Қала тіршілігі

ТIКЕНДI ДӨҢГЕЛЕК ЖОЛ ТОЗДЫРАДЫ

1354268820

Әлемде шегесі бар көлік дөңгелектерін пайдалану түрлі пікірталас тудыруда. Бұл – біздің елге, соның ішінде Астана қаласына да қатысты өзекті мәселе.

Күн суыта бастаса болды, елорда көліктерінің барлығы дөңгелегін қысқы түріне ауыстырады. Өйткені, жүргізушілердің пікірінше, тікенді дөңгелек салу көлікті сенімді жүргізіп, маневр жасауға, жол-көлік апаттарының алдын алуға септігін тигізеді. Сондықтан, мұндай көлік иелері машина жүргізу кезінде өзін сенімді ұстайды. Тіпті, жолдың қауіпті бөліктерінде де жылдамдықты арттырып бұрылыс жасайтындары бар. Алайда, жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлікті оқыс тежеу жол төсеміне үлкен нұқсан келтіретінін көбі біле бермейді. Бұл әлемде дәлелденген. Кейбір елдер мұндай дөңгелектерді қолдануға заң жүзінде тыйым салса, енді бірі жол төсемінің бұзылуына зиянын аз тигізетін жеңіл дөңгелектерді ғана пайдалануға рұқсат берген.

Дәл осы мәселеге қатысты мамандардың зерттеу жұмыстарының қорытындысына сүйенейік. Жол төсемінің тозуына тікелей әсер ететін тікенді дөңгелектер экологияға және адам денсаулығының нашарлауына да ықпалы зор. Норвегия ғалымдары мұндай дөңгелектер жол апатының алдын алуға ешқандай да септігін тигізе алмайтынын анықтаған. Олар дөңгелектің қысқы жол апаттарына әсерін байқау мақсатында арнаулы зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, шегелі және шегесіз дөңгелегі бар автокөліктері тудырған жол апаттарының үлес салмағында да ешқандай айырмашылық жоқ екенін көрсеткен.

Жол төсемінің сапасы шегесі бар көліктердің жылдамдығына тікелей байланысты. Егер автомобиль көлігі сағатына 70 шақырым жылдамдықпен жүретін болса, онда асфальт төсемінің тозу көрсеткіші 0,27 текше сантиметрге тең болады. 110 км/сағ.жылдамдық – сәйкесінше 0,78 см3-ге тең. Тежеу кезінде жолдың тозуы 4 есеге дейін ұлғаяды.

Жол бетінің тозу деңгейі суық мезгілде, яғни, нөл градустан төменгі температурада болатыны дәлелденген. Бұған, негізінен, көлік дөңгелегінің қыс мезгіліндегі қаттылығы мен жол төсемінің иілгіштік қасиетінің төмендеуі үлкен әсер етеді. Бұдан шығатын қорытынды: ауа райының төменгі температурасы кезінде тікенді дөңгелекті пайдалану тиімсіз. Тікенді дөңгелектер қар немесе мұзда қату нүктесіне жақын жерде ғана тиімді, ал төменгі температура кезінде ол өзінің барлық тарту күшін жоғалтады екен.

Жол сапасын қадағалайтын мамандардың айтуынша, жолдың беткі қабатының тозу деңгейі жол төсемінің күйіне, яғни, оның ылғалды немесе құрғақ болуына және бетінің қармен немесе мұзбен қапталуына да байланысты. Зерттеу жұмыстары көрсеткеніндей, беті қармен және мұзбен жабылған жол бетінің тозуы әлдеқайда төмен. Бұл айтпаса да белгілі. Дегенмен, ылғал асфальттың құрғақ асфальтпен салыстырғанда 2 есе тез тозатыны таң қалдырады.

Осы ретте тікенді дөңгелектің табиғат пен адам ағзасына тигізетін кері әсерін атап өткен жөн. Дөңгелек шегесі мен жол бетінің механикалық әрекеттесуінің нәтижесінде адам денсаулығына қауіп төндіретін «сейілмес тозаң» пайда болады. Жапон елінде жүргізілген бірнеше зерттеу­лер көрсеткеніндей, мұндай тозаң ауаға тікенді доңғалақтарды пайдаланған кезде ерекше көп бөлінеді. Ауаның ауыршаң-тозаңнан ластануына байланысты Жапонияда 1990-жылдардың басында-ақ тікенді дөңгелекті пайдалануға жаппай тыйым салған.

Сонымен қатар, тікенді дөңгелектер тудыратын шудың салдарынан қалада тыныштық бұзылып қана қоймай, көлік жанармайының шығыны15 пайызға дейін өсетіні дәлелденген. Бірақ, Астана жолдарын бүлдіретін тек тікенді дөңгелек қана емес. Жол төсемін тоздыруда үлкен әрі ауыр жүктерді тасуға арналған көліктер бірінші орында тұр.

Астананың бас жоспары бойынша қаланы одан әрі үлкейту көзделген. Қазіргі таңда елордада 1300 құрылыс объектісі тіркеуде тұр. Күн сайын құрылыс нысандарына қызмет көрсету үшін қала көшелерімен жүк көліктері толассыз жүріп жатады. Күніне бірнеше рейс жасайтын олар жол сапасына да орасан зақым келтіреді. Бұған қоса, жерасты сулары да Астанада топырақтың беткі қабатына жақын орналасқан. Астана жолдарын төсеу кезінде жердің геологиялық ерекшеліктері ескерілсе де, жерасты суларының жол төсеміне әсері сақталуда.

P.S. Жалпы, тікенді дөңгелектерді қолданыстан шығару жөнінде Кедендік Одақ аясындағы елдер де бір ұйғарымға келді. Нақтылай айтсақ, келесі жылдың басынан күшіне енетін Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінде доңғалақ жабынының тікенді түріне шектеу қоятын тармағы бар. Дегенмен, Қазақстан стандартизация және сертификация институтының жобаларды жетелеу бөлімінің бастығы Мирғали Омаровтың айтуынша, Қазақстанның Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде мұндай нормалар әзірге кірістіріле қойған жоқ.

Гүлмира Аймағанбет

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button