Басты ақпаратЖаңалықтарҚала мен СалаҚала тіршілігі

ҮЙІҢІЗ ЖЫЛЫ МА?

era_6722

Биылғы қыстың былтырғы жылдарға қарағанда аязды болатын түрі бар. Сондықтан алты ай бойы қыс болатын Астана үшін үйдің жылы болғаны маңызды-ақ. Санитарлық талап бойынша жабық ғимараттың ішіндегі қалыпты температура 20-22 градус болуы керек. Егер одан салқын болса, есік-терезелердің жылылығын байқастаған жөн. Онда да кінәрат болмаса, кілтипанды тұрғын үйдің ішінде орнатылған жылу желісінен іздеу қажет.

Әрине, жылу барлық үйге бірдей беріледі. «Астанаэнергосервис» АҚ басқарма төрағасы Еркеғали Есенжоловтың айтуынша, егер үйдің ішіндегі жылу пункті дұрыс болмаса, ол жылуды дұрыс жеткізе алмайды да, содан үйдің темпе­ратурасы төмендейді. Яғни, жы­лудың қалыптылығы энергияны қалай таратуға байланысты. Бұл істе жылу энергиясы құрыл­ғыларының тілін білетін білгір маман қажет. Әйтпесе жұмыстың сапасы болмайды.
Жылумен жабдықтаудың сапасына қатысты әрбір шағым ескерусіз қалмайды. Жалпы, қалаға жылу жеткізетіндер кезекті маусымға ерте бастан дайындалады. Тіпті, кезекті жылу беру маусымы аяқталысымен, бірден келесісіне әзірлікті бастайды. Ағымдағы жөндеу жұмыстары да ешқашан толастамайды. Сондықтан жылу беруде олқылықтар болмаса керек-ті. Егер үйдің жылуы жеткіліксіз болса, онда оның себебі жылыту желісінің ішкі жүйесінің жағдайынан болуы мүмкін. Тіпті, үйдің есік-терезесі дұрыс қымталмаса да, қабырғалардан жел үрлеп тұрса да, үйіңіз салқын болуы мүмкін. «Сайып келгенде, жылудың тұтынушыға жетпегенін ПИК қызметіндегі олқылық­тар­дан да, пәтер иелерінің қамсыз­дығынан да іздеген дұрыс» дейді Еркеғали Темірғалиұлы.

Бүгінгі күнде Астанада 467 пәтер иелерінің кооперативі бар. Оның 114-і – Сарыарқа ауда­нын­да, 231-і – Алматы ауданында, ал Есіл ауданында 92 ПИК жұмыс істейді. Олар жылыту мау­сымы алдында барлық жылу жет­­кі­зетін техникалық құрал-жаб­дық­тарының сапасын тексеріп, құ­бырларды тазалап, өз жұмыс­тары жөнінде жылыту мекемелері алдында есеп береді.
Мамандар жылу жүйесіндегі ақаудың тағы бірі суық радиаторлар мен батареялар дейді. Жылуды төрімізге жеткізбейтін де тозығы жеткен немесе талапқа сай орнатылмаған жылыту ошағы. Расында да, кейде бір бөлмедегі батарея ыстық болса, екіншісіне қызу жетпей жатады. Темір құбыр­лардан үнемі шу мен гүріл естіліп, не су тамшылап, сыры кетіп, темірі тотығып жатады. Мұндай ескі үйлердегі тозған жылыту жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Олардың пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен, ал жылдар бойы темір құбырларда тұрып қалған қақ жылудың дұрыс айналуына бөгет болады. Ол аздай, күтпеген жерде жарылып кетіп, жайсыздық туғызуы мүмкін. Қысымның қалыпты жағ­дайының болмауына да ескі батарея­лар себеп болып жатады.
Ал жаңасын орнатқанда да өте жауапты қараған жөн. Еденнен 10 см жоғары, қабырға мен жылу көзінің арасында 2-3 см бос орын қалдырып, түзу орнатылғанда ғана жылу бабында жетеді. Пәтер иелері өздігінен үйдің жоспарын өзгертіп, өз бетінше жөндеу жұмыстарын жүргізгенде бүкіл үйдің жылыту жүйесін өзгертіп жіберетіні бар. Бұл да жылудың дұрыс айналмауына кедергі келтіреді.
Егер көп қабатты үйлердің жылыту жүйесін жөндеуден өткізіп, құбырларын ауыстыру қажет болғанда, астыңғы және төменгі қабаттарда орналасқан көршілермен келісе отырып, бір ізбен, біртекті материалдармен ауыстырып шыққан жөн.
Түйіндеп айтқанда, пәтері­міздегі жылыту ошақтары жылымай, үйдің іргесіне жеткен жылу дұрыс таралмайтынын естен шығармаған абзал. Тіпті болмаса, бұл істің тілін білетін маманды шақыртқан дұрыс. Жылу жүйесі мамандарының телефондарын кез келген ПИК-тен алуға болады.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button