Руханият

Тәуелсіздік тағылымы

6 қазанда 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтеріліс қаһарман­дарының бірі – Кейкі (Нұрмағанбет) Көкем­байұлының бас сүйегі арада 93 жыл өткеннен кейін елге оралды. Сол күні Орталық коммуникация­лар қызметінде ұйым­дастырылған брифинг барысында мұны ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ақтоты Райымқұлова сүйіншіледі.

erm_1579

Осылайша, осыған дейін Санкт-Петербург қаласындағы Ресей ғылым академиясының Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейінде, ауызекі тілде айтқанда, Кунсткамерада сақталған бас сүйек Қазақстан мен Ресей Үкімет басшылары деңгейінде жүргізілген келіссөздердің қорытындысында елге қайтарылды.

Қазақстан жағы бас сүйек нақты Кейкі батырдыкі екендігіне көз жеткізді. Оны елге әкелер алдында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылып, оның құрамына кірген ғалымдар, музей мамандары, археологтар, антропологтар тиісті зерттеулерді жүргізіп, бас сүйек Кейкінікі екеніне күмәні қалмады.

«Бас сүйек Кейкі батырдыкі екендігін зор сеніммен айта аламыз. Алайда бұған толық көз жеткізу үшін ДНҚ сараптамасын жасауымыз қажет. Қазіргі таңда шетелдік мамандармен, атап айтсақ, мажар ғалымдармен сараптама жүргізу жөнінде келіссөздер жасалуда» дейді бұл жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары.

Кейкі батырды 1923 жылы сәуір айында Жыланшық бойының Жалаулы деген жерінде қызыл үкіметтің жазалаушы отряды азаптап өлтірген. Жары Ақжан да солардың қолынан қаза тапты. Отряд басшысы батырдың басын кесіп алып, Орынборға жөнелткен. Ал батырдың денесі сол жерге жерленген.

Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстанда 18 театр ашылды. Елімізде қазір 234 музей бар. Оның басым бөлігі азаттық жылдарында бой көтерді. 25 жылда 500-ге жуық ұлттық фильм түсірілді. Олардың 100-ден астамы – толықметражды фильмдер. 200-ге тарта фильм халықаралық фестивальдердің лауреаты атанды.

КЕЙКІ БАТЫРДЫҢ БАС СҮЙЕГІ ҚАЙДА ЖЕРЛЕНБЕК?
Кейкі батырдың туыстары Қостанай облысы, Аманкелді ауданының Тасты деген ауылында тұрады. Солардың бірі – Әубәкір ақсақал көзі тірісінде сол ауылдың іргесінен өтетін күре жолдың бо­йынан Кейкіге арнап үлкен күмбез көтерді. Түбінде атасының бас сүйегі елге оралғанда, дене­сімен бірге қайта жерлеймін деген мақсатпен. Бірақ ол күнді қарияға көруге жазбапты…

Тиісті ДНҚ сараптамасы­нан соң енді батырдың бас сүйе­гін жерлеу мәселесі туын­дайды. Белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы, өзге қаламгерлер де бас сүйекті Астанадағы Ұлттық пантеонға жерлеуді ұсынады. Бірақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жоспары басқаша. Олар бас сүйекті батырдың денесімен табыстыруды ойлас­тырып қойыпты. Бұл жөнінде де брифинг барысында осы ведомствоның вице-министрі Ақтоты Рахметоллақызының ауызынан естідік.

Оның айтуынша, Кенесары ханның басына қатысты мәселе де министрліктің қаперінде. «Бұл бір күннің жұмысы емес. Осы бағытта жұмыс жүргізетін боламыз. Оның нәтижесі де осындай болады деген үміттемін» деді вице-министр.

kejki-batyr-kumbezi

АЙМАҚТЫҚ КӨШБАСШЫҒА АЙНАЛДЫ
Брифингте, сондай-ақ Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын тойлау барысы туралы да айтылды. Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, ҚР Үкіметі бекіткен қаулыға сәйкес республикалық және халықаралық деңгейде егеменді елдің мерейін асыратын 221 шараны өткізу жоспарланған. Осы күндерге дейін де 100-дей шара өтті. Ал жылдың соңына дейін ел деңгейінде 120-ға жуық және аймақтық дәрежеде шамамен алғанда 5 мың шараны ұйымдастыру көзделген.

– Осыдан 25 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қазығын оның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен қаққаны баршаға белгілі. Содан бері Ұлы Дала елі өзінің көшбасшысымен бірге бүкіл әлемге танылып, мәртебелі мемлекет ретінде мойындалды. Біз Тәуелсіздігіміздің арқасында іргесі берік, кемел ел болдық. Алдымызда осы жолғы мерейтойды жоғары деңгейде өткізіп, Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішіндегі жетістіктерімізді көрсету міндеті тұр. Егемендігіміздің 25 жылы – тарихымыздағы алтын кезеңі деп толық сеніммен айта аламыз. Тарихи өлшеммен алғанда, бұл қысқа кезеңде Қазақстан кеңестік республикалардың құра­мында бол­ған елеусіз елден аймақтық көшбасшыға айналды, ал Президентіміз адамзаттың жаңа тарихын айқындаушы, алдыңғы қатарлы әлемдік лидер­лердің қатарына қосылды.

