Руханият

Тәуелсіздік тудырған әндер: Талғам мен толғам

Осыдан он бес жыл бұрын әнұранымызға айналған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін айтпағанда, Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері неге өміршең? Егемен ел атанғанымыздан бері қарай, кейінгі отыз жылда ұлттың рухын көтеретін, елдікке үндейтін қандай әндер туды? Олар халықтың жүрегінен берік орын алды ма? Жалпы қазіргі патриоттық әндердің сапасы мен насихаты қандай? Балалар мен жасөспірімдер қандай әндерді шырқап жүр? Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастырған «Тәуелсіздік таңындағы патриоттық әндер» тақырыбындағы дөңгелек үстел мәжілісіне қатысқан композиторлар, ақындар мен әншілер, БАҚ өкілдері осы тараптағы өз ойларын ортаға салды.

ЖАС КОМПОЗИТОРЛАРҒА ТАПСЫРМА

– Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди сынды композиторлардың әндері арада қаншама уақыт өтсе де, өз құндылығын жоғалтпай, айтылып келе жатыр. Олардан кейінгі буын – Еркеғали Рахмадиев, Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиевтің әндері қандай! Қазіргі таңда да патриоттық әндер жоқ деп айтуға болмайды. Олар бар, бірақ сапасы, орындалу деңгейіне келгенде бірқатар мәселелер туып жатыр. Патриоттық әндердің қоғамда алатын маңызы зор. Өйткені жас ұрпақты тәрбиелеуге осындай туындылар үлкен үлес қосады, – деді Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Серік Әбдінұров.Кеңес заманында патриот­тық әндерді тапсырыспен жаздыру дәстүрі болды. Төрағаның айтуынша, таяуда Композиторлар одағында бұл дәстүрді жаңғырту мақсатында бір басқосу ұйымдас­тырылып, жас композиторларға тиісті тапсырма берілді. Оның да өзіндік себептері бар болып шықты.
– Балабақшалар мен мектептерді аралағанымызда балаларымыз айтып жүрген әндердің басым бөлігі орыс тілінде және кеңес заманында туған туындылар екеніне көз жеткіздік. Мұның мәнісін сұрағанымызда, Наурыз мерекесі, Тәуелсіздік күні, басқа да мемлекеттік мерекелерге қатысты қазақ әндері өте аз екені айтылды. Соған байланысты кейінгі шыққан патриоттық әндерді жинақтап, үлкен жинақ шығарайын деп жатырмыз, – деді композитор.
Оның пікірінше, жақсы әндерді тудыру үшін композиторлар мен ақындардың басқосуын өткізу керек. Ол осы ұсынысты дөңгелек үстелге қатысқан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлына айтты.
– Кезінде Еркеғали Рахмадиев күллі композиторларды жинап, Жазушылар одағына ертіп барған екен. Онда шығармашылық иелері бір-бірімен танысып, соның арқасында тамаша шығармалар дүниеге келді. Бұл дәстүрді жаңғыртуымыз керек, – деді Композиторлар одағының төрағасы.МӘНСІЗ  МӘТІН НЕГЕ ЖАЗЫЛАДЫ?

Д.Кәпұлы қазіргі композиторлар мен ақындар тізе қосып, жұмыс істеу керектігімен келісіп, бұл ұсынысты құп алды. Соның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арнап жазылатын әндерге үлкен көңіл бөлу керектігін айтты. Қазіргі ән мәтіндерінің сапасына, шығармашылық иелерінің жауапкершілігіне, тыңдармандар талғамына қатысты өз ойын жеткізді.
– Бодандық психологиясы руханиятымыздың кез келген саласынан арылған жоқ. Қазір «азат», «егемен», «тәуелсіз» деген сөздерді барлық жерге тықпалаймыз. Шығарма патриоттық мағынада болса, арасында бұл сөздер міндетті түрде жүреді. Сөйтіп бодандықтан босағанымызды қайта-қайта есімізге сала береміз. «Қазақ» деген сөз «азат», «егемен» сөздерінің синонимі болуы керек. Мұны әнге сөз жазатын ақындар естерінде ұстауы тиіс, – деді Д.Кәпұлы.
Оның пікірінше, қазіргі тыңдарманның талғамын шығармашылық иелерінің өздері түсіріп алып, өздері сол деңгейге түсіп кетті.
– Әуен өлеңнің көлеңкесі болуы керек еді. Ал қазіргі сазгерлер неше түрлі ырғақпен ән шығарып, сөз жазып берші деп өтініш айтады. Сонда мәтінде «а», «ә» деген ашық дыбыстар болсын деген талап қояды. Соның өзі жазылатын туындының сапасын түсіріп алады. Сосын ақындар мәтінді тым жеңілдетіп жібереді. Ауызекі тілде жаза салады. Қазіргі қазақ қоғамы кітап оқудан қалғаннан кейін, көркем әдебиет насихатталмаған соң, ойлау жүйеміздің өзінде көркемдік төмендеп кетті. Кез келген ақын мен композитор өзінің биігін ұстап тұрып, тыңдарманды өзіне тартуы керек еді. Бірақ олай болмай жатыр. Сол себептен құлдырап бара жатырмыз. Бұл үлкен қасіретке әкеле жатыр, – деді ақын.

