Қала тіршілігі

«Қазақ елі» жаңартылады

Жақында әлеуметтік желілерде еліміздің басты монументі «Қазақ елі» алаңындағы тастардың құлап жатқаны қызу талқыға түскен болатын. Расымен де салмағы ауыр мәрмәр тастар ойламаған жерден өткіншілердің басына түссе, біреу-міреуді жазым етпей қоймасы анық. Осындай оқыс оқиға болмас үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Мәселенің мән-жайын анықтап көрдік.

«Қазақ елі» монументінің негізгі бөлігі Мәдениет және спорт басқармасының балансында болса, алаңның бір бөлігі Алматы ауданының әкімдігіне, енді бір бөлігі Тәуелсіздік сарайына және тағы бір жарым жартысы «Шабыт» шығармашылық сарайына қарайды екен. Мамандардың сөзіне сүйенсек, мәрмәр тастары шытынап, түсіп жатқан монументтің артындағы колоннадаға алдағы аптада жөндеу жұмыстары басталып, қала күніне дейін аяқ­тау жоспарлануда.
– Колоннаданың кейбір же­ріндегі мәрмәр тастар расында да құлап қалған. Тағы да босап, құлағалы тұрғандары бар. Осы­ған байланысты қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Жақын арада мердігер ұйым анықталысымен монументтің артындағы бағандар жөнделе бастайды. Жалпы, жөндеу жұмыстары жоспар бо­йынша қала күніне дейін аяқ­талады. Сонымен қатар колон­надан бөлек мұндағы кетеуі кетіп, алаңның сынын бұзып тұрған жерлер де жаңартылады. Айта кету керек, бұған дейін бұл жердегі су бұрқақтар қалпына келтірілген болатын, – дейді
Алматы ауданы әкімдігінің абаттандыру және инфрақұры­лымды дамыту бөлімінің жетекшісі Руслан Оралов тілшілерге берген сұхбатында.
Мамандардың айтуынша, осынау алаңға жөндеу жұмыстары жыл сайын жүргізілетін көрінеді. Бірақ бұған дейін алаңның басқа уческелері жөнделіпті. Мысалы, былтыр Тәуелсіздік сарайына қарасты аумақтың шамамен 500 шаршы метр көлемде қабырға керомаграниттері мен 300 шаршы метр жер төсемі ретке келтірілген.

– Алаң үлкен. Біздің аумағымыз да аз емес. Сондықтан тиісті жерлерді жыл сайын жөндеуге тура келеді. Биылғы жөндеу жұмыстарына 58 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға шамамен 400 шаршы метр қабырғадағы керамогранит пен 700 шаршы метр көлеміндегі жер төсемдерін жаңарту жоспарланып отыр. Осы жұмысты 1 маусымға дейін аяқтау межеленді. Қазіргі уақытта барлық құжаттарымыз дайын. Енді тек келесі аптада келісімге қол қоюды күтіп отыр­мыз, – дейді Тәуелсіздік сарайы директорының орынбасары Дулат Қожахметов.
Ал алаңдағы «Шабыт» шығармашылық сарайына тиесілі аумақта 148 шаршы метр керамогранит зақымдалыпты. Оны жөндеуге 3 млн 600 мың теңге бөлініп отыр екен.
– Біздегі проблемалар, негізінен, қыстың күндері қар жинайтын көліктер мен тиеуіштердің салдарынан туындайды. Бұл мәселелер жыл сайын қайталанып, қалпына келтіріледі. Бұған дейін әкімдік қаржыландырып келді. Енді өз есебімізден жөндейтін боламыз. Осы аптаның соңына дейін қызмет көрсетуші анықталуы керек. Қазір қайта монтаждау жұмысы басталып кетті. Бізге тиесілі аумақтағы жөндеу жұмыстары мамыр айы­ның соңына дейін аяқталуы тиіс, – дейді «Шабыт» шығармашылық сарайының әкімшілік шаруашылық қызметі жетекшісінің орынбасары Дінмұхамед Түймебаев.
Реті келгенде, қайта монтаж­дау жұмысын жасап жат­қан жұмысшылармен де аз-кем тілдестік. Олардың айтуынша