Sport

Текетірес төрінде – пиренейлік дерби



B тобы: Португалия. Испания. Марокко. Иран

Топтағы талассыз фаворит болып табылатын Пиреней түбегінен шыққан екі құрама – Португалия мен Испания дербиі бірінші турда-ақ шын мәнінде кімнің күшті екенін анықтауға тиіс. Бір аймақтағы екі жасақ арасындағы текетіресте испандардың басым көрінетіні де рас. Бұл үшін олардың өз визавиін 2010 жылы әлем чемпионатында, 2012 жылы Еуропа біріншілігінде жолдан шығарып тастағанын айтсақ та жеткілікті. Енді Криштиану мен оның командасы есе қайтаруға барын салуға тиіс.

Португалия құрамасы

Португалдар 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сайысында исландтармен, австриялықтармен, венгірлермен өткізген үш ойынын да тең аяқтап, доп айырымына (4:4) байланысты үшінші орынмен келесі кезеңге өтті. Ең қызықтысы, олар жартылай финалда бір ғана команданы – Уэльсті негізгі уақытта 2:0 етіп жеңіп, ақырында чемпион атанды. Ал финалда алаң иелері – француздарды 109-минуттағы Эдердің голымен ұтты.
Команда 1/8 финалда хорваттарды 1:0 етіп ұту үшін қосымша уақытты керек етті. Бұдан кейін 1/4 финалда Польшамен 1:1 есебімен тең түсіп, матчтан кейінгі пенальти сериясында 5:3 етіп жеңіп алға шықты.
Біріншілікте Криштиану Роналду 9 кездесуде 15 гол салып, мергендер көшінде екінші болды. Бірінші сатыға 10 матчта 16 доп салған германиялық Роберт Левандовски көтерілді.
Алдағы жаһандық жарыс португалдар үшін жетінші чемпионат болмақ. Португалия 1966 жылы әлемнің қола жүлдегері, 2016 жылы Еуропа чемпионы атанды.

Испания құрамасы

Испандар 2014 жылы әлем, 2016 жылы құрлық чемпионаттарында сәтсіздікке ұшырағаннан кейін қайтадан бұрынғыша комбинациялық стильге оралып, табысқа жете бастады. «Қызыл фурия» іріктеу жарысында 10 матчта 36 гол соғып, бар-жоғы 3 доп қана жіберіп алды.
Испания құрамасы футбол тарихындағы ресми ойындардағы жеңіліссіз матчтар сериясының рекордын да жасады. Ол 2010 жылдан 2013 жылға дейінгі қатарынан 29 матчта жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Осы уақыттарда команда жолдастық кездесулерде Аргентина, Португалия, Италия және Англия командаларына ғана есе жіберді.
Биылғы мундиаль испандардың 15-ші дүние жүзілік доп додасы болғалы тұр. Испания 2010 жылы әлем чемпионы, 1964, 2008, 2012 жылдары Еуропа, 1992 жылы Олимпиялық ойындардың чемпио­ны болды.

Марокко құрамасы

Африкалық арабтар шешуші топтық електік турнирді өте сақтықпен өткізді. Команда үш рет ұтып, үш мәрте тең ойнап, 11:0 деген доп айырымымен Кот-д’Ивуар, Габон және Мали құрамаларын артта қалдырды.
Марокко (Мағриб) құрамасы араға 20 жыл салып, мундиаль­ға қайтып оралып отыр. Бұл «Атлас арыстандарының» бесінші бәсекесі болмақ. Құрама 1976 жылы Африка Ұлттық кубогының иегері атанған.

Иран құрамасы

Парсы елінің жасағы Азия аймағындағы іріктеу циклін өте жақсы нәтижемен аяқтады. Ол турнирде бірде-бір рет жеңілген жоқ, өзін қорғанысы мықты, шабуылы өткір команда ретінде танытты.
Құрама іріктеу жарысында өз қақпасына доп өткізбеу жөнінен де рекорд жасады. Ол 1121 минут бойы дарбазасын «құрғақ» сақтады.
Парсылар бесінші әлем чемпионатында күш сынасқалы отыр. Соның ішінде қатарынан екінші рет мундиальға жолдама жеңіп алды.
Ирандықтар үш рет (1968, 1972, 1976) Азия Кубогының иегері болды.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button