ЖАҚСЫ КОНТЕНТ ЖЕТПЕЙ ЖАТЫР

Радиоэфирді патриоттық әндермен толтыру, оларды насихаттау жағынан да мәселелер бар екен. Бұл тараптағы жағдаймен «Қазақ», «Шалқар», «Астана» және «Классик» радиоларын біріктіретін «Қазақ ­радиолары» ЖШС директоры Ернұр Бурахан таныстырды.
– Қазір эфирімізден беріліп жатқан патриоттық әндердің тең жартысын тәуелсіздігімізді алғанға дейін шыққан туындылар құрайды. Сондықтан бұл жағынан бізде де мұқтаждық, қажеттілік бар. ­Патриоттық әндер күніне эфирдің 1 пайызын ғана алады. Осы жағдай сұранысты қанағаттандырады деп айта алмаймыз. Бұл үшін жақсы контент керек. Әрине, жақсы патриот­тық әндер бар. Бірақ олардың дені ауыл-аймақ, тіпті рулық деңгейден аспай қалған. Осыған келгенде қиналамыз. Бізде көркемдік кеңес бар. Көп әндер содан өтпей қалып жатады. Бірақ ауызды қу шөппен сүртіп отырған жоқпыз. «Ұлы дала дауысы», әскери әндерге қатысты және балаларға арналған «Тайжарыс» атты байқауларды ұйымдастырып тұрамыз. Соның ішінде үздік, құнды деген туындылар кездессе, «Алтын қорға» енгізіп отырамыз. Мұның сыртында «Туған жер әуендері» атты бағдарламамыз бар, – деді Е.Бурахан.РЕПЕРТУАРДЫ БАЛАБАҚШАДАН ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕРЕК

Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова осы күнге дейін бірнеше концерт ұйымдастырды. Қазір өзі ашқан өнер мектебінде жеткіншектерді әнге баулып келе жатыр. Ол да бүгіндері балаларға арналған әндер, соның ішінде патриоттық туындылар аз екенін айтады.
– Кезінде шыққан Латиф Хамидидің «Отан», Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері – ғасырдан-ғасырға баратын туындылар. Қазір патриоттық әндерді жазатын композиторлар жоқ деп айтуға болмайды. Саусақпен санарлық болса да, бар. Мәселен, «Алашұлы» тобын көкке көтерген жас әнші әрі композитор Ұшқын Жамалбек, «МузАрт» тобының музыкалық жетекшісі Арман Бексұлтан. Халық Ризабектің «Қазақ елі» әнін мектебімізде айтамыз. Бұл туындыны елорда филармониясының әншісі Арайлым Рахымқызы да орындайды. Жалпы жақсы ән өлмейді. Әрине, нашар туындылар уақыт өте келе қалады, – деді М.Ілиясова.
Оның айтуынша, бұрын әншілердің Композиторлар одағымен байланысы нашар еді. Әншілер өз шаруасымен, композиторлар өз жұмыстарымен жүріп, бастары қосылмайтын. Қазір жағдай түзелді. Енді бірлесіп, туындап жатқан мәселелерді шешу керек.
Бүгінгі балалар жасына келмейтін әндерді көп айтады деп сынап жатамыз. Танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова осы жағына назар аударды.
– Біз мектепте оқығанымызда махаббат туралы ән айтқызбайтын. Сол уақытта бала елін, жерін сүйсін, ата-анасын сыйласын деген мақсат болып, осы бағыттардағы әндерді үйрететін. Мысалы, мен бала кезімде «Менің Қазақстаным» әнімен талай конкурстарға қатыстым. Қазір кім не айтқысы келсе, соны айта береді. Расымен де тыңдарман талғамын төмендетіп алып, жеңіл әндерге әуес болып кеттік. «Отырар сазы» оркестрінде он жылдай жұмыс істедім. Сол кезде үнемі «Кең далам», «Туған жер», «Өз елім» әндерін шырқайтынмын. Репертуарымда қаншама патриоттық ән бар. Солардың ішінде Сейдолла Бәйтерековтің «Сарыарқа» секілді бірді-екілі әндері ғана радио­дан беріліп жатады. Қалғандары берілмейді. Мәселен, тамаша жас композитор Әліби Әбдінұровтың «Киелі Отан» әні жылына бір рет берілсе беріледі, болмаса ол да жоқ, – деді Б.Сәмединова.
Мәдениет және спорт министрлігі «Елім менің» және «Тәуелсіздік толғауы» атты патриоттық әндер байқауларын өткізіп тұрады. Алайда ашығын айтқанда осы конкурстарда жүлде алған туындыларды ести қоймаймыз. Мұны белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева айтты.
– Патриоттық әндерге насихат жетіспей жатыр. Тиісті байқаулардың өтетіні жайлы да жұрт естімей қалып жатады. Сол себептен көрермендер өте аз жиналады. Мемлекет осы жағын қолға алуы керек. Қазіргі жастардың талғамы да өзгерді. Көбісі «Q-pop» бағытына бет бұрып кетті. Радиолар мен телеарналар осы бағыттағы әндерді көп береді. Бұл жағын көркемдік кеңес реттеуі тиіс. Балабақшадан бастап айтылатын әндердің ­репер­туарын қалып­тас­тыру керек, – деді әнші.САЗГЕРГЕ СӨЗ РУХ БЕРЕДІ

