Қала мен Сала

Телекоммуникация жобаларын жабдықтайды

«Digital System Servis» ЖШС компаниясы телекоммуникациялық нарықта 2005 жылдан бастап тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Осы кезең ішінде ол Mitel, Aastra, Ericsson, Advantech Wireless және т. б. сияқты жетекші әлемдік өндірушілермен табысты жұмыс істеп, өзін сенімді серіктес ретінде мойындатты.Компания телекоммуникация­лық жабдықтарды жобалауды, жеткізіп беруді, монтаждауды, кешенді интеграциялауды жүзеге асырады және өнімдерін пайдалануға береді. Бұл салада тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдік кәсіпорындарға да сервистік қызмет көрсетеді.
IT саласындағы аутсорсингті қамтитын телекоммуникациялық жобаларды әзірлейді және осы бағытта басқа да қызметтердің толық спектрін ұсынады.
– «Digital System Servis» ЖШС әрдайым дамуға және өзін-өзі жетілдіруге ұмтылады, ол толассыз даму үстінде, – деді кәсіпорын директоры Марат Мұсабеков. – Біз көрсететін қызметтердің барлығының сапасы жоғары болып табылады. Оған әлемдік деңгейдегі компаниялардың бізді серіктес ретінде мойындауы және атқарған жобаларымыздың табыстылығы кепіл.
Компания алғаш телекоммуникациялық жабдықтар мен оның бағдарламалық жасақтамасын әзірлей бастағанында ұйымда тек үш-ақ адам болған. Одан өндірісті өркендету және шығарылатын өнімдер көлемін ұлғайту мақсатында зауыт салу қажет болды. 2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының №1 индустриалды паркі аумағынан телекоммуникациялық жабдықтар –модемдер, коммутаторлар шығаратын зауыт құрылысына жер учаскесін бөлді. Дегенмен кәсіпорын қорындағы қаражат зауыт салуға және өндірісті әрі қарай дамытуға жеткілікті емес еді.
Кәсіпкер М.Мұсабеков бизнес­ке мемлекеттік қолдау алу үшін «Даму» қорының астаналық филиалына жүгінді. Қажетті құжаттар пакетін жинап, ойға алған ісіне бел шеше кірісті. Содан 3-4 айдың ішінде мемлекеттен бірнеше бағдарлама бойынша кешенді қолдау тапты. Зауыт құрылысын инвестициялауға 14,25 пайыз несие бөлінді, оның 40 пайызы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде субсидияланатын болды. Қалған бөлігін кәсіпкердің өзі төледі. Несие мерзімі – 5 жыл.
Несие алуға қойылатын кепіл мүліктің жеткіліксіздігіне байланысты «Даму» қоры оның 30 пайыз мөлшерін өз тарапынан кепілдендірді. Сондай-ақ мемлекеттің өңдеуші өнеркәсіпті қолдау бағдарламасы аясында өндірістік станоктарды жеңілдікпен сатып алуға 6 пайызбен қарыз берілді. Соның нәтижесінде 2018 жылдан бастап компания келесідей телекоммуникациялық жабдықтарды өндіруге кірісті: модемдер, коммутаторлар, телефон стансалары. 2019 жылы компания жинақтау­шыларды сатып алу үшін «Forte Bank» АҚ банкінен қосымша тағы несие алды.
Бүгінде «Digital System Servis» ЖШС-те 70-ке тарта адам жұмыс істейді. Мамандар Қазақстанның мақтаулы техникалық университеттерінен басқа, Ұлыбританияның, Мәскеудің жоғары оқу орындарында оқып келген. Зауыт айына 3 мың түрлі құрылғылар шығарады. Келер жылы жабдықтар санын айына 40 мыңға жеткізу жоспары бар.
– Оған кәсіпорын қуатының және мамандарымыздың біліктілігі толық жетеді. Зауыттың әлі де іске қосылмай жатқан өндірістік цехтары бар. Сол кезде жұмысшылар санын да арттыратын боламыз. Тіпті қазір де қосымша жұмыс қолына зәруміз. Әзірге зауытта жұмыс істеуге құлшынып отырған жастарды көп кездестіре қоймадық, – дейді Марат Мұратұлы.
Айта кетейік, компания қызметкерлерінің орташа жалақысы – 178 мың теңге. Жұмысшылар үшін екі жатақхана салынған. Қызметкерлер зауыт асханасынан тегін тамақтанады. Одан бөлек, 2-3 жылда озат мамандарға пәтер сыйлау дәстүрге айналған. Сондай-ақ жыл сайын шетелде демалып келуге 10 адамға тегін жолдама беріледі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button