Руханият

Міне, нағыз Абай

Атақты суреткер, ұлы жазушымыз  Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толса, «Абай жолы» роман-эпопеясының дүниеге келгеніне – 85 жыл. Осындай құрметті күнпарақтардың аталуына байланысты елімізде іс-шаралар аталып өтілуде.

Соның бірі, бірегейі десек те болатын Абай мүсінінің тарихына байланысты Қазақстан Кинематографистер одағының хатшысы, ұлттық киноның «Құлагер» сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, кинорежиссер Болат Шәріпұлы мен Мемлекеттік тарихи архивтің меңгерушісі Гүлнәр Қаратайқызының «Бронзовый Абай» атты сценарийі бойынша түсіріліп жатқан документальді фильмі жайлы хабардар етпекпіз.

Алғаш қаланы көріктендіру мақсатында тарихи тұлғаларға арнайы ескерткіштердің бой көтеруін қолға алып, мәселе көтерген қоғам қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы, Қазақстан Орталық Комитетінің бюро мүшесі ретінде, мәдениет мәселелеріне жауап­ты болғандықтан, Нұртас ­Оңдасынов болды.

«26 января. Приказ №31 по Управлению по делам искусств при СНК КССР 26 января 1938 года. Для составления тематического плана по проектированию памятников; Абаю, Амангельды, Чапаеву – создать комиссию в составе; т. т. Ауэзова, Панкова, Фитрих, Мартынова, Мусрепова, Каратаева, Ненашева, Черномскова, Кастеева.

Начальник Управления п/д искусств при СНК КССР – подпись (Мусрепов)».

Абай ескерткішін орнату жайлы шыққан бұйрықтың қаулысы 1938 жылдың наурыз айында қабылданады. Ол кезде елімізде бірде-бір мүсінші болмағандықтан, мәскеулік мүсіншілерге конкурс жарияланып, Абайдың мүсінінің эскиздері талқыға түседі. Комиссияның төрағасы Н.Д.Оңдасынов өзі қабылдап, мүсіншілердің ұсынған эскиздері талданған жұмыстардың нәтижесі жайлы хаттамалардағы пікірлерге сүйенсек, Абайды сомдаған еңбектер біржақты, ақын образын, бейнесін ашуға жарамағандағы айтылады.

1938 жылдың аяқ кезінде жарияланған екінші турда тапсырылған мүсіншілер эскизін қарап шыққан Оңдасынов «Абайдағы ұлттық нақыш, ұлы ойшыл ақынның бейнесін бере алмағандығын, барлық мүсіншілер алғашқы декададағы (1936 ж.) Жамбыл атамыздың бейнесіне ұқсатып қолда домбыра, басына бөрік кигізгені ақын Абайға мүлде ұқсамағанын айтып, қабылдамай тастайды. Бірақ Абай образына біршама келеді-ау деген мүсінші Николай Иванович Шильниковтің эскизін ұсынады. Мүсіншіге Абай бейнесін жақынырақ ашу үшін Қазақстанға барып, ақын өмірімен, шығармашылығымен танысуына кеңес береді. Бірақ бұл жоба Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, аяқсыз қалады.

Біршама уақыт өткенде, ұлы ойшыл, ақынымыз – Абай образын жасаушы өз мүсіншімізді Оңдасынов Қостанай облысы Ұзынкөл ауданындағы нан өнімін даярлайтын комбинатқа іссапармен келген тұста кездестіреді. Қайраткер райисполкомның кабинетіндегі стол үстінде саз балшықтан жасалған бірнеше мүсінге көзі түседі. Онда үй жануарларымен қоса, М.Горький мен Жамбылдың мүсіні тұрған болатын.

Мүсіндерді суретке қарап, саз балшықтан жасаған жасөспірім, он екі жастағы бала Хакімжан Наурызбаев екенін біледі. Оңдасынов Алматы қаласындағы көркемсурет училищесінің мүсіншілер даярлайтын бөлімін басқаратын Харьковтен соғыс жылдары қоныс аударған атақты мүсінші Ольга Кудрявцеваға табыстайды.

