Жаңалықтар

Тіл мерейін тасытты

«Астана» концерт залында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Астананың 20 жылдығы аясында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Менің тілім – Ұлы дала рухы» атты ХХ қалалық тіл фестивалі өтті. Шара барысында мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүрген бірнеше мекемеге Астана әкімдігінің «TIL TUGYRY – 2018» марапаты тапсырылды.

– Қазір Астанада бір миллионнан астам халық тұрады. Оның 80-нен астам пайызы мемлекеттік тілде сөйлеп, жазады. Тәуелсіздігіміздің арқасында осыған жетіп отырмыз. Елордада қаншама ұлт бар. Англия, АҚШ-тың тілі ағылшын болса, біздің ортақ тіліміз – мемлекеттік тіл – қазақ тілі, – деді фестивальді ұйымдастырушы тарапынан қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.
Аталмыш басқарманың мәліметінше, осы жылы салалық мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындарына, жиыны 1500 адамға мемлекеттік тілді оқытудың тегін курстары жүргізіліп жатыр. Биыл 100-ден астам мемлекеттік қызметкер ағылшын тілі курстарынан өтті. Бүгіндері Астанада 1054 көшеге атаулар берілді. Жалпы 1997 жылдан 853 көшенің атауы ауыстырылды.
Үстіміздегі жылы басқарма жанынан құрылған еріктілер тобы «Тілге қолдау» жұмыс тобымен бірлесіп, «Сауатты жарнама – қала көркі» акциясы шеңберіңде 14 даңғылға, 85 көшеге рейд жүргізді. Қорытындысында заңға сәйкес келмейтін 300-ден астам жарнама алынып тасталып, түзетілмеген 60-тан аса сыртқы жарнама бойынша тиісті орындарға хат жолданды. Жалпы 2018 жылы 2 мыңнан астам жоба эскиздері сараптамадан өтіп, оның 800-ге жуығы түзетілді.
Әлеуметтік зерттеу осы жылы Астанада мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 89 пайызға жеткенін көрсетті. Қазақ тілін меңгерген өзге этностардың үлесі 27 пайызды құрады. Жауап берушілердің 95 пайызы өзара қатынас тілі ретінде қазақ тілін таңдады.
«TIL TUGYRY – 2018» марапатымен республикалық «ҚазБілім» орталығы, Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің орталық-клиникалық госпиталі, Астананың Статистика департаменті, «Qazaq Gourmet» мейрамханасы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі, «Бақорда» медиа тобы, көлік және коммуникация колледжі марапатталды.
Салтанатты шарада Төреғали Төреәлі, Әсем Омар, Нина Моисеева, Татьяна Ким сынды әншілер, «Алашұлы» тобы, «Сарыарқа» халық музыка ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі жиналған қауымның көңілін көтерді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button