Елімізде білім, ғылым, ден­саулық, мәдениет, спорт салалары айрықша даму үстінде. Елбасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын ел болып атап өту мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Осы орайда Елбасы Жарлығымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, мерекенің тұжырымдамасы бекітілді. Бұл тұжырымдама түйінді төрт негізден тұрады. Ол мерейтойында философиялық, тарихи, идеялық, халықаралық құндылықтар тұрғысынан қарастырады. Мерейтойды бүкіл халық болып атап өту шаралары жыл басынан бері ойдағыдай жүзеге асырылып келеді, – дейді Ақтоты Райымқұлова.

АСТАНАДАҒЫ АЙШЫҚТЫ ШАРАЛАР
Бұған дейін өткен елдікті, мемлекет­тілігімізді асқақтататын шаралардың басым бөлігі елордада ұйымдастырылғанын айта кетейік. Мәселен, маусым айында «Астана-Дуатлон-2016» ІІ қалалық турнирі өтіп, оған кәсіби спортшылармен қатар, әуесқой спорт­шылар, жалпы 500-ге жуық адам қатысты.

Ал шілде айында елорда күні тойланғаны белгілі. Бұл мерекенің өзі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналғаны халықтың жадында. Осы айда «Астана. Отан. Жаңа қазақстандық патриотизм» ұранымен талай шаралардың басы қайырылды. Атап айтсақ, «Астана – Отанымыздың жүрегі» республикалық акциясы, «Екі апта ауылда» және «Ата-ана жұмысындағы 10 күн» әлеуметтік тәжірибелері, «ЭКСПО-2017-нің жас достары» жобасы, «Мәңгілік елдің елордасы», «Астана – елдігімнің ертеңі» көрмелері, халық ойындары фес­тивалі, теннистен Қазақстан Республикасы Президентінің кубогына жарыс, т.б. шаралар шілдеде дүрілдеп өткізілді.

Тамызда Семей ядролық поли­гонының жабылғанына 25 жыл толды. Осыған байланысты осы айда өткен барлық шараларға «Жаһандық бастамалар. Бітімгер Қазақстан» ортақ тақырыбы таңдалып, полигон жұмысының тоқтатылғанына ширек ғасыр толуына орай республикалық форум ұйымдастырылды. Конституция күніне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл айда «Астана ЭКСПО-2017» пошта маркасы шығарылды. «Шекарасыз ән» фестивалі жұртты жинады. Хоккейден Қазақстан Республикасы кубогының жеңімпазы анықталды. Осы айдағы үлкен шара ретінде елорда төрінен Қазақ ұлттық хореография академиясының ашылуын айтуға болады. Оның ашылуы­на Елбасымен қатар, алыс және жақын шетел мемлекеттерінен келген құрметті қонақтар қатысты.

Артта қалған қыркүйек айына «Еңбек. Отбасы. Құт-бе­реке» ұраны таңдалып, осы айда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қорытындысы шығарылды. «Астана Марафон-2016» жарысы ұйымдас­тырылды. Оған 4,5 мыңнан астам адам қатысып, бұл жарыс қала тарихына ең ірі марафон ретінде жазылды.

Тәуелсіздік тойының негізгі шаралары желтоқсан айына қойылды. Сол айда Елбасының қатысуымен салтанатты жиын мен мерекелік концерт өтеді. Сондай-ақ, «Қазақ елі» көркем фильмінің тұсауы кесіледі.

МУЗЫКАНТТАРЫМЫЗДЫ ӘЛЕМ МОЙЫНДАЙДЫ
Брифингке қатысқан әлемге әйгілі скрипкашы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева «Бүкіл әлем белгілі бір халыққа оның жеткен мәдени жетістіктеріне қарап баға береді» деген ақиқатты жаңғыртып, тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанның руханият саласында алған биіктеріне тоқталды. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәде­ниетті ерекше қолдауының арқасында егемендік кезеңінде елімізде жас ұрпақты өнерге бау­литын қанша оқу орындары мен театрлар ашылды. Қазір ол өз жемісін беруде. Қазір Қазақстан музыканттары өз өнерімен әлемді таңғалдырып жүр. Мысалы, тамыз айында Берлинде өткен халықаралық фестивальге қатыстық. Онда Қазақстаннан барған Еуразиялық студенттік симфониялық оркестрі жастардан құралған үздік өнер ұжымы ретінде бағаланды» деген Айман Қожабекқызы өзге де көптеген жас әншілер мен музыканттардың алған жетістіктерін атап өтті.

Сонымен қатар, брифингке қатысқан ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаменті директорының міндетін ат­қа­рушы Ғабидолла Оспанқұлов пен ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Наталья Калашникова жастар және Қазақстан халқы ассамблеясы аясындағы тәуелсіздік мерейтойына арналған шаралар жөнінде баян­дады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button