Қоғам

Тарихи күн тағылымы

Әкім ЫСҚАҚ, ҚР Парламенті Мәжілісінің
1-шақырылымының депутаты,
қоғам қайраткері

   Ақмолаға алғаш келген сәтіміз әлі күнге есімде, бәрі тура кешегідей сияқты. Ұлы көшке еріп, 1997 жылы желтоқсанның 8-і күні пойызбен Алматыдан шықтық, 9-ы осында вокзалдан түстік. Шынын айту керек, бізді мамыражай мезгіл күтіп тұрмағанын білсек те, мұндай боран, қатты аяз бар деп ойламасақ керек. Бізді болашақ астанамыз өте суық қарсы алды. Сол жылдары Ақмола облысының әкімі болып тұрған Жәнібек Кәрібжанов шағын митингі өткізді де, жылдамдатып автобустарға отыруымызды өтінді. Содан бізді «Турист» қонақ үйіне әкелді. Бас қаладағы бастапқы баспанамыз осы жер болды. Бірақ күннің суығынан бетер адамдарының суықтығы бізді одан сайын шошытқанын да жасыра алмаймын. Суықтығы туған тілінде емес, орыс тілінде шүлдірлеуімен сезілген бір қыз бізді қонақүйге орналастырды. Ол қалалық Жастар комитетінен екен. Әрине, оның бұлай басқа тілде сөйлеуі бәрімізге ұнаған жоқ. Қасымда Ақтөбеден сайланған Мәжіліс депутаты Төлеген Қуаныш бар еді, ол да жақтыра қоймаса керек лифтіге мінген кезде: «Қарындас, атыңыз кім болады?», деген еді, «Это не объязательно» деп тарс еткен жауап алды. Сосын мен де қарап қалмадым: «Айналайын, қарындасым, қазақша білесің бе өзің? Келгелі бері орысша сөйлеп жатырсың» деп едім, үндемей төмен қарады. «Теперь это объязательно!» деп қосып қойдым. Сосын келесі күні таңертең астына түсіп, дүңгіршектен газет алайын деп келсем, бірде-бір қазақша газет жоқ. Ішімнен «Құдай ақырын берсін!» деп өзімді тыныштандырдым. Тіпті сатпақ түгілі осы елде шығатын қазақ тіліндегі газеттерді білмейді, неге бұлай екенін сұрасаң, қазақ газеттерін ешкім алмайды, керек емес деп шоршып түсті. Ең болмаса «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Жас Алаш», «Қазақ Әдебиеті», «Қазақ елі» сияқты республикалық газеттердің ешқайсысын білмейді. Өңкей «Спид-инфодан» басталған Ресейдің газеттерін толтырып қойған. Бүкіл қала бойынша солай. Көлікке отырып, оншақты дүңгіршектерді араладым, бәрінде де осы бір көрініс! Сөйтіп оны кейін өзім қолға алдым, тиісті жерлерге хабарласып, қайта-қайта талап етіп жүріп, қазақ газеттерін қала дүңгіршектеріне алдырттым. Соның өзінде таңертең ерте барып, кезекке тұрып алмасаң, газет жетпей қалатын. Өйткені депуттардан артылмайтын.

10-желтоқсанда таңертең Елбасы өзінің резиденциясына бәрімізді жинап, бірлескен мәлімдеме жасады. Ол мәлімдемеде Президент, Үкімет, Парламент бірігіп, Ақмола қаласын ҚР-ның астанасы деп жариялады. Әлі күнге дейін есімде, бір үлкен папка беріп, соған бәріміз қол қойғанбыз.  Әрине, бәріміз де бойымызда, жүрегімізде патриоттық сезімі бар азаматтармыз, бірақ сондай суық жерге келгеніміз жанымызға бататын. Тіпті арасында түбі қайтадан Алматыға көшетін шығармыз деген де ойлар келетін. Себебі мынадай аязды жерде тұру оңай емес шығар деп ойлайтынбыз. Парламентте жөндеу жұмыстары көпке дейін бітпей жатты. Біраз уақыт өткесін кабинеттерді бөлді. Жиі-жиі іс сапарға шығып тұрдық, сол кезде Ақмоладан тезірек кетуге бәріміз де асығатынбыз. Түтек боран кезінде кейде тіпті өзіміз тұратын «Туризм» қонақ үйінен парламентке жету үшін көлік шақыратынбыз. Құлағымыз бен бетіміз үсіген кездер де болды. Бірақ кейін бәрі қалыпқа келді, суығына да үйрендік. Күн де жылынды. Астана – нағыз Қазақстан Республикасының  астанасы деген атқа лайықты болып өзгерді, өсті, дамыды. Қазір мен елорданы өте жақсы көрем, оны жақсы көрмеу мүмкін емес. Мұнда балаларым өсіп жетілді. Олар осында отбасылы болып, немерелерім дүниеге келді. Сондықтан  мен үшін қазір әлемдегі ең қымбат қала – Нұр-Сұлтан.

Астананың мен үшін тағы өте қымбат болатыны арада үш күн өткен соң бір жыл бойы талқыға түскен, Үкіметпен «шайқаса» жүріп дайындаған және өзіне балама ұсынған, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобама Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 13 желтоқсан 1997 жылы осы елордада қол қойып, өз Жарлығымен Қазақстан Республикасының заңы деп жариялады. Бүкіл теледидар, баспасөз бөркін аспанға лақтырып, сүйінші сұраған, шеттен келген ағайындардан, зиялы қауым өкілдерінен, шет елдердегі қазақтардан жүздеген құттықтаулар алғаным есімде! Бұл тек Парламенттің ғана емес, Астана тарихындағы алғашқы айтулы оқиға болғаны сөзсіз. Әрі бұл мен үшін зор мақтаныш еді, сол күні елорда қанша суық болса да, маған ыстық болып көрінді.

  Ал Ақмоланы астана етудің маңызына келсек, әрине мұның астарында  осы жақты қазақиландыру, тәуелсіздікті нығайту идеялары тұрды. Себебі осында алғаш келген кезде күн де суық, әрі осындағы қазақтар да суық қарайтын. Қазақша сұрасақ, орысша жауап беретін, кейде мүлдем жауап бермейтін. Оның үстіне солтүстік жақ жақын. Кезінде солтүстік өңірлерді бөтенге беру туралы әңгіме де болғаны рас. Міне, осы саяси мәселе елорданы оңтүстіктен солтүсттікке көшіруге негіз болды деп ойлаймын. Содан бері елорда көп қазақиланды. Бұрын бір ғана қазақ мектебі болса, қазір тәуба, құдайға шүкір, бәрі де оңынан оралды.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button