Басты ақпаратЖаңалықтар

ШЫРАЙЛЫ ШЫҒЫС ПЕН ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРАҒАНДЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУЫ

Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» бағдарламасының аясында осы аптада Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының күндері өтуде. Бүгін таңнан бері Астана әкімдігінің жанындағы қаланың Орталық алаңында қарағандылықтар, ал «Хан шатыр»  сауда-ойын-сауық орталығы маңында шығысқазақстандықтар ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалауда.

img_9622

«ТОҚЫРАУЫН ТОЛҚЫНЫ» НЕМЕСЕ АУДАН ГИМНІНІҢ ТАРИХЫ

Астанамен іргелес жатқан Қарағанды облысының шаруалары елордаға жыл сайын мол өнім әкеледі. Осы жолы да көмірлі аймақтан бас қалаға 840 тоннаға жуық азық-түлік жеткізілді. Тізбелеп айтатын болсақ, 71 тонна ет, 12 тонна сүт өнімдері, 6 тонна балық, 4 тоннаға жуық қымыз, 450 тонна картоп, 250 тонна көкөніс, 8 тонна шұжық бас қала жұртына ұсынылды.

Ал Орталық алаңға кіре берісте қарағандылық өнерпаздар ән мен күйді шалқытуда. Алаң ортасында осы өңірден келген аудандар қымыз және бауырсақ фестивальдерін ұйымдастырып, жәрмеңкеге келгендерді дәммен сыйлауда. Біз осы маңға барғанда атағы алысқа кеткен «Тоқырауын толқыны» ансамблі «Ақтоғай – алтын бесігім» әнін шырқап қоя берді.

Оны естіген бойда әннің шығу тарихы еске түсті. Талантты композитор, марқұм Дәртай Сәдуақасовтың кезінде аталмыш ансамбль шын дәуірлеген еді. Аудан гимніне айналған әнді Дәртай аға өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында жазды. Оның тарихының өзі қызық. Композитор аудан басынан ол кездегі жас ақын Абзал Бөкенді жолықтырып қалады. Содан «осындай әнге өлең жазасың» деген талап қояды. Ақынның оған батылы бара қоймайды. Алайда алдында аға тұрған соң, амал жоқ соңынан ереді. Композитор ақынды аудандық Мәдениет үйінің бір бөлмесіне қамап қойып, «әнге сөз жазғанша шықпайсың» дейді. Ән осылай дүниеге келіп, кешегі де, бүгінгі ұрпақты да тербетіп келеді. Күйші, музыка зерттеушісі Жанғали Жүзбайдың: «Абзал ақынның шығармашылығы өз алдына, ал осы әнге сөз жазумен оның аты тарихта сөзсіз қалады» дейтіні де содан.

ak-torgay-10-2015-2

АРНАУДЫ АМАНЖОЛ АЙТҚАНДАЙ

Осындай естелікті санамызда жаңғыртып тұрғанымызда, сахна жақтан таныс мақам естілді. Шыны керек, алаңға белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев келіп қалып, кезекті арнауын айтып жатыр ма деп ойладық. Анықтап қарағанымызда Аманжолдың айтуымен құлағымызға сіңген мақамға басқа жігіттің салғанына көз жеткіздік.

Аманжол демекші, оның туған жері Жаңаарқа ауданының қымызы осы Астанада үлкен сұранысқа ие. Іздеген адам оны елордадан табады. Десек те, астаналықтар жәрмеңкеде оны арадағы делдалдарсыз сатып ала алады.

«ЖЫЛҚЫНЫҢ ЕТІ ВО!»

