Қала мен Сала

Тұрғын алаптар жағдайы қалай?

Биылғы жазда Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңесі елорданың тұрғын алаптарын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстарды әзірлеп, аудандардың әкімдіктеріне жолдады. Бейсенбі күні аталмыш кеңес отырысында бұл ұсыныстар қалай іске асырылып жатқаны туралы баяндалды.

«КӨКТАЛДЫҚТАР» ГАЗ ИГІЛІГІН КӨРЕДІ

Алдымен сөз алған Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агрогородок» тұрғын алаптарындағы жағдаймен таныстырды.
– Ауданда барлығы 540 аула бар. Оның 420-сы немесе 77 пайызы қазіргі күнде қанағаттанарлық жағдайда. 120 аулада ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Биыл 40 ауланы абаттандырып, 14 қоғамдық кеңістік салдық, – деді Е.Байкен.
Жалпы аталмыш аудандағы үш тұрғын алапта 100 мыңнан аса адам тұрады. Газдандыру бойынша жыл басынан бері жоспарланған 251 шақырым ішкіорамдық желілердің 175 шақырымы салынды. «Көктал-1» кентіндегі 91 көшеден тиісті жұмыс­тар 84 көшеде атқарылды. Қазір үш көшеде жұмыстар жалғасып жатыр. Қалған үш көшедегі істер келесі жылға жылжытылды.

«Көктал-2» тұрғын алабындағы бүкіл 41 көшеге «көгілдір отынды» тарту жұмысы жүргізілді. Қазір газ қосуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кент тұрғындары 15 желтоқсанға қарай «көгілдір отын» игілігін көре бастауы тиіс.
«Агрогородок» тұрғын алабындағы 96 көшеден 64 көшеге газ тартылды. Осы жылдың аяғына дейін 31 көшеге «көгілдір отын» тарту жоспарланып отыр. Бүгіндері Оқжетпес және Медеу көшелеріне газ тартылып жатыр. Сондай-ақ 14 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» қосылуы керек. Барлық жұмыстарды аяқтау мерзімі 2021 жылдың қаңтар айының соңына қарай қойылды.

ЕСКІ ҮЙЛЕРДЕН – ЖАҢА БАСПАНАҒА

Әлеуметтік нысандардың құрылысына тоқталған аудан басшысы биыл Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектепке 500 орынға шақталған жапсаржай салынғанын жеткізді. Бұл нысан 15 желтоқсан күніне қарай ашылмақ.

– «Нұрбесік» шағын ауданына кәріз, су, электрэнергиясы, телефон секілді инженерлік желілерді салу аяқталды. Тек 150 метр аумаққа кәріз және су желілері құбырларын тарту ғана қалды. Бұл шағын аудандағы 20 көшеге жол салуды жоспарлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Көктал-1» тұрғын алабындағы Еңлік-Кебек көшесі бойында саябақ салынды. Биыл «Көктал-2» кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Жұмысты аяқтау келесі жылы жоспарланып отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында медицина университетінің көпсалалы ауруханасы салынып жатыр, – деді Е.Байкен.
Оның айтуынша, Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы Н.Тілен­диев даңғылындағы сегіз үйді орталық жылу жүйесіне қосу үшін жылу магистралінің құрылысын аяқтады. «Агрогородок» тұрғын алабында Ш.Бөкеев пен Оқжетпес көшелерінің қиылысында 1200 орынға арналған орта мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Қарасай батыр көшесінде бес көппәтерлі тұрғын үй кешені салынуда. Оған Бесшатыр және Ы.Алтынсарин көшелеріндегі апатты, ескі үйлердің тұрғындары көшіріледі, – деді Сарыарқа ауданының әкімі.
Е.Байкеннің сөзінше, «Көктал-1» кентінің жолдарын асфальттау, кентті жарықтандыру, кәріз жүйелері мен сумен қамту бойынша тиісті жұмыстар 100 пайыз атқарылды. Тек «Көктал-2» және «Агрогородок» тұрғын алаптары бойынша бірқатар мәселелер бар.
Оның есебінен кейін қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов аталған тұрғын алаптардың жағдайы соңғы бір-екі жылда жақсы жағына өзгергенін, саябақтар мен тиісті инженерлік желілер салынғанын, жолдар жөнделгенін атап өтті.

