Білім

Ұстаз болу – жүректің батырлығы

«Ұстаз ізденгіш болуы, ойлай білуі, қандай істі болсын, бар ынтасымен атқара білуі керек» дейді орыс ақыны В.Маяковский. Осы орайда бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Нұр-Сұлтан қаласының «Құрметті педагогы» төсбелгісінің иегері Галина Шаяхметова туралы ой толғағымыз келеді.

Қазіргі таңда ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ұстаз – пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Педагог мамандығы – мамандықтардың ішіндегі жан-жақты білімділікті, ұлтжандылықты, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін сала. Өз ісіне деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді.
Галина Мичиславовна – «Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығында» үйір­ме жетекшісі. Үйірме «Шағын туризм» деп аталады, оған 5-12 жас аралығындағы балалар қатысады. Үйірме балаларға спортқа бейім болуды, икемді болуды, табиғатпен дос болуды үйретеді. Үзіліс кезінде балалар гитарамен ән айтуды жақсы көреді. Жас ұрпақты ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуді негізге алған үйірме жетекшісі Галина Мичиславовна үнемі ізденіс үстінде жүреді.
Ұстаз Галина Шаяхметова – «Тек қана алға!» деген өмірлік ұстаныммен тынымсыз еңбек ететін жан. Ұстаздың осы өмірлік ұстанымы орталықтың бағытымен тығыз байланысты. Баланы еңбекке баулумен қатар, оларға жайлылық, мейірімділік пен қуаныш атмосферасын құру, жеке-дара қабілеттерін ашу, өз бетінше ойлануға және өзіндік пікірін ашық айтуға үйрету, қазіргі өмір жағдайында өзін-өзі жетілдірумен қатар, балалар туризмін дамыту сияқты орталық бағытын өз ұстанымымен ұштастырған Г.Шаяхметова Ы.Алтынсарин атындағы «Педагогикалық кызметтегі табыстары үшін» медалімен марапатталған. Ол – Ресейде өткен «Алтын компас» халықаралық байқауының үш дүркін жеңімпазы.
Галина ұстаз өмірінің 40 жылын жас ұрпаққа білім берумен қатар, «Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы» ашылғаннан бастап осы күнге дейін директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. 2 ұл, 3 немересі бар үлкен отбасының ұйытқысы Галина Мичиславовнаның деніне саулық, еңбек жолына толағай табыс, қуанышты күндер тілейміз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, шәкірт тәрбиелеуде қажырлы еңбектерінің жемісі мен жеңісін көруіне шын жүректен тілектеспіз!

Мэлс ӘБЕНОВ,
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің
Балалар мен жасөспірімдердің туризм
және өлкетану орталығының директоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button