Ақын, әнші, сазгер Қанат Жүнісов­­тің пікірінше, жақсы әнді тудыруға белгілі бір жағдай немесе оқиға себеп болуы керек. Сосын мәтін де сапалы болуы тиіс.
– Ақын Алмас Ахметбекұлының өлеңіне жазылған «Көк тудың желбірегені» әнін барлықтарыңыз білесіздер. Бұл өлең 1992 жылы жазылды. Ақынның бұл туралы естелігін оқыған едім. Оған Ермұрат Зейіпхан ән жазды. Алғашқы орындаушысы Майра Мұхамедқызы болуы керек. Патриоттық әндерге менің өз көзқарасым бар. Алдымен өлеңі жазылуы керек деп есептеймін. Ермұрат Зейіпханға да рух берген сол сөз, – деді Қ.Жүнісов.
Ақын Серікзат Дүйсенғазиннің ойынша, мәселе идеологияға келіп тіреледі. Көтерілген мәселелер сол орында қалмай, тиісті жауапты органдардың құлағына жетуі тиіс. Бір айта кетерлігі, аталмыш басқосуға Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері шақырылған. Алайда олар белгілі бір себептермен келмей қалды.
– Кеңес заманында бәріміз «Батыр бала Болатбекті», «Ақ көгершінді», «Ананың тілін» айтатынбыз. Қазір кім кімге белгілі бір туындыны айтуға міндеттеп отыр? – деді ақын.
Оның пікіріне үн қосқан әнші, композитор Кентау Назарбек
Еуропаға көп еліктеп кеткенімізді айтты. Балаларға арналған әндерге келгенде Мәдениет және спорт министрлігі ғана емес, Білім және ғылым министр­лігі де жауапты болуы керектігін айтып өтті. Әннің бағын ашатын әнші екеніне назар аударды.
– Мысалы, «Көк тудың желбірегені» әнін Ибрагим Ескендірге дейін қаншама әнші айтты. Бірақ Ибрагимдей ешкім жеткізе алған жоқ. Менің ойымша да, ән сөзге жазылуы керек. Ақын алдымен мәтінді жазып, композитор соған сай келетін ән тудыру қажет. Әнді өңдеуге де көңіл бөлген жөн. Ауыл халқы «Қазақстан» ұлттық арнасын көреді. Ал менің байқауымша, бұл телеарнаға ортақол әндер көп шығып жатыр. Сондықтан да талғамды төмендетіп алдық деп ойлаймын, – деді К.Назарбек.

ӘСКЕРИ ӘНДЕРДІ КӨБЕЙТУ ҚАЖЕТ

Әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Салықовтың пікірі де көңіл қоярлық.
– 2000 жылдан бері әскери қызметкермін. Ұлттық ұланда, Президент оркестрінде қызмет істеймін. Алғашқы келгенімде жауынгерлер сап түзеп, ән айтатынын көрдім. Сол кезде әндердің 80 пайызы махаббат туралы екенін байқадым. «Көш жүре түзеледі» демекші, кейіннен жағдай түзелді. Бірақ сонда да қазір әскери әндерді көбейтуіміз керек. Ал балаларға арналған әндер неге аз десек, оларға әдеби шығарма да, ән де жазу өте қиын. Баланың жандүниесін тап басу – күрделі дүние. Бұл жұмыс үлкен жауапкершілікті қажет етеді, – деді М.Салықов.

БАЛАЛАР РАДИОСЫ АШЫЛСА…

Дөңгелек үстел мәжілісін Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры Ерлан Дәкенов түйіндеді.
– Балалар әні мәселесіне келгенде, «Ақ көгершін», «Қошақаным», «Әрқашан күн сөнбесін» секілді баяғы әндерден кейін қандай әндер шықты? Бізде балалар репертуары қалыптасқан жоқ. Қазақ радиосы жанынан «Балапан» телеарнасы сияқты балалар радиосын ашсақ, сонда бала бағдарлама жүргізуді де, ән айтуды да үйренеді. Бұл үлкен тәрбие болар еді. Балабақшаларға хабар жіберіліп, балдырғандар арасында байқау ұйымдастырылса, сонда тамаша болар еді. Осы іс республикалық деңгейде қолға алынса, ата-ана да қуанады, балалардың сөздік қоры толығып, олар дұрыс, шешен сөйлеуді үйренеді, – деді Е.Дәкенов.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button