Қала мен Сала

Төл мерекеңмен, теміржолшы!

Жылдағы дәстүр бойынша тамыздың бірінші жексенбісінде Қазақстан теміржолшылары кәсіби мерекесін атап өтеді. Биыл көлік қызметкерлерінің күні 7 тамызға түсіп тұр. Бұл – жыл он екі ай ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүріп, шойын жолдың бойында еңбек ететін, сан миллиондаған тонна жүк пен мыңдаған жолаушыны тасымалдауда қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ететін осы бір жанкешті кәсіп иелерінің ерен еңбегі еленетін, құшақ гүлге толып, ақ тілек ағылатын және құрмет пен қошеметке кенелетін күн.

[smartslider3 slider=3657]

Биылғы төл мерекені теміржолшылар ­«ҚТЖ»ҰК»АҚ-ның 25 жылдығымен қатар ерекше жағдайда атап өтуде. 1997 жылы Үкімет шешімімен Алматы, Тың және Батыс Қазақстан темір жол басқармалары базасында «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылып, Қазақстандағы барлық темір жолдарды біртұтас етіп біріктірді. Дәл осы күннен бастап «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жаңа тарихы жазыла бастады.

Компанияның 25 жылдық тарихында ең алдымен ауызға алынатыны – осы уақыт аралығында 2,5 мың шақырым теміржол салынғаны. ҚТЖ құрылған соң құрылысы басталған Ақсу-Дегелең, Хромтау-Алтынсарин, Шар-Өскемен, Өзен-Түркіменстан, Арқалық-Шұбаркөл, Қорғас-Жетіген, ­Бейне­у-Жезқазған, Боржақты-Ерсай, «Алматы-Шу» екінші теміржолдары құрылысы елдің көліктік-транзиттік әлеуеті мен қуатын ондаған есеге өсірді. Бүгінде әрқайсысының ұлттық көлік жүйесін құрылымдау мен жасақтауда өзіндік рөлі бар. Қазақстанның орасан зор көліктік әлеуетін, транзиттік мүмкіндігін әлемге паш етіп отырған бұл магистральдардың еліміз үшін маңызы ұшан-теңіз, сан ғасырлар бойы болашақ үшін қызмет ететін болмақ.

Биылғы көлік қызметкерлері күніне орай компанияда қызмет ететін 1684 адам түрлі марапаттарға ие болды. Соның ішінде саланың ең жоғарғы кәсіби марапаты – «Құрметті теміржолшы» белгісімен 81 адам марапатталды. Одан басқа «Кәсібі бойынша үздік», «Үздік басшы», «Адал еңбегі үшін» төсбелгісін алатын қызметкерлер қатары да қалың. 48 теміржолшы «Үздік мамандар» құрмет тақтасынан орын алса, тағы бір топ сала қызметкері «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының құрмет грамотасы мен алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ «ҚТЖ-25 жыл» арнайы мерекелік төс белгісі де бірқатар теміржолшыларға табысталды.

– Бүгінгі таңда ел экономикасын алға сүйреген локомотив деген атқа лайық, еліміздегі ең ірі ұлттық компанияда жүз мыңнан астам теміржолшы еңбек етеді. Теміржол қызметкерлеріне салаға сіңірген адал еңбегі мен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапкершілігі, ерлікпен пара-пар қайраты мен қаһармандығы үшін шын жүректен алғысымды білдіре отырып, отбасыларына амандық пен саулық, еңбек жемісі мен толағай табыс тілеймін! – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев.

Мереке қарсаңында марапатталғандардың ішінде Астана белгі беру және байланыс дистанциясының радио байланыс электр механигі Абай Шигибаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің Құрмет грамотасына ие болды. Ресейде радиомеханика саласында білім алған ол 2006 жылы елордаға көшіп келген бойда осы дистанцияға жұмысқа кірген болатын. Содан бері астана теміржолындағы байланыс құралдарының ақаусыз жұмыс істеуіне жауап береді.

– Қала әкімдігі тарапынан марапатқа ие болғаныма өте қуаныштымын. Мұндай марапатты бірінші рет алып отырмын. Байланыс құрылғыларын, дауыс күшейткіш құралдарын жөндеумен айналысамын. Салада бірнеше оқу орнын тәмамдағанмын. Бала кезден физика пәніне қатты қызығып, электроникаға әуес болдым. Ақыры сол қызығушылығым мені теміржолға әкелді, – дейді марапат иесі.

Теміржолдағы ең беделді марапат – «Құрметті теміржолшы» төс белгісін алғандардың бірі «Ақмола магистральдық желі филиалы» Астана белгі беру және байланыс дистанциясының сигнал беру, орталықтандыру және блоктау электр монтері Бекболат Молдашев та мереке қарсаңында марапатын ұлттық компания­ның басқарма басшысының қолынан алды. Биылғы мерейтойға орай ҚР индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың қатысуымен барлық марапатталған теміржолшыларға арналған салтанатты жиын елордада «Астана опера» ­теа­­трында кең ауқымда аталып өтті.

Өткен жылы компания негізгі өндірістік көрсеткіш саналатын жүк айналымын пайдалану бойынша Тәуелсіздік жылдарында тарихта болмаған ең жоғары межеге қол жеткізді, яғни бұл көрсеткіш – 239 млрд тонна км-ді құрады. Былтыр Қазақстан аумағы арқылы 1 миллионнан астам жүк тиелген транзиттік контейнерлер жүріп өтті. Биыл қаңтар-шілде айларында ҚТЖ желісі бойынша 147 млн тоннадан астам жүк тасымалданған. Соның ішінде ішкі тасымал көлемі 2,7%-ға дейін өсіп, 97,8 млн тонна, ал экспорттық тасымал 49,7 млн тонна жүк болды.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев елдің транзиттік әлеуетін арттыру үшін қажетті жағдайды жасау, көлік саласын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Жақында ол «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын ұлттық көлік-логистика компаниясы ретінде трансформациялайтын уақыт келгенін мәлімдеген болатын. Бұл ҚТЖ-ның мандаты мен міндеттерін кеңейтуге, компанияға еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту жұмыстарын кешенді түрде жүргізуге мүмкіндік береді.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button