«ӨНДІРІС» КӨШЕЛЕРІ 100 ПАЙЫЗ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛА МА?

Байқоңыр ауданы аумағындағы «Өндіріс», «Кирпичный» және «Казгородок» тұрғын алаптарында 51 мың адам тұратынын айтқан аудан әкімі Нұрбол Нұрсағатов шет аймақтарының қазіргі жағдайына тоқталды.
– Біздегі 85 көшенің 55-і асфальтталды. Олардың жалпы ұзындығы 32,1 шақырымды құрайды. Биыл «Өндірістегі» 23 көшеге асфальт төседік. Бұл – 11 шақырым. Келесі жылы 9 көшені асфальттауымыз керек. Бюджеттен қаржы бөлінді. Тұрғын алаптарды жарықтандыру да өте өзекті мәселе. Қазір 69 көше жарықтандырылған. Биыл шет аймақтарының 50 пайызына жарық тарттық. Осы жылдың аяғына дейін тағы 10 көше жарықтандырылады. Келесі жылдың қаңтарында 6 көшені жарықтандырсақ, «Өндірісте» бұл мәселе 100 пайыз шешіледі, – деді Н.Нұрсағатов.

ЖЫЛЫ АЯЛДАМАЛАР САЛЫНСА…
Қоғамдық көлік қатынасына тоқталған ол «Өндіріске» баратын №24 және №24А бағдарлары бойынша түйткілдерді жасырмады. Оның айтуынша, автобустар интервал сақтамайды. Қазір интервал 1 сағат 15 минутты құрайды. Мәселені шешу үшін №30 бағдарды жіберу жоспарланып отыр.
– Биыл 8 аялдама павильонын орнаттық. Оның біреуі – жылы аялдама. Мұны №49 мектептің жанында демеушілердің көмегімен салдық. Тағы үш павильон орнатып, ескірген 6 аялдаманы ауыстыруымыз керек. Соның ішінде №21 және №23 мектептердің жанында жылы аялдамаларды орнатуымыз қажет. Бұл мәселе бойынша Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасымен келіссөз жүргіздік. Басқарма қолдауға дайын, – деді аудан әкімі.

ЕМХАНА САЛУ МӘСЕЛЕСІ ӨТКІР ТҰР

Абаттандыру жайлы сөз сабақтаған ол осы жылы Кеншілер, Тайбурыл және Ақбидай көшелерінде үш қоғамдық кеңістік салынғанын айтып өтті. Келесі жылы тағы осыншама қоғамдық кеңістік салу жоспарланып отыр екен. Биыл Ақбидай, 14 мекенжа­йындағы жатақханалар демеушілер қаржысына жөнделді.
– Біздегі басты мәселенің бірі тасқын кезінде көшелерді су басу болып отыр. Бесінші кезек аясында нөсер сулары кәрізін салу жұмысы іске асырылып жатыр. Ал тазарту құрылғыларының жобасы қаржыландырылмағандықтан іске асырылмады. Бұл мәселені арық желілерін салумен біртіндеп шешіп жатырмыз. Өткен жылы су басатын 8 аймақ болса, арықтар арқылы соның алтауының, яғни 70 жер үйдің мәселесін шештік. Енді екі аймақ қалып отыр. Келесі жылы мұны шешуді жалғастырамыз, – деді Н.Нұрсағатов.
«Өндіріс» тұрғын алабында 40 мың тұрғынға бір ғана отбасылық-дәрігерлік амбулатория қызмет көрсететінін айтқан аудан әкімі емхана салу мәселесі өткір тұрғанын жеткізді. Оның сөзінше, биыл тиісті жұмыстар жүргізіліп, денсаулық сақтау нысаны салынатын жер телімі таңдалды. «Келесі жылы құрылыс басталуы үшін бюджет нақтыланғанда Қоғамдық кеңес бізді қолдаса деген өтінішім бар» деді ол.
Осы жылы Ағадыр көшесіндегі ескі, апатты үй сүрілген. Енді осы көшедегі тағы 14, Ақсеңгір көшесінде 12 және Жаңажол көшесінде 3 үй сүрілуі тиіс. Осыны жеткізген Н.Нұрсағатов «Кирпичный» тұрғын алабының мәселелеріне де тоқталды. Бұл елді мекенде 7 мың адам тұрады. Мұнда да көшелерді жарықтандыру, қоғамдық көлік бойынша мәселелер бар екен.

