Жаңалықтар

ТАРИХИ ДРАМАМЕН ТАНЫСТЫ

b762dbe32763a50c2ee6cab758ff5ba0

Кеше Мәскеудегі Астананың мәдени күндері аясында Ресейдің ірі мәдени орталығы – Мәскеу халықаралық музыка үйінің сахнасында елордалық  М. Горький атындағы академиялық орыс драма театры белгілі жазушы Болат Жандарбековтың «Сақ» романының желісімен дайындаған «Томирис – Сақ патшайымы» атты тарихи қойылымды жұртшылыққа ұсынды.

Өмірден ерте озған қаламгер Болат Жандарбековтың «Сақ» романы кезінде оқырмандардан жоғары баға алған еді. Жұртшылық тарихи кітапты қолынан түсірмей оқыған. Шығармада  сақ дәуірінде ғұмыр кешіп,  патшайым атанған Томиристің өмір жолы мен күрескерлік қасиеті көркем сомдалған.  Туындыдан  сонау көз ұшындағы қиянда қалған сақ дәуірінің өрелі мәдениетін көруге болады. Сол кездің өзінде де біздің арғы текті бабаларымыздың өркениетке елеулі үлес қосқандығын байқаймыз. Тарихи драмада осы баянның барлығы  байыпты бейнеленген.

– Мәскеудегі Астананың мәдени күндері аясында қала тұрғындарына еліміздің терең тарихынан сыр шертетін «Томирис – Сақ патшайымы» атты тарихи драманы әдейі алып келдік. Өйткені онда тарихымыздың терең сырлары жатыр. Өткен жылы ғана қойылымның премьерасы болды. Оған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, жоғары бағасы берді. Қойылым елордалық көрермендердің де ыстық ықыласына бөленді. Мәскеуліктер де спектакльді биік бағалады. Арғы бабаларымыздың тарихымен танысты.  Әртістердің өнеріне тәнті болды.  Туындының  талғамы биік көрермендердің көңілінен шыққанына риза болып тұрмын, – дейді М. Горький атындағы академиялық орыс драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қасенов.

Тарихи қойылымда елордалық әртістердің шеберліктері  барынша ашылды. Дауыс мәнері, киімдері мен сахнадағы өздерін ұстау мәдениеті жоғарғы деңгейде болды.  Спектакльді көруге келген ресейлік әріптестері де олардың өнеріне тәнті болды. Алғыстарын жеткізді. Ал көрермендердің  пікірі ерекше. Бәрі де тарихи драманың ұнағанын айтып, алғыстарын жеткізіп жатты.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button