Қала тіршілігі

Ашықтықтың алғышарты

158 қызметтің 97,5 пайызы автоматтандырылды. ANTIKOR.LIVE жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жергілікті мемлекеттік органдардың ашықтығы мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жобасы жөнінде айтты.

«Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту. Осы бағыт бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Біріншіден, цифрландыру жұмысы аясында әкімдік тарапынан көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметті толыққанды автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Жергілікті атқарушы органдар көрсететін 158 қызметтің былтыр 73 па­йызы цифрландырылса, қазіргі уақытта оның 97,5 пайызы автоматтандырылған. Осы көрсеткіш жыл соңына дейін 100 пайызға жетеді деген жоспарымыз бар. Бұл қызметтің уақытылы әрі сапалы көрсетілуіне мүмкіндік береді» деді Алтай Көлгінов.
Елорда басшысы қала әкімдігіне білім саласында балаларды тамақтандыруға қатысты шағымның көп түсетінін, оған ашықтықтың болмауының да себеп болғанын айтты. «Осы уақытқа дейін процедура қағаз жүзінде болды. Министрлікпен және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесіп, бұл бағытта байқау өткізу онлайн форматқа ауыстырылды. Қазіргі уақытта мектептердегі балаларды тамақтандыру бойынша атқарылатын жұмыс жөніндегі мемлекеттік сатып алу процедурасы толықтай автоматтандырылды. Сол сияқты есептесу қызметі де қолма-қол ақшадан картамен есептесу бағытына ауыстырылды. Бұл ата-ананың балаларының тамақтануға жұмсаған қаражатын бақылап отыруға мүмкіндік берді» деді елорда әкімі. Сонымен қатар қала әкімі мектеп басшыларының ротациялануы туралы да айтып өтті. Яғни бұған дейін кейбір мектептің басшылары бір орында 15-20 жылға дейін отырса, сыбайлас жемқорлық орын алмас үшін бұл жұмысты реттеу қолға алынған. Яғни қазіргі уақытта ротация қағидасы іске қосылған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қатыс­ты тәуекелді азайту мақсатында мамандардың денсаулығына қатысты демалыс алу жөніндегі парақты қолдан жасап алуын жою үшін бұл бағыт та автоматтандырылды. Яғни қазір бұрынғыдай белгілі бір мекеменің мөрін бастырып, парақты қолдан жасауға жол берілмейді. Электронды түрде медициналық төлқұжаты толықтырылады. QR-кодтың көмегімен парақтың заңды екеніне көз жеткізуге болады» деп түсіндірді ол. Сондай-ақ шаһар басшысы «Ашық бюджет» талабы туралы жұмыстарға тоқталды. «Бізде «Ашық бюджет» талабы бар. Мұны біз «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде қабылдадық. Мысалы, тұрғындар енді абаттандыру немесе спорттық алаңдар салу сияқты өздеріне қатысты мәселені құзырлы мекемемен бірлесіп шешетін болады. Өткен жылы бұл қанатқақты жоба тек Сарыарқа ауданында іске асырылса, биыл барлық ауданда іске қосылады. Ашық бюджет туралы кез келген азамат толықтай сайттан көре алады. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан жер, инженерлік желілер мәселесі бойынша көптеген сұрақтар туындайды. Егер оны цифрландыратын болсақ, ол да ашықтықты көрсетеді. Сондықтан биыл инженерлік желілердің 60 пайызы цифрландырылды. Толықтай автоматтандырылған кезде бұл тұрғындарға едәуір жеңілдік береді. Цифрландырудың арқасында қоғамдық көліктердегі көлеңкелі ақша айналымы қысқартылды. Бұл да өзінің жақсы септігін тигізді. Бұл қаражаттың есебін бақылауға, мемлекеттен берілетін субсидияның ашықтығын көруге мүмкіндік берді. Әрине, сыбайлас жемқорлықпен күрес шарасы – әр азаматтың, әр мемлекеттік қызметкердің борышы. Осы жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады» деді қала әкімі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button