Қостанайдан келген жеткіншек, болашақ мүсінші ­Хакімжан Наурызбаев жайлы «…вокзалдан бір қолында өзінің мүсіндері салынған қобдиша, бір қолына ботинкасын ұстаған жалаң аяқ бала келгендігін» баяндайтын естелігінде Ольга Кудрявцева «Этот мальчик уже знаев все, чему на данный момент могут научить в Алма-Ате. Он должен ехать в Москву в архитектурный институт» деп Оңдасыновқа хат жазады. Осылай мүсінші Наурызбаев Абай бейнесін жасау бақытына ие болады.

Оңдасынов, соғыс жылдарындағы ауыртпалыққа қарамастан, Абайдың 95 және 100 жылдық мерейтойына орай ұлы ақынның тойын биік дәрежеде атап өту үшін арнайы Үкімет қаулысын шығарып, комиссияның төрағасы өзі болады. Сол тұста Нұртас Оңдасынов – мұғалімдер даярлайтын курс­тар, ұлттық консерватория, медицина, шет тілдер, Қазақтың мемлекеттік педагогикалық институты, опера және балет театры құрылысының жылжуына, т.б. толып жатқан халыққа керекті дүниелердің ашылуына мұрындық болған қайраткер.

1945 жылы республика басшылықтары екінші рет Абай мүсінін, т.б. ақындар мен қоғам қайраткерлері, батырлардың мүсінін де жасауды қолға алады. Бірақ ескерткішті орнату түрлі кедергілерге ұшырап, кейінге қалады.

Үшінші рет – 1954 жылы Үкімет басшылығы Абайдың ескерткішін жасау үшін ең үздік деген эскизге конкурс жариялағаны туралы «Каз. правда» газетінің 10 маусымдағы нөмірінде хабарландыу шыққаны туралы мәлімет жарияланады. Оған Одақ көлеміндегі, сонымен қатар қазақ суретшілері мен мүсіншілері қатысатыны айтылады. Ол кезде Хакімжан Наурызбаев Өскемендегі қорғасын-мырыш комбинатының мәдениет үйіне арнап мүсіндер жасап жүрген болатын. Өзінің Абайға жасаған мүсіндерінің эскизін көрмеге ұсынады. Талқылаудың нәтижесін естіген мүсінші Мұхаңның «түбі ескерткіш боларлық дүние екен» деп бағалағаны «Бастапқы еңбегімнің Мұхаңның назарына ілігуі менің көңілімді өсіріп, қуантып тастағаны рас».

Арада біраз уақыт өткенде, Мұхтар Әуезов Хакімжанға «эскиздеріңді алып, біздің үйге кел. Абайдың ескерткіші жөнінде әңгімелесейік» деп шақырады.

Жазушы Абай жайынан көптеген мәлімет бере отырып, Абайдың еліне баруын, шығармаларымен көбірек танысуына, ақын жөнінде молырақ мәлімет алуына кеңес бере отырып, «Абай – жартастың арасынан шыққан жалғыз шынар» деген сөзіне терең үңілген сайын болашақ Абай ескерткішін көзіме елестеткендей, ойыма түрткі боп, мазалай берді» деп есіне алады. Мұхаңның ақыл-кеңесін есіне ала отырып, ескерткіш жасауға кіріседі.

Ескерткіш жасау үшін арнайы шеберхана жоқ болғандықтан, сельхоз институтының шаруашылық бөлімі орналасқан механикалық шеберханасы жұмыс орны болып бекітіледі. Әрі Әуезовтің үйіне жақын, ақылдасуға таптырмайтын орын болып шығады.

Ескерткішті жасай отырып, оны қайда орналастыру жағын да ескеру керек болды. Оны орналастыратын тұғырының қалай болуы керегіне де Мұхаңның ақыл-кеңесі тиген-ді. Тұғырды Қордайдың сапасы жоғары мәрмәр қызыл тасынан кірпіш сияқты кертіліп қолданылуының өзі ұлы ақынның «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан…» деген өлең жолдарынан пайда болғандығы анық көрінеді.

Ескерткіш бітіп, қоладан құйылу кезеңі күтіп тұрған тұста Мұхаңа тіпті де ұнамай қалады, әлі де жөндей, сарапқа сала түсуін ескертеді. Мүсінші ойлана келе, жазушының пікірі дұрыс екенін ұғып, қайта өңдеп, Мұхтар Әуезовке көрсеткен тұста «Міне, нағыз Абай» дейді көрген бетте.

Санагүл МАЙЛЫБАЙ, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының аға ғылыми

Қызметкері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button