Ел тынысы

Ұтылып тұрып, ұттық!

Еуро-2024 турниріне іріктеу аясында Қазақстан ұлттық құрамасы Финляндияға қонаққа барды. Хельсинки қаласында өткен матчта қазақ футболшылары 2:1 есебімен жеңіске жетті. Осы ойынға дейін қос құраманың ұпайы тепе-тең болатын. Қайсысы ұтады, сол команданың Еуропа чемпионатына қатысу мүмкіндігі арта түсетін еді…

Әрине, Финляндия ұлттық құрамасы Германия, Италия, Испания және Франция сынды үздік команда емес. Алайда ойыншылары Еуропаның үздік клубтарында доп теуіп, шеберлігін шыңдайды. Сондықтан осал қарсылас емес. Иә, осал емес! Бұған дейін екі команда арасында 7 ойын болып, соның 5-інде финдіктер басым түсті. Қазақстан 1 рет ұтып, 1 рет тең ойнады. Соңғы рет 7 қыркүйекте «Астана Аренада» Финляндия 0:1 есебімен ұтып, біздің футболшылардың жігеріне құм құйып кеткен-ді.

Сондықтан теледидарды қосқанда «қалай болады екен?» деп қостық. Ә дегеннен-ақ финдіктер басымдық танытып, үсті-үстіне шабуыл ұйымдастырып, доп біздің қақпаның маңынан табылды. 27-минутта 22-25 метр жерден стандартты айып добы белгіленді. Марочкин сәтті орындап, Финляндияны есепте алда шығарды. Біздің жігіттер доптан қайта-қайта айырылып, ойынның берекесі кете бастағандай көрінді. Сонымен бірінші тайм да аяқталды. Сананы үмітке қарағанда күмән басты. Теледидарды бір өшіріп, бір қосып, көрсек пе, көрмесек пе деген ой торлады.

Жоқ, екінші тайм басталғанда біздің жігіттер жігер танытып, допқа көп иелік ете бастады. Ара-тұра шабуыл ұйымдастырып, алға ұмтылды. Асхат Тағыбергеннің 67 минутта алыстан шірене тепкен добы қақпа бағанасынан қайтты. Осы сәтте дүр сілкіндік. 72 минутта Тағыберген қақпа маңына тепкен добы фин футболшысы Ричард Улав Дженсеннің қолына тиіп кетті. 77-минутта Бахтиер Зайнутдинов пенальтиді сәтті орындап, есепті теңестірді. 89-минутта Рамазан Оразов бұрыштамадан доп көтерді. Зайнутдинов бәрінен бұрын допқа жетіп, баспен гол соғып, ұлттық құраманы алға шығарды.

Міне, эмоция! Міне, жеңіс! Бұл уақытта қуанбаған қазақ жоқ шығар.

Сөйтіп, кездесу 1:2 есебімен қазақстандықтардың жеңісімен аяқталды.

Қазір «Н» тобында бірінші, екінші орындағы Словенияда мен Дания­да 19 ұпай, Қазақстанда 15 ұпай бар. Енді Еуро-2024 іріктеу кезеңінде екі ойыны қалды. 17 қарашада Сан-Мариномен, 21 қарашада Словениямен ойнайды. Егер осы ойындарда ұпай жоғалтпаса, Германияда өтетін Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алуға мүмкіндік бар.

Алға, Қазақстан! Жеңіс күтеміз!

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button