Руханият

Ұлтын ұлықтаған ұлан

Қазақ тілді әншілердің дені ана тіліміздің арқасында нәпақа тауып жүргені жасырын емес. Алайда олардың қазақ тілін насихаттап, қазақ тілін дамытуға қаншалық үлес қосып жүргенін дәп басып, дәлелдеп айту қиын. Өзі қазақ тілінің арқасында нан тауып жеп жүріп, баласын орыс тілді мектепке беріп, ұрпағын орысша оқытып жатқан әншілер де бар. Осы тұрғыдан алғанда, Димаш Құдайбергенұлын қазақ тілінің жанашыры, белсенді насихаттаушысы деп атасақ артық емес секілді.

Қыркүйек айында Димаш ­Ал­матыда көлем­ді концерт берді. Алатау бауырын әсем әнмен тербеткен керім кешке алыс-жуық шетелдерден 68 елден 6000 мыңнан астам көрермен келді. Әрине, 6000 адамның Алматыға бір қонып, аттануының өзі аз ақша емес, күндік жамбас ақысының өзін 10 мың теңгеден есептесек те, бір күнде тек қонақ үйдің өзінен 60 миллион ақша түсті. Оған қонақтардың тамақ пен саяхатқа жұмсаған ақшасын қоссаңыз, бір күндік кірістің өзі 100 миллион теңгеден асып түскені артық. Кезінде Димаш Астанада кеш бергенде тек көрші Қытайдан 3000 көрермен келгенін көзіміз көрді. Демек, Димаш еліміздің шетелден туристерді, қонақтарды шақыратын ең үлкен «бренд»-іне айналды. Бұл Димаш бауырымыздың еліміз экономикасына қосқан үлесі десек, Қазақстанды әлемге әйгілеп, қазақ тілін насихаттау жағындағы еңбегі де өзгеше.

Қазақ тілі демекші, Алматыда өткен кешінде әндерінің денін қазақ, ағылшын тілдерінде айтқан ол қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту туралы ұсынысын да айтты.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:

«Сүйемін туған тілді –

 анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ

 берген білім.

Шыр етіп жерге түскен

 минутымнан,

Құлағыма сіңірген

таныс үнім.

Сол тілмен шешем

мені әлдилеген,

Еркелеткен, «құлыным»,

 «жаным» деген

Сол тілменен бірінші

білгізілген:

«Ана» деген сүйгендік сөз

әм менен

Қылжықтап, алып қашып

құрбы бөркін

Сол тілменен ойнадым

 далада еркін

Сол тілменен бірінші

сыртқа шығып

Өмірде ен далада ұққан көркім» деген өлең жолдарын оқыған ол «қазіргі таңда тіл мәселесін қозғамау дұрыс емес деп ойлаймын. Болашағымыз бізге, біздің жастарға байланысты. Өскелең ұрпақ қандай дүниетаным орнатып, қандай мәдениетті бойына сіңіреді? Осы мәселе маңызды. Барлық тілге құрметпен қарауымыз керек, бірақ қазақ тілінің қадірін ұмытпайық» деген көшелі сөз айтты. Әрине, біз Димашты осы сөзі үшін ғана қазақ тілінің жанашыры деп атап отырғанымыз жоқ. Әлемнің қандай сахнасына барса да, кейбіреулер сияқты «жеткен қыз төркінін танымас» дегендей, ағылшын, орыс тілінде сайрап кетпей, қазақ тілінде ән салып, қазақ тіліндегі әндерге басымдық берген Димаш бұл күнде қаншама шетелдіктің қазақ тілін үйренуіне ықпал етті?! Мәселен, біз Қытаймен көрші отырсақ та, ішкі Қытайда Орталық Азияда «Қазақстан» деген ел бар екенін білмейтін қытай жететін. Қазақ деген ұлт туралы түсінігі жоқтары да бар болатын. Алайда Димаш Қытайдағы «мен әншімін» жобасына қатысып, «дәйдидәу» әнімен бүкіл қытайды селк еткізді. Сол күннен бастап, қытайлар жатса-тұрса Димаш деп айқайлап, қазақ туралы, Қазақстан туралы біле бастады. Димаштың әсерімен қытай жастарының қазақ әнін жаттап, қазақша үйреніп жүргенін көзіміз көрді. Қай қытаймен кездесе қалсаң, «сен қазақсың ғой, Димашты білетін шығарсың?» деп сөз бастайтын. Демек, Димаш өз өнерімен қазақ халқының, Қазақстанның мәртебесін көтерді. Бүкіл Қытайды әлемге танытқан кино жұлдызы Джеки Чанның өзі оған құрмет көрсетіп, сый жасады. Ең қызығы, Димаш Қытайдағы «қытай болып бара жатқан» қазақ жастарын да құтқарды. Оған да бір мысал айтайық. Біздің бір досымыз­дың ағасының қытай тілінде оқитын жалғыз ұлы бар еді. Қытай тіліне берілгені сонша, өзін қытай ұлты ретінде сезінетін деңгейге жеткен. Әнге бейімі бар еді, бірақ бірде-бір қазақша ән айтпайтын. Қазақ екенін айтсаң, қазақ тілінде сөйле десең шамданатын. «Қытай болсам не бопты?» дейтін идея әбден сіңген. Сол пақыр «мен әншімін» жобасынан  Димашты көргеннен кейін ұйқысынан оянғандай, қазақты қайта танығанын көзіміз көрді. «Қазақ не деген ғажап ұлт, қазақтың әні қандай керемет?!» деп аяқ астынан таң қалып шыға келгенде, 20 жыл бойы баласын «қазақ қыла алмай» жүрген ата-анасының да аузы аңқиып қалды. Сол күннен бастап, қазақша ән үйреніп, Димаштың әнін жаттады, қытай достарының алдында «мен қазақпын, бізде Димаштай мықты әнші бар» деп мақтанып тұрғанын көргенде әкесі солқылдап жылапты. Әрине, Димаштан бұрын да қаншама әнші Қытай сахналарында ән салып жүр, Қазақстанның қанша өнер ұжымдары Қытайға өнер сапарымен барды… бірақ ешкім Димаштай тұтас Қытайды селк еткізе алған жоқ. Міне, Димаштың кереметі.

Жақында маған канадалық бір азамат әлеуметтік желі арқылы байланысқа шықты, таныстық, кәдімгі шабаш (афроамерикалық) жігіт. Ағылшын тілінде жазғанынан ұққаным, «қазақ тілін» үйреніп жүр екен. «Неге, ол саған не үшін керек болды?» десем, Димаштың әндерін естіп, сол әндерді қазақ тілінде шырқау­ды үйренбек екен. Осыны көріп, біліп отырып, Димашқа қалай сүйсінбейсің?!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button