«Қарағандының еті-ай!» деп тамсанатын талай адамды да көріп жүрміз. Осы жәрмеңкеде жылқы еті 1250 теңгеден, сиыр еті 1100 теңгеден, ал қой еті 1050 теңгеден саудалануда. Ал қазы – 1500 теңге, қарта – 900 теңге, жал-жая  – 1400 теңге тұрады. Етті жұрт мүше-мүше етіп алып та кетіп жатыр. Мәселен, «Конгресс-холл» аялдамасының жанына барғанымызда екі әжейдің шүйіркелесіп қалғанын көрдік. Біреуі керегін алып, үйіне кетіп бара жатыр, екіншісінің, керісінше, жәрмеңкеге енді келген беті екен. Біріншісі: «Алаңның ана бір шетіне барсаң жылқы етін сатып ала аласың. Еті во!» деп, бас бармағын көрсетті. Екіншісі болса: «Мен сұйық май алуға келіп едім» деп, әрі қарай аяңдап басып кетті.

Қарағандыдан келген қолөнер шеберлері мен саятшылар да бұл жәрмеңкеде жүр. Мысалы, жазда Астана күні мерекесінде өзіміз жолықтырған бүркітші қыз Мақпал Әбдіразақты қайта көрдік. Шахтинск қаласында тұратын шебер Кәрім Ермек осыдан он жыл бұрын Қытайдан атамекенге оралды. Әртүрлі кәсіппен айналысып, осыдан үш-төрт жыл бұрын атамұра өнерді қолға алды. Ағаштан түрлі ыдыстарды, ат әбзелдерін, домбыра, қобыз сияқты ұлтымыздың ұлттық музыка аспаптарын жасайды. Соның біразын Астанаға сатуға әкеліпті.

img_9625

АРЗАН БАЛ АЛЫҢЫЗДАР

«Хан шатыр»  сауда-ойын-сауық орталығы маңында өтіп жатқан  шығысқазақстандықтардың жәрмеңкесін Астана әкімі Әсет Исекешев аралады. Сәттілік жар болып, күні кеше ғана тағы бір Олимпиада жүлдесіне қол жеткізген жеңілатлетші Ольга Рыпакова жерлестерін қолдауға келді.

Елордаға 300 тоннадан астам өнім әкелген шығысқазақстандықтардың саудасы да бар сән-салтанатымен өтуде. Әсіресе, шығыстың бренді саналатын балға жұрттың сұранысы үлкен болып отырғанын байқадық. Оның литрінің ең төмен бағасы 900 теңгеден саудалануда. Тұтынушылардың бәрі болмаса да балды сатып алып жатқан халық көп. Соның бірі өзін Қамария Байшолақова деп таныстырған апай болды. «Өзім Күршім ауданының тумасымын. Жерлестерім болған соң жәрмеңкеге арнайы келдім. Керек азық түлікті де сатып алдым. Балды 1000 теңгеден, етті қазысымен бірге 1600 теңгеден сатты» деді апай.

Жол қашық болған соң ба, бұл жерде қазы мен қарта, жал мен жая Орталық алаң жақтаға қарағанда едәуір қымбаттау екен. Мәселен, қазы 2200 теңгеден, қарта 1300-1500 теңгеден, жал-жая 2000 теңгеден сатылуда.

ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ ШЫҒЫСТА ДА ӨСІРІЛЕДІ

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Саржал ауылының қымызы туралы көп естіген едік. Жидебайға жол түскенде оны татқанымыз да бар.  Бұл қымыз да осы жерден табылады.

Қауын-қарбыз еліміздің оңтүстік өңірлерінде ғана өседі деген түсінік санамызда қалыптасқан. Шығыс Қазақстанда да оны өсіруді кәсіп етіп алғандар бар екен. Қарбыз шаруашылығы Үржар ауданында қолға алыныпты. «Астанаға Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Елтай ауылынан қарбыз әкелдік. Оны егуді осыдан 7 жыл бұрын бастадық. Қазір жақсы өнім алып жүрміз» деген Бағлан Көлбаев есімді жігіт оның келісі 50 теңгеден саудаланып отырғанын жеткізді. Ал қауынды Ұлан ауданының жігіттері келісін 100 теңгеден сатып жатыр.

Қос облыс жәрмеңкесінің қызықтары әлі де көп. Оларды бүгін көріп үлгермесеңіздер, ертең де күндеріңіз бар.\

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button