Мәдениет

«Тылсыммен» топ жарды

Осы күндері Астанада өтіп жатқан «Шабыт» шығармашыл жастардың ХХ халықаралық фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» (балалар және жасөспірімдерге арналған прозалық шығармалар) аталымында топ жарғандар анықталды. Жиырмаға тарта жас қаламгердің арасында «Тылсым» туындысын ұсынған Қанат Әбілқайыр (Алматы облысы) бас жүлдені иеленді.

Бірінші орынды «Жылу», «Балмұздақ», «Қоңыр қош­қар» атты әңгімелер топтамаларымен Бақытгүл Сәрмекова (Атырау), екінші орынды «Біздің сынып» әңгімесімен Арман Әлменбет (Астана), үшінші орынды «Көктемгі жылу», «Қош бол, зебра», «Жұлдызға ұшқан ракета», «Тентек еді» шығармаларымен Нұрбек Нұржанұлы (Түркия) алды.
Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы жүлде астаналық Темірлан Қылышбековке («Қара шал» әңгімесі үшін) және Астана қаласының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының сыйлығы ақтөбелік Әйгерім Қиықбайға («Ағамның ақ ұшағы», «Менің құрбыларым» әңгімелері үшін) бұ­йырды.
Биыл бұл аталымға ұсынылған шығармаларды белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы бастаған, құрамына Мәди Айымбетов, Толымбек Әбдіра­йым, Қуаныш Жиенбай, Роза Мұқанова енген қа­ламгерлер саралады.
«Цирк өнері» аталымына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Латвия елдерінен келген 40-тан аса талапкер қатысып жатыр.
«Бұл аталым бағдарламасына ұсынылған көрсетілімдерді екіге бөлдік. Барлығы 22 нөмір болды. Оның бірі конкурстан тыс көрсетілді. Гала-шоуға қатысатын үздік 10 нөмір анықталды. Қазылар алқасының құрамына Қазақстан, Украина мен Тәжікстанның цирк өнерінің өкілдері енді. 7 жастан бастап 29 жасқа дейінгі әртістер өнерін тамашалаудамыз. Олар үшін «Шабыт» аса құнды тәжірибе, үлкен өнер жолына апаратын баспалдақ іспетті» дейді «Цирк өнері» аталымындағы қазылар алқасының төрағасы, Астаналық цирктің директоры Ерік Жолжақсынов.
«Классикалық музыка» (фортепиано, скрипка, альт, виолончель, контрабас, академиялық ән салу) аталымына қатысушыларды профессор Раи­са Мұсақожаева бастаған қазылар алқасы бағалауда. Сондай-ақ, оның құрамында Германия, Исландия, Иордания, АҚШ, Қазақстан, Австрия, Ресей және Мексика мемлекеттерінің музыка мамандары бар. Төрайымның айтуынша, аталмыш аталымға қатысуға шетелдерден өтініш көп түседі. Бірақ байқауға өтініштерді бір ай бұрын ғана қабылдау басталатындықтан, көбісі нөмірлері мен тиісті құжаттарын дайындап үлгермейді.
Ал биылғы үміткерлер органшы Ресей халық әртісі, Н.Жиганов атындағы Қазан мемлекеттік консерваториясының ректоры Рубин Абдуллин мен альтшы, Санкт-Петербург консерваториясының профессоры Алексей Людевигтің шеберлік дәрістерін тыңдауда. Сондай-ақ, кеше Иордания Хошемит Корольдігінің королі Хуссейн қорының Ұлттық музыка консерваториясының директоры Мұхаммед Сидик Астана Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрімен бірге Бетховеннің 5-інші концертін орындады.
«Шабыт» шығармашыл жастардың ХХ халықаралық фестивалінің жабылу салтанаты мен гала концерті бүгін «Астана» концерт залында өтеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button