Мәслихат

Мақсатымыз – нәтижелі іс

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясында елорданы газдандыру, 2021-2023 жылдарға арналған қала бюджетін бекіту секілді маңызды мәселелер қаралды. Биылғы қорытынды сессияға қатысқан қала әкімі Алтай Көлгінов осы жылы пандемияға, карантинге байланысты түрлі шектеулерге қарамастан қалада ауқымды жұмыс атқарылғанын, бұл жұмыстарға мәслихат депутаттары да үлкен үлестерін қосқанын атап өтті.

– Елбасының бес әлеуметтік бастамасынан туындаған негізгі мақсаттардың бірі – елорданы газдандыру. Бұл – шын мәнінде тарихи жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласын одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте бірқатар тапсырмаларды беріп, осыған да назарымызды аударды. Газдандыруды іске асыру үшін мәслихат депутаттарымен бірге жеке секторға барып, тұрғындармен кездестік. Олардың өтініштерін тыңдап, сол орында шешім шығардық. Қорытындысында аз жұмыс жасалған жоқ. Соның арқасында 300 шақырымды құрайтын ішкі­орамдық газ тарату желілері салынды. Қазір техникалық шарттарды беріп, жеке секторды газға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс экология мәселесімен, тұрғындардың денсаулығымен тығыз байланысты. Алдымызға қойылған мақсат-міндеттерді орындадық, – деді А.Көлгінов.

Қаланың шет аймақтарын дамытуға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмаларына тоқталған қала әкімі 300 мың адам тұратын он алты тұрғын алапта 104 көшеге асфальт төселгенін, 17 қоғамдық кеңістік салынғанын айтып өтті.
– Бұрын үш ауысыммен оқытатын 8 орта мектеп болса, олардың санын екі есеге қысқарттық. Қазір осындай 4 мектеп қалды. Алдында 22 мектепте оқушылар саны шамадан тыс көп болса, бүгінде осындай 16 мектеп бар. Егер жаңа мектептердің құрылысын жалғас­тырмасақ, жағдай күрделене түсер еді, – деді А.Көлгінов.

Алда тұрған мақсаттың бірі 3-ЖЭО құрылысын аяқтау екенін айтқан қала басшысы өзекті мәселелердің қатарында сорғы тазарту стансасын салу да бар екенін жеткізді. Кәріздерді тазарту құрылғылары да салынуы керектігін айтып өтті.
– Осы үш жүйелі мәселені қаланың қарқынды өсуін, тұрғындар санының артуын есепке алып, шешуіміз керек. Барлық жобалар дайын. 3-ЖЭО бойынша жобалық-сметалық құжаттама осы желтоқсан айының аяғында шығады. Сорғы тазарту стансасы бойынша да тиісті құжаттар дайын болып қалды. Мен бұл жобаларды жүзеге асырылу барысы жайлы мемлекет басшылығына баяндадым. Олардың тарапынан қолдау бар, – деді А.Көлгінов.
Ағымдағы жұмыстарға тоқталған қала басшысы биыл 150 аула абаттандырылғанын, 60 қоғамдық кеңістік салынғанын айтып өтті. Абаттандыру мен жолдарды салу жұмысы, мектептер құрылысы жалғасатынын жеткізді.
– Келесі жылы тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – ел тарихындағы айтулы оқиға. Сондықтан алдағы жылы да нақты істерді атқаруымыз керек. Биыл 3 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік. Бұл – үлкен көрсеткіш. Салыстырмалы түрде айтқанда, өткен жылы 1 миллион 700 мың шаршы метрді тапсырған едік. Енді жедел түрде ескі, апатты үйлер мәселесін шешеміз. Қалада сондай 200-ден астам үй бар, – деді А.Көлгінов.
Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне тоқталған әкім биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 15 мыңнан аса адам жұмысқа тұрғызылғанын жеткізді.

– Алда атқарар міндеттеріміз әлі де көп. Кеше «қызыл аймаққа» қайтадан кірдік. Сондықтан шектеу шаралары жалғасады. Қазір бәріміз қауіптің алдын алу үшін олардың маңызын халыққа түсіндіруіміз керек. Басты мақсатымыз – халықтың бізге артқан сенімді ақтау, жүктелген жұмысты нәтижелі атқару, – деді А.Көлгінов.
Қаланы газдандыру барысымен қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатов, 2021-2023 жылдарға арналған қала бюджетімен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев таныстырды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button