре. Сол маңдағы бала-шаға да ештеңеден сескенбейді, бейғам. Құдды бір күнде өлік көріп жүрген кісіше, қашқақтар емес. Бізді қорқытқан нәрсе де сол еді…

Қорқу дегеннен шығады. Жалпы, бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ата-анасына қарап ұғынады емес пе?! Қорқыныш та дәл солай. Бірер жыл бұрын Пенсильвания университетінің ғалымдары тәжірибе жүргізіпті. Жәндіктен қорқатын аналарды баласымен бір бөлмеге, ал қорықпайтындарын екінші бөлмеге кіргізеді. Сөйтіп, жерге құрт-құмырсқаны жіберіп, нәтижені аңдыған екен. Бірінші бөлмедегі әйелдер едендегі жәндіктерден қорқып, үрейі ұшқанда, балалары да дегбірсізденіп, мазасыздана бастайды. Ал келесі бөлмедегілер түк болмағандай жайбарақат отыра береді. Балалары да ештеңеден қауіптенбей, қайта әлгі жыбырлаған мақұлықтарды дос көріп, ойнай кетіпті. Демек, қорқыныш дегеніміз – субъективті түсінік. Оның сәби кезде қалыптасуына әке-шеше, айналадағы ересектер әсер ететін болып тұр.
Кішкентай күнімізді еске түсірейікші. Киноның атыс-шабыс не зорлық-зомбылықты көрсететін жеріне келгенде, үйдің үлкендері «Қарамаңдар!» деп, көзімізді басушы еді ғой. Экрандағы көріністің жаман екенін, жиіркенішті екенін түсінетінбіз сонда.
Орыс ойшылы Лев Толстой «Көзің таза ма?» деп сұрапты бірде көршісінен. «Қолың таза ма?» дейміз ғой біз әдетте. Көз – адамды басқарушы екен, бақсақ. Көргенің көркем дүние болса, жасайтының да – ізгілік. Ал озбырлықты, қатыгездікті көп көрген көз иесіне де сондай амалдарды істетеді. Арам нәрсені, қан-жоса құбылысты жас баланың көзінен аулақ ұстайтыны содан болса керек.
Тым немқұрайлы. Бүгінгі қоғамды айтам. Құлаған ұшақтың, апатқа ұшыраған кеменің, өртке оранған үйдің, тіпті, қабірдің фонында тұрып, селфи жасайтындар бар. Интернетті ақтарсаң, сондай суреттер толып тұр. Иә, оларды жерден алып жерге салатын небір пікірлер жазылған астына. Мұндай бассыздықтарды сынап-мінеген құлаш-құлаш мақалалар да жетіп артылады. Ал одан «Осыным ұят екен ғой, түзелейін» деген бір кісі табылды ма? Жоқ. «Вертер синдромы» деген ұғымды білетін боларсыздар?! Ол – Гётенің XVIII ғасыр соңында жарық көрген «Жас Вертердің азабы» атты романына байланысты дүниеге келген психологиялық түсінік. Кітапта бас кейіпкер өз-өзіне қол жұмсайды. Роман жұртқа жеткен соң, суицид жасаған жастардың саны күрт өсіп кеткен. Яғни, ел нені көп оқыса, соған бейім келеді деген сөз. Айтпағым, «Анда біреуді бүйтіп кетіпті», «Мұнда біреуді сөйтіп кетіпті» дейтін жан түршіктіретін жаңалықтарды көп таратып кеткен жоқпыз ба осы?! Ести-ести, немқұрайлық деген содан шығады сосын. Дұрыс, келісемін, жастарды сақтандыру керек. Опық жеп қалмас үшін жаңағыдай оқиғаларды сабақ қылып, алдарына тартқан жөн. Алайда әр деталіне дейін нақтылап, бүге-шігесін жіпке тізіп берудің қажеті шамалы сияқты. Антижарнаманың өзі жарнама екенін естен шығармайықшы, әйтеуір.
Жоғарыдағы оқиғаны оқыған жұрт «Ақырзаманның балалары! Бізді Батыс бұзды. Мейірімсіздікті солардан жұқтырдық» десіп, шуласуда. Бәленің құлағы көрінсе болды, Батысқа итере саламыз. Ау, алдымыздағы ақпаратты таңдап-талғамай жұта беретін ессіз емеспіз ғой бірақ?! Қайсысынан үйрену, қайсысынан жирену керектігін ажырата алатындай ақыл берген бізге әуелде. Кейінгі кішілерге жөн сілтеп, жол нұсқап отыру да – парыз. Сол парызды орындай алмасақ, жай ғана адамдығымыздың өзінен не қадір-қасиет қалады?!

Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button