Қала тіршілігі

Авторлық құқық қаншалықты қорғалады?

Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында отан­дық әуен авторлары мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселелері қаралды. 

ТИІСТІ СЫЙАҚЫ ТӨЛЕНБЕЙДІ

Жиынға кеңес мүшелері мен заңгерлер, қазақстандық авторлар қауымдастығының өкілдері, сонымен қатар, қазақ эстрадасының жұлдыздары Қыдырәлі Болманов пен Ерлан Көкеев қатысты. Мамандардың мәліметінше, еліміздегі мейрамхана, караоке-клуб және сауда-ойын-сауық орталықтары мен алаңдарда, жалпы көпшілік орындарда отандық 3,5 мың, ал шетелдік 4 миллионға жуық автордың әуені әуелейді. Бірақ әндері пайдаланылғанымен, қазақстандық авторларға тиісті деңгейде сыйақы төленбейтін көрінеді. Мәселен, сыйақы төлеу тіпті қаперінде болмаған қаладағы «LA STRADA» караоке-клубының қожайыны Данияр Кенкеновке 6 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Алайда бизнесін бастағанына көп бола қоймаған жас кәсіпкер сыйақы төлеу жөнінен мүлде бейхабар болғанын тілге тиек етіп, құзырлы органдардан айыппұл салу жөнінде алдын ала ескерту хаттың келмегенін айтады. Бұдан былай барлық талапты орындауға ниет танытқан клуб қожайыны иығына түскен ауыр жүкті жеңілдету жөнінде Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрауда. Бұл мәселе сарапшылар тарапынан қызу талқыға түсіп, кеңес мүшелері жас кәсіпкерге қолдау көрсететіндерін білдірді. Өз кезегінде сөз алған Ерлан Көкеев: «Мен де кәсіпкермін. Жеке мейрамхана бизнесін дөңгелетіп отырмын. Онда көптеген әндерді орындағаным үшін шетелдік және отандық авторларға заңға сәйкес сыйақысын міндетті түрде төлеймін. Бірақ түсінбейтінім, маған да неге солай төленбейді? Караоке-клубтарда, көпшілік орындарда көп жылдан бері біршама әндерім орындалып жүр ғой» дейді.
Бұл түйткілді талқылаған қаты­сушылар авторлардың құқығын қорғайтын комиссия құру керек деген ұсыныс айтты. Өз кезегінде кеңес мүшесі, экс-депутат Зейнолла Алшынбаев осыдан 10 жыл бұрын қабылданған «Авторлар құқығын қорғау» туралы Заңының қазіргі уақытта орындалу механизмі мәз емесін айта келіп, құзырлы органдар аталмыш мәселені қатаң бақылауға алып, олқылықтың орнын толтыру керектігін сөз етті. Осы орайда Әділет министрлігінің өкілі бұл заңға өзгерту мен ­ толықтыру енгізу қарастырылып жатқанын жеткізді.

КӘСІПКЕРГЕ КІМ КЕДЕРГІ?

Кеңес отырысында сонымен қатар елордадағы Жер­ұйық саябағынан орын тепкен «Balbala Land» ЖШС-тің иелігіндегі балаларға арналған кешен жұмысының белгіленген уақыттан бұрын тоқтатылу мәселесі де талқыланды. «Balbala Land» ЖШС құрылтайшысы, белгілі әнші Қыдырәлі Болманов мәселенің мән-жайын бүге-шігесіне дейін айтып берді. Оның айтуынша, Жерұйық саябағындағы бос жатқан 500 шаршы метр жерді жалға алу жөнінде өткен жылдың 1 мау­сымынан бастап биылғы 30 қыркүйекке дейін «Астана қаласы меншігіндегі коммуналдық қор» МКК-мен келісімшарт жасасқан. Нәтижесінде бірнеше ай көлемінде топырақты жерге алдымен инфрақұрылымдық жөндеу жүргізіп, одан кейін балаларға арналған кешен салған. Жалпы, бұл жұмысқа 100 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған екен. Алайда ағымдағы жылдың 10 сәуірінде «Астана қаласы меншігіндегі коммуналдық қор» МКК тарапынан келісімшартты бұзу туралы, жалға берілген жерді 30 күн ішінде босату керектігі жайлы ресми хат келген. Онымен қоса екі күннен соң «Balbala Land» ЖШС-тің иелігіндегі мүліктердің барлығын сол жерден көшіріп тастаған. «Бұл жерге біз тек қаржымызды ғана емес, қаншама алтын уақытымызды сарп етіп, жанымызды салдық. Қазақстанға тұңғыш рет сапалы этнобатут әкеліп, бүлдіршіндеріміздің өрісін кеңейту жолында жұмыстар жүргіздік. Жалға беру ақысы мен салықты да кешіктірмей төлеп тұрдық. Бірақ моральді және заңды тұрғыда құқығымыз тапталып отыр» деді Қ.Болманов. Алайда «Астана қаласы меншігін­дегі коммуналдық қор» МКК ма­мандарының өз уәжі бар. Саябақтағы бұл жердің Алматы ауданы әкімдігінің қарамағына қарайтынын айтқан мекеме басшысы Еркін Ерденбеков олардың міндеті тек демалыс орнына адамдарды шақыру екенін, ал «Balbala Land» ЖШС заттарының рұқсатсыз көшіріліп тасталуына өздерінің қатысы жоқ екенін айтып, ағынан жарылды. Қос тараптың пікірін тыңдаған кеңес мүшелері бұл даулы мәселеге нүкте қойып, кәсіпкердің құқы­ғын қорғау үшін «алдымен қыл­мыстық іс қозғап, кінәліні заң жүзінде жазалау керек» деген пікірлерін білдірді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button