Қоғам

Жас құтқарушылар жарысы

Құтқарушылар күніне орай елорданың Binom мектептері арасында «Жас құтқарушылар» зияткерлік сайысы өтті. Білім беру ұйымдарында төтенше жағдайлар кезінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған іс-шараны Есіл ауданы әкімдігі мен Есіл ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы бірлесе ұйымдастырды.

Зияткерлік сайыс 5 оқушыдан құралған 6 топтың басын қосты.  «Таныстыру», «Брейн-ринг», «Мен құтқарушымын», «Не? Қайда? Қашан?»  атты 4 кезең бойынша қатысушылар білімдерін ортаға салды. Әр команда топ атауы мен өз ұрандарын да дайындап келген.

– Интеллектуалды сайыс бірінші кезекте құтқарушылар күніне орай өткізілді. Бұл жарыс балалардың төтенше жағдай болған сәтте өзін-өзі қалай ұстау керек екенін, әрі зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді дұрыс үйретуге бағытталды. Биыл сайыс ойын-сауық форматында өткізілуімен ерекшеленді, – деді өз сөзінде Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы.

Додаға сақадай сай дайындалған қатысушылар алғашқыда өздерін таныстырып, кейін өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдылары, құтқарушы мамандығының бағыттары бойынша сұрақтарға жауап берді. Ал үшінші кезеңде алғашқы көмек көрсету бойынша практикалық тапсырмаларды орындады. Соңғы кезеңде Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің бейне сұрақтарына жауап берді.

Есіл ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Талғат Каерлиновтің айтуынша, зияткерлік сайыстар қала мектептерінде тұрақты түрде өткізіледі.

«Білім беру объектілерінде профилактикалық іс-шараларды ұлғайту мақсатында Binom мектептері арасында викторина ұйымдастырылды. Сайыс жоғары сынып оқушылары арасында өтті. Себебі 9-11 сынып оқушылары төтенше жағдай саласына осы бастан-ақ қызығып, түрлі жағдайларда әрекет ету жолын зерттей түседі. Айта кететіні, биыл оқыту әдісі өзгертілді. Оқушылар өзара бәсекелесіп, теориялық тұрғыда білімдерін жетілдіреді» деді Т.Каерлинов.

Сайыс қорытындысы бойынша іс-шараға белсене қатысқаны үшін Қадыр Мырза Әли атындағы Binom.School мектеп-лицейі, Әбіш ­Кекілбаев атындағы Binom.School мектеп-лицейі және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom.School мектеп-лицейі марапатталды. Ал 3-орын Қаныш Сәтбаев атындағы Binom.School мектеп-лицейіне, 2-орын Әлихан Бөкейхан атындағы Binom.School мектеп-лицейіне және 1-орын Ыбырай Алтынсарин атындағы Binom.School мектеп-лицейіне табысталды. Жеңімпаз командаларға арнайы сыйлықтар мен кубоктар берілді.

«Мектеп оқушылары қазіргі таңда күнделікті тұрмыста қандай да бір оқыс оқиға болғанда қалай дұрыс әрекет ету керектігін білмейді. Сондықтан бұл сайыс оқушылар үшін қажет деп ойлаймын. Біз «Алғашқы әскери дайындық» сабағы барысында төтенше жағдай саласын тереңірек меңгеріп, адам өміріне жауапкершілікпен қарауға үйренеміз» деді ­Ыбырай Алтынсарин атындағы Binom.School мектеп-лицейінің оқушысы Нұрілияс Тоқтаров.

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button