МЕКТЕП САЛЫП, АУРУХАНАНЫ ЖӨНДЕУ КЕРЕК

– Биыл Жолымбет және Шет көшелерінде екі қоғамдық кеңістік салдық. Қазір «Кирпичныйда» орта мектеп атымен жоқ. Бұрын ол №12 балабақша-бастауыш мектеп базасында болды. Біз осы мәселені шешу үшін біраз жұмыс істедік. Нәтижесінде 600 орынға шақталған мектептің жобасын жасауға қол жеткіздік. Тиісті конкурстық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кентте «Достық» атты бастапқы санитарлық көмек орталығы бар. Келесі жылы нысанды күрделі жөндеу керек. Себебі орталық әбден ескірген. Тұрғындардан осыған қатысты шағымдар түсіп жатыр, – деді Н.Нұрсағатов.
«Казгородок» тұрғын алабында 4500 адам тұратынын айтқан аудан басшысы соның ішінде «Қоянды» саяжай учаскесіндегі 2537 адамнан тұрақты түрде 1748 кісі тұрып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, осы саяжайды жарықтандыру бойынша биыл тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде елді мекен 70 пайызға жарықтандырылды.«ЖЕЛЕЗНОДОРОЖНЫЙДАҒЫ» ЖОЛДЫҢ «ЖЫРЫ»

Алматы ауданында жалпы алғанда 95 мың адам тұратын «Промышленный», «Интерна­циональный», «Железнодорожный», «Мичурино», «Күйгенжар» және «Оңтүстік-Шығыс» атты алты тұрғын алап бар. Олардың жағдайымен аудан әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев таныстырды.
– «Железнодорожный» тұрғын алабындағы жолдарды жөндеу мәселесі күрделі болып отыр. Екі жылдан бері 18 көше жөнделеді деп айтып келе жатырмыз. Алайда бұл жұмыстар қаржы бөлінбегендіктен жүзеге аспады. Халық соған нара­зылық танытып жатыр. Келесі жылы бюджеттік тапсырыстарымызды қолдауларыңызды сұраймыз, – деген өтініш айтты ол Қоғамдық кеңес мүшелеріне.

«ҮРКЕРДЕ» МЕДИЦИНА  МАМАНДАРЫ ТАПШЫ

Ал Есіл ауданындағы төрт тұрғын алабында 43 мыңнан аса адам тұрады. Аудан әкімінің орынбасары Абзал Қалиев «Үркер» тұрғын алабында инженерлік инфрақұрылым бойынша біраз мәселе бар екенін жеткізді.
– Кентте коллекторлар мен сорғы стансалары жиі бітеле береді. Сол себептен тұрғын үйлерді су басып жатады. Құдықтар мәселесі де бар. Көшелердің 90 пайызы жарықтандырылған. Бірақ желілер аудан әкімдігінің балансына берілмеді. Үшінші кезектегі инженерлік желілер, тротуарлар мен жолдар құрылысы аяқталмады, – деді А.Қалиев.
Оның айтуынша, «Үркердегі» №69 орта мектеп 1200 оқушыға шақталған. Қазір мында 3080 бала оқып жүр. Сол себептен тағы бір мектеп салу керек. Тұрғын алаптағы №12 қалалық емхана жалпы практика дәрігерлері, невропатолог, балалар акушері, көз дәрігері, реабилитолог секілді мамандардан тапшылық сезініп отыр. Бұған қоса, офтальмолог кабинеті тиісті медициналық қондырғылармен жабдықталмаған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button