Рухани жаңғыруТаным

Зар заманның абызы

 Қазақ әдебиеті тарихындағы танымал тұлға, зар заман ағымының көр­некті өкілі, ақын-жырау Шортанбай Қанайұлының 200 жылдық мерейто­йына орай алдағы 15 мамырда Қарағанды қаласында «Шортанбай жырау тұлғасы: дәуір шындығы және ұлттық дүниетаным» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. соған байланысты төменде жыраудың бір қырын ашатын мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Еліміз егемендігін алған тұста сөнгенді жандандырып, ұлттық болмысымызды танып, өткенімізден сабақ алып, өз заманымызға қарай бейімделу кезі енді. Елбасымыздың еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарын ортаға салуы да осы айтылғандарды алға тартады. Оның басты ұстанымы – ұлттық сананы заманға сай қалыптастыру. Сонау тарихы тереңінен бастау алатын рухани кодын танып, сақтап қалу. «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деп дұрыс көрсетті.

Нұрлан МАНСҰРОВ, Филология ғылымдарының кандидаты

Қазақ руханиятының тамыр­шы­лары әдебиетшілер мен тарихшылардың ізденістеріне серпін берген осы сәтте өткен ғасырларда шығармашылығымен қазақтың кодын жырына ар­қау етіп, оны келер заман­ға аманаттаған ақын-жырау­лары­мызды айналып өту ауыр күнә болар. Бұл туралы Дулат, Мұрат, Шернияз, Нұржан, Әбу Бәкiр, Мақыш сынды ақын-жыраулар шегіне жеткізіп жырлап берген.
Бұлар – ұлтымыздың тари­хына, мемлекет дамуына тү­бегейлі бетбұрыс алып келген ХІХ ғасырдың жаршылары. Бұл ғасырдың күрделі кезеңдері патша отарлауының белең алуымен шиеленісе түсті. Ақ патшаның өктемдігін және отаршылдық саясаттың шынайы бет-пердесін ашқан жыраулар халықтың атынан арыз айтып, суырылып алға шықты. Олар отаршылық бұғауын мойнына ілген халықтың ауыр халін, көнеден жалғасып келе жатқан көшпенділер мәдениетінің құлдырап бара жатқанын өз көздерімен көріп, оны сол заман­ның зобалаңы деп дәл тауып жырға қосты.
Зар заманның аяғы –
Заманың кетті баяғы,
Ықылас-ниет қалмады,
Үлкенге билік салмады, – деген ақынның дуалы аузынан шыққан жыр жолдары қазақ әдебиетінде «Зар заман» деп аталатын тұтас дәуірдің атын айшықтады.
Сол зар заманның жыраула­рының басында Шортанбай Қанайұлы тұрды. Биыл республика көлемінде 200 жылдығы атап өтілетін Шортанбай Қанай­ұлының шығармашылығы бүгінгі күннің зарымен де үндесіп, қазақтың соңғы абызының бола­шақты көре білгені таңғалдырады. Сондықтан да Шортанбай шығармашылығы – ХІХ ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы, сәуегейлігі мен болашақтың бүдірлі бейнесін дөп басқан деп айта аламыз.
Шортанбай жырау өзі өмір сүрген дәуірінің тарылғанын, азғандығын, тозғандығын үнге қосты. Үмітсіздікке бой алдырған тұста тұңғиық тереңге батқан қазақы болмыстың келмеске кеткенін сезіп, қамықты. Одан алып шығар жол іздеп, сан жаққа шарпыды. Осы кезеңде қоғамдық қатынастардың өзгеруінен пайда болып жатқан дүниеқұмарлық, жандайшаптар мен жемқорлар озбырлығы жанына батты. Соның салдарынан ақын жырлары келгінділерге кеткен олжаларды толғап, қақпанға түскен аңды көргендей қаймығудан туады. Оны ол былай жырлайды:
Арқадан дәурен кеткен соң,
Қуғындап орыс жеткен соң,
Тіпті амал жоқ, қазақтар
Түсті соның торына.
Шортанбайдың әу баста көзге түсетін ерекшелігінің бірі – өзге ақындар сияқты емес, не айтса да дін үкімдерін тірек етуі. Өйткені ақын ешқашан Алланы аузынан тастаған емес. Ал екіншісі – тәлім-тәрбиені ескі салт-дәстүр тұрғысында дәріптеуі. Мұның басты көрінісі – тарихи дәстүр жалғастығы.
Міне, қарабайыр халықтың ауыр халін суреттеген әрі шынжыр балақ шұбар төстерді әшкерелеген ақын молла Шортанбай заман бейнесін дәл суреттей білген суреткер әрі әлеуметтік болмысты нақты айта білген ақын ретінде танылған. Өзінің білімдарлығы мен діндарлығы оны келешекті болжай білген абыз ретінде сипаттап, шығармалары мазмұны мен маңызы жағынан шебер ұштастыратын жырау болғандығын паш етеді.
Расында, ХІХ ғасырдың өн бо­йында орын алған қиындықтар империяның ұлы далаға енгізген өзгерістері мен заңдарынан туындаған. Мұндай қиындықтар ел ішіндегі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарға тыйым салып, тілінен, дінінен аластатуды мақсат етті. Шұрайлы жерлеріне қол салды, ел билеудің жаңа жүйесін енгізді. Ал бұл өз кезегінде саяси тұрғыдан жалпыхалықтың болмысына сызат түсіріп қана қоймай, мүлдем жаңа бейнедегі тегінен адасқан ұлттың дүниеге келуін елестетті. Осылай тұс-тұстан ауыр халге кез болғанын дұрыс аңдаған ақын Шортанбай қауіп-қатерден құтылудың жолын іздейді. Оның бірі жоғарыға дат айту болса, екіншісі бір Алладан жәрдем тілеу деп ұғады.
Мақсатты отаршы елдің саясаты күннен-күнге күшейіп өзгеріп сала берді. Үстемдік жүргізіп, билік пен байлыққа жетудің түрлі тәсілдерін ойлап тапты. Оның ең бастысы, хандық құрылымды жойып, болыстықтарға бөлді. Әр болысқа басшы тағайындау үшін сайлаулар өткізді. Нәтижесінде әр өлкеге бөлінген елдің арасына рулық сызат түсіріп, елдік, ұлттық ұғымдарды ығыстырып, олардың араларына алауыздықтар тудырып, араздықтарды күшейтті.
Абыз ақын Шортанбай Қанай­ұлы осындай саясатты көр­ген соң, қолына қалам алып, отар­шылардың озбырлығы мен биліктегі әділетсіздікті сөз етті. Оның өлеңдері халыққа жақын, жарасына ем, жыртығына жамау іспетті қабылданды. Оның бұл тұрғыда айтқандары қоғамдағы нағыз жоқ-жітіктің, азып-тозған елдің жоғын жоқтаушы болғанын көрсетеді.
Дүние шіркін ақын ойлағандай болмаған соң, қайырды бір Алладан сұраудан басқа амал таппайтындай сезілді. Нәтижесінде заманның зарлы үнін діни сарынмен нақышына келтіріп бояп, суреттеуге кірісті. Оны ақыр заманның белгісі ретінде көрсетті.
Ақын адамзаттың пендешілікке бой алдырып, салтынан, дәстү­рінен, әдет-ғұрыптарынан алас­тап, келгінділердің айтқаны мен дегенінің арқасында барлығы өзгеріп бара жатқанын байқады. Сан ғасыр ұстанып келетін дініне нұқсан келгенде имандылықтың кеткенін, мұсылманшылықтың алыстай бастағанын жыр етті:
Көтерілді керемет
Кәламдағы алыптан,
Тәубесі қабыл бір жан жоқ
Қазақ деген халықтан.
Сөйлеген сөзі жалған-ды,
Шайнаған асы арам-ды,
Кім мұсылман, кім кәпір,
Бір Аллаға аян-ды.
Осы негізде Шортанбай шы­ғармалары діни тұрғыда насихат ретінде жырланды. Тіпті олардың әрқайсысы белгілі бір бағытта тізбектелді. Айталық, өрістің тарылғаны, өскен ортаның оңалмасы, туыстықтың бұзылуы ақынға бұрынғы дәуірдің қайта келмеске кеткендей сезілді. Мұның барлығы елінен, жерінен ажыраған халықтың зарлы үні іспетті түйілді:
Еділді алды, елді алды,
Енді алмаған нең қалды?
Қараны санап – малды алды,
Қазаққа қамқор ханды алды.
Кетейін десең жерің тар,
Сандалғанның белгісі –
Берекет кетті асыңнан,
Ұлдан қызық көрмедің,
Қорлықпен өстің жасыңнан.
Ұлым, қызым деп кеттің,
Айырылдың құда, досыңнан.
Тілеуіңді бермейді,
Көзіңнің жасын имейді.
Азаматтар, жігіттер,
Айғыр айтып сойсаң да,
Әуелгі заман келмейді!
Заманақыр кезі енді!
Шортанбай зары – заман зары. Ол азған елдің бірлігінен айырылып, берекесі қашқанын, ал ағайын мен туғанның біріне-бірі қас болғанын, мұның барлығы заман ақыр болғанда бірге туған бауырдың тату да болып жүре алмасын, жақсылардың асқанын көре алмасын, яғни бірге туса да, бірге тұрудың жайы жоқтың кебі. Міне, мұны да жырға қосқан ақын:
Жас сыйламас ағасын,
Алып, жыртты-ау жағасын!
Бірі-біріне көпсініп,
Қуат қылар баласын.
Шыдай алмай ызаға,
«Қой» деп айтса, тіл алмас,
Ақсақалдан ұялмас,
Жүгірісер қалаға.
Құныққан соң жалаға,
Алып бір шығар далаға.
«Дұшпаның кім?» деп сұралса,
Алып бір келер ауылына –
Өзінің туған бауырына.
Келген соң кімді аясын,
Жығып салар дүреге,
Қызыққан соң параға.
Шортанбай ақын діни үкімдер мен шариғат амалдарын жете түсіне білген әрі имандылықты өз жырларына арқау еткен. Ол бабалардан жеткен дәстүрлерді қаз қалпында сақтап қалуды мақсат тұтқан жан. Сондықтан дінді қару етіп үнге қосқан. Тіпті кейде иманға шақырып тәубеге келуді, құлшылық жасауды да сөз етеді:
Ей, муһмин,
Құлшылық қылсаң не етеді?
Ажал болдырмай қуып жетеді,
Мінезге бағым табылмас,
Ғадетіне кетеді.
Тақуа да болған ғалымдар
Бұ жалғанда не етеді?
Баяны жоқ шіркінді
Бір күн тастап кетеді.
Сөз жоқ, дінді арнайы сөз етуі де оның діни сауатының көрінісі деп білеміз. Ол – ХІХ ғасыр ақындарының ішінде дінді насихаттап, діни танымды жырға қосқан жыршы. Өмірдің саналы ғұмырында мұсылманшылықты бетке тұтып, сол арқылы өзінің идеологиялық көзқарасын ұсына білген. Оның сараң адамға анықтамасы «Малдан зекет бермеген, Аузына құдай кiрмеген» деп келедi, «Жаббардың екi болмайды, Әмiр қылған жарлығы» деген «ақиқатты» еске сала кетедi, «Құдай деген мүһминнiң, Ауыздан кетпес тобасы, Иманы бардың белгiсi тiлiнен тамар шырасы», «Сираттың желi соққанда, Руза-намаз пана-ды» деген сияқты өзi таныған шындықты мойындайды» дейді академик Рабиға Сыздықова.
Шортанбай шығармаларындағы араб сөздерінің кең қолданысын ақын өмір сүрген ХІХ ғасырдың саяси ахуалымен тікелей байла­ныстыруға болады. Себебі осы ғасырдың екінші жарты­сында қарапайым халық мұсыл­ман­дықтан аластатыла бастаған сәтте олардың ислам дінінен шығып қалуынан қауіптеніп, көркем сөз шеберлері дінді уағыздауды қайта қолға алған болатын. Мұнда да Шортанбай оның бастаушы ретінде көрінді.
Өзі молда әрі сөз шеберлігін таныта білген ақын шығармалары ислам дінін уағыздағандай аңғарылды. Сол себептен болса керек, оған отаршылардың, елдегі жандайшаптардың үрке қарағандығы. Өйткені оның шығармалары дінді насихаттап, оны үгіттеп қана қойған жоқ, сол арқылы қоғамда болып жатқан оқиғаны нақты жеткізе білген. Тіпті оның тақырыптары да солай болып келеді. Айталық, «Атамыз Адам пайғамбар», «Ей, мүһмин, құлшылық қылсаң не етедi?», «Байды құдай атқаны», «Құдайға мақұл ісің жоқ», т.б.
Ал мұндай туындыларда өзге ақындар мен жырауларда кездеспейтін сөздер, сөз орамдары орын алады. Олар: абзал, аят, ақырет, дәрет, жаза, жұма, зина, кәләм, лақат, сәлде, сират, тақуа, т.б. Мұндай сөздердің қолданысы да ақынның ақиқатты дәріптегенін, сол арқылы әр ойға шариғи үкіммен байлам жасап, айтайын деген ойды дәл, нақты жеткізе білгендігін көрсетеді:
Дін жолынан айнымас
Шырағы енді мұсылман,
Алла деген айырылмас
Айтсаң жолыңнан,
Түзу жолға түсірер
Алла деген тобыңнан.
Діндар ақын ақиқаттың қашан­да орындалуын, ол үшін қасиетті Құран Кәрімнің сиратул мустақим жолымен, яғни тура жолмен жүруді насихат етеді. Қондыгерге жазған хаттан Алланың жазған хатының абзалдығын алға тартады:
Күнәһар болма, жігіттер,
Алланың жазған хаты бар,
Кәләм-шәріп Құранда
Мың бір есім аты бар!
Бұл сөзімді ұғады
Иман нұрлы заты бар.
Шортанбай Қанайұлы дінді ғана уағыздап, шариғатты дәріптеп, құлшылықтан бас алмай, имандылыққа шақыруды меңзеген жоқ. Ол заманында орын алған қатыгез саясатқа қарсы дінді қару етті. Ұлықтардан күткен жанашырлықты көре алмаған қарабайыр халық дінмен өзін жұбатсын деп ұқты. Өйткені ол діни сенім мен діни ұстанымды барлығынан жоғары қойды.
Шындығында, кез келген билік өз өктемдігін жүргізу барысында ол қандай кедергі болмасын жою­ды көздейді. Сондықтан Шортанбай заманында да, одан кейінгі кезеңде де дін атаулы қатаң әшкереленді. Онда діннің атыменен затына да назар аударылмады. Барлығын түгелімен қиратып, жойып, діни ғимараттарды бұзып немесе атқораға айналдырды. Ал бұл өз кезегінде сенімін аяқасты етті, ар-ожданын таптады. Ол солай болып та шықты. Бүгінде соның зардабын әлі күнге дейін ішке бүгіп сақтап келетіндердің де табылатыны жасырын емес. Кешегі кеңестік жылдары жетпіс жылдан аса уақытта, тарихи өлшеммен екі ұрпақтың алмасуы ұлттық болмыстан, тілден, сөз еткен діннен аластатты. Нәтижесінде тілі шүлдірлеген, дінінен адасқан, ұлттық болмысын тани алмайтын, таныса да оны заманауи өлшеммен шектеп қоятын ұрпақ қалыптасқанын көрсетті. Бүгінгі дін, тіл үшін орын алатын арпалыс сол кешегіден қалған сарқыншақтардың қал­дығын бір жүйеге салу қажет­тігінен туса керек-ті. Бұл – кезінде Шортанбай ақынның нақ айтқанының шынайы көрінісі.
Қай ақын не жыршы, мейлі ол жазушы болсын, өз заманын суреттеуге тырысады. Алайда кім қалай суреттейді? Бұл – үлкен сұрақ. Бұл тұрғыда да Шортанбай өз заманын барынша ашық суреттейді. Соның негізінде ол дінмен сипаттап, шындығын жасырмай жа­йып салады. Оның біз кезінде Шортанбайдың «айыбы» деп танылып, шығармашылығының кең тарауына құрсау болған бір ұстанымын ғана сөз еттік. Алайда ақынның ашылмаған сырлары қаншама.
Белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев ақынға қойылған «айып­ты» саралай келе: «Шортанбай – осы екі үлкен айыптың екеуіне де дәл келетін ұлы дарын, зар заманның зор да адуынды ақыны, гөй-гөйді мейлінше шегіне жеткізе, шындық деңгейінде айтып, зарлап кеткен қоғам қайраткері, ірі идеолог. Онда діндарлық та бар, отаршылдыққа, біздің кейінгі түсінігіміз бойынша орысшылдыққа қарсылық та бар. Бұл екеуін енді ашық айтып, инабатпен баяндау шарт» дейді.
Шортанбай Қанайұлының шығармашылығы қазақ әде­биетіндегі ақтаңдақтар қатарында болғандығы оны әлі де зерттелмей келетін тұстары барын ашып көрсетсе, біз негіз еткен бағыттар ақынның шығармашылық толғау­ларының бір қыры ғана деп қабыл­дау қажет.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button