Әлеумет

Волонтерлер үлесі бар

«ҚР Волонтерлік қызметі туралы» заңы бойынша бұл қызметпен 14 жас­тан асқан әрбір азамат айналыса алады. Елордалық волонтерлер де осы заң шеңберінде қалалық Полиция департаментімен бірлесіп, қылмысты ашуға тікелей қатыспаса да, жанама түрде оның алдын алуға көмектеседі.

Сондай волонтердің бірі Астана қаласы әкімдігі «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы волонтерлер қозғалысын дамыту бөлімінің маманы Айзат Әли өзі сияқты белсенді жастардың жұмысы туралы айтып берді. Бүгінде «Астана жастары» жастар ресурстық орталығында 5000-нан астам белсенді волонтер бар.

– Волонтерлердің жас мөлшері әртүрлі болғандықтан, арасында кәмелет жасқа толмаған жастар да бар. Олар көбіне қала бойын­ша тұрғын үйлерде жазылып тұратын нашақорлық туралы жарнамаға сілтемелерді жою, пайдалы ақпараты бар қағаздарды тарату, рейдтерге шығу және т. б. жұмысқа араласады. Есірткі сату туралы хабарландыруды бояу, жоғалған адамдарды іздеу бойын­ша жұмыстарға да қатысады. Одан бөлек, ай сайын Ішкі істер департаментімен бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Айта кететін қызықты жайт, 2022 жылы экосенбілік кезінде біздің бір волонтер Есіл өзенінің жағалауынан есірткіге ұқсас түссіз, күдікті пакет тауып алды, – дейді Айзат.

Қылмыспен күрестен бөлек, ерікті жастар халық санағы, халықты газдандыру туралы хабардар ету, жылыту маусымы мен көктемгі су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары, шомылу маусымындағы мінез-құлық ережелері, қаланың қоғамдық орындарында коронавирус инфекциясы кезеңінде қорғау шаралары мәселелері бойынша халықпен түсіндіру жұмысын ұйым­дастырады. Осылайша Астана қаласындағы волонтерлік қызмет әлеуметтік белсенділік түріндегі аса сұранысқа ие қозғалыстың біріне айналды.

Жалпы аталған орталық құрылғаннан бері волонтерлік қызметті және азаматтар арасында әлеуметтік белсенділікті арттыруға баса көңіл бөлініп келеді. 2014 жылдан бастап волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімі осы қызметті танымал етумен, жастар арасында волонтерлерді іріктеу және оқытумен, волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстарға әкімшілік, ресурстық көмек көрсетумен айналысады. «Астана жастары» волонтерлері Рим Папа­сының массасы, дзюдодан Азия чемпионаты, «Kazakhstan Security System» форумы, «Eurasian Book Fair», «Наурыз ЭКСПО», «Иллюзия обмана» және т. б. ауқымдағы іс-шараларға үнемі қатысады.

– Волонтерлік қызмет біз сияқ­ты ерікті жастарға көптеген мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қалалық және халықаралық іс-шараларды өткізуге көмек көрсетуге, соның барысында көптеген жаңа таныс, дос табуға, әртүрлі бағытта өзінің қарым-қабілетін сынап көруге, жан-жақты болуға, бос уақытын пайдалы өткізуге, шетелден келген қонақтарға бағыт-бағдар беру арқылы шет тілін білу деңгейін арттыруға септік етеді. Соның арқасында тегін істесек те көп тәжірибе жинап, алғыс хат аламыз. Ең бастысы, халықтың алғысын алып, қоғамға аз да болса өз пайдамызды тигізуге ұмтылуды мақсат етеміз, – дейді волонтер.

Олар сонымен қатар экология, әлеумет, спорт бағытында, төтенше жағдай туындағанда, event іс-шаралар бойынша сабақтан және жұмыстан босаған кезде қоғамдық жұмыспен айналысуға құлшына кірісіп, бұл іспен өз еркімен және ерекше қызығушылықпен шұғылданады. Кішілері мектеп пен колледж жасындағы, үлкендері университет студенттері мен жұмыс істеп жүрген жастардан құралған елорда волонтерлері белсенділіктің арқасында қала өміріндегі маңызды істерден ешқашан тыс қалмайды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button