Қала мен Сала

Тілектестің бригадасы

Елорданың Байқоңыр ауданында Өндіріс деп аталатын үлкен тұрғын алабы бар. Аты айтып тұрғандай, қаланың бұл бөлігінде ірі өндірістік кәсіпорындар орналасқан. Вагон жөндеу зауыты, Локомотив депосы, ЖЭО орталықтары, басқа да көптеген өндіріс орындары орналасқан.

Өндірісте тұрғындар саны да кейінгі жылдары күрт өсті, соңғы мәлімет бойынша 50 мыңнан асып жығылады. Бүгінгі әңгіменің өзегі өркендеп дамып келе жатқан Астанамыздың шет аймағының тіршілігі туралы болмақ. Соның ішінде қала шаруашылығының бел ортасында жүрген шағын ұйымның атқарып жатқан жұмысын көрсету еді. Бұл ұйымның аты – «Тілектестің бригадасы». Олар көшелерді тазалау мен көгалдандыру жұмысымен айналысатын «Керемет» ЖШС қарамағына кіреді. Шағын бригаданың кұрамы – 8 адам. Алтауы – ер азамат, екеуі – нәзік жандар. Барлығы дерлік немере сүйген жасқа келгендер, арасында зейнетке шығуға жақындап қалғандары да бар. Бұл жерде айқындап айтатын бір ерекшелік – бұл бригада жаман әдеттен мүлдем алшақ, темекі тартпайды,  ішімдік ішпейді. Атқаратын жұмыстары – көшенің тазалығын ұстау, сонымен қатар мезгілдік көгалдандыру жұмысын жүргізу. Олардың қарамағында – 20 аялдама, 2 мектеп, 2 балабақша, 20 шақырымнан артық жаяу жүргіншілер тротуары. Қыстың қақаған аязында, ақтүтек боранында, жаздың аптап ыстығында, күздің қара суығында, көктемнің жауынды-шашынды кездерінде бірқалыпта жұмыс істей береді. Жұмыстары жазда таңғы 6-да, қыста 7-де басталады. Түскі үзіліс 3 сағат, содан кешкі 7-8 ге дейін, көше бойлап, квартал аралап тазалау жұмыстарын жүргізеді. Жиған қоқыстарды «Керемет» ЖШС бөлген жүк көлікке экскаватормен артып, полигонға жөнелтіп отырады. Осы бір қарағанда қарапайым жұмыс сияқты болып көрінгенімен, тереңірек үңілсек, маңдай тер төгілген, шыжығы бастан асатын жұмыстың өзі.

Бригадир Тілектес Тленованың жұмысты дұрыс ұйымдастыруының арқасында белгіленген көше аумақтары әрдайым тап-таза болып тұрады. Тілектес Нұрқасқызының мінезі қалыптасқан, еңбек тәжірибесі мол азаматша. Ол – өз бригадасына қамқор бола білген, әр мүшесінің жағдайын біліп, көмегін беріп риза қылып жүрген басшы. Өз адамдарының қай поликлиникада тіркелгенін, балаларының қай мектепте оқитынын, қандай автобуспен жұмысқа келіп-кететініне дейін біліп отырады. Айлығын, басқа да материалдық көмекті уақытында бергізуді қадағалайды. Оның тағы бір мінезі, аудан көлеміндегі дұрыс жүрмей жатқан мәселелерді ашық, әділ сөзбен әкімге, өңірден сайланған депутатқа жеткізіп, міндеттердің орындалуын қадағалап жүреді. Мысалы, былтыр салынған №23 мектепте салынған  қосымша бөліктің дұрыс аяқталмағанын, қағаз жүзінде қабылданбағанын қала әкіміне дейін жеткізіп, қазір жақсы нәтижеге жеткізгенін көзіміз көрді. Аудан әкіміне бұрынғы 6-училище болған 3 қабатты ғимаратты бос қаңырап тұрғанша, неге емханаға айналдырмасқа деп мәселе көтеріп жүр. Дәл солай пошта бөлімшесіне ыңғайлы ғимаратты көрсетіп, ашуды ұсынды. Халыққа қызмет ету мінезден деп Әлихан Бөкейхан бабамыз айтқандай, осындай мінезді адамдар біздің арамыз­да жүр. Ризашылығымызды білдіріп, газетке жазуды жөн көрдім.

Бейсембек ӘЛКЕНОВ,

қала тұрғыны, кәсіпкер

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button