Басты ақпарат

Балалар қалай тамақтанып жүр?

Мектепте тамақтануды жақсы ұйымдастыру – уақытының көбін мектепте өткізетін оқушы үшін денсаулығын жақсартудың кепілі. Толыққанды тамақтану көптеген аурудың алдын алып, баланың оқуға үлгерімін, ынтасын дамытып, заманға сай өмірге бейімделуіне жақсы әсер етеді.

[smartslider3 slider=3658]

Ал бала жас кезінде жеткіліксіз тамақтанса, оның дене бітімі дамуын тежеп, ауруына, зат алмасу жүйесіне әсер етіп, ағзасы мен дене бітімінде өзгерістерге әкеліп соғуы ықтимал.

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында осы мәселені мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов әлеу­меттік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында қозғады.

– Мектептегі тамақтандыруды ұйым­дастырудағы мемлекеттік органдар мен басқа да жауапты тұлғалардың жауапкершілік деңгейі төмен, оң қозғалыс жоқ, – деді Е.Каналимов өз сөзінде.

Бұл саладағы түйткілді мәселелер жүйелі сипатқа ие және өз шешімін таппай келеді. Бұл жағдай ­1-4-сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санатындағы балаларды тегін тамақтандыруға бөлінген сома қомақты екеніне қарамастан орын алып тұр. Оқушылардың жартысына жуығы мектеп асханаларында тамақ ішпейді. Көбінесе тағам дәмді емес немесе төмен калориялы болғандықтан, балалар оны ұнатпайды.

Әзірге таңғы және түскі астың сапасын жақсарту үшін алгоритм әзірленбеген. Мектеп асханаларында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жүйелі жұмыс атқармауда. Мәслихат хатшысы елордалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында мектеп асханаларын тек тамақ пісіріп қана қоймай, қала тұрғындары арасында танымал азық-түлік желілерінің сенімгерлік басқаруына беру мәселесін пысықтауды тапсырды.

– Дәмді тағам дайындаумен қатар, инфрақұрылымды – жабдықтарды алып, асханаларға инвестициялауды, балаларымыздың тамақтануын әртараптандыру және жақсартуды тапсырдым. Бұл ретте нысаналы мақсатын өзгертпей, 5 жылдан аспайтын мерзімге беру керек деп есептеймін, – деді мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.

Салауатты өмір салты дегеніміздің бір бөлігі дұрыс тамақтану екенін көптеген оқушылар біле бермейді. Оқушылардың тамақтануының негізгі мәселесі мектептен тыс кезде тамақ қабылдау кестесін бұзумен байланысты. Олар пайдасынан зияны көп чипсы, фаст-фуд, қытырлауық, кәмпит, шоколад, батончик жеп, ағзасына кесел келтіреді. Денсаулыққа пайдалы тамақтану – бақытты, ұзақ өмір сүрудің кепілі. Денсаулық – адамның негізгі құндылығы, оның бүгінгі қоғам өміріндегі орнын айқындайтын маңызды фактор. Әсіресе, оқушылардың дұрыс тамақтануын қадағалау мәслихат, әкімдік тарапынан білім ұйымдарындағы оқушылар тамақтануына қатысты мониторинг жасап, нақты іс-шаралар қабылдау болашағымызға қылған қызмет болары даусыз.

Гүлшат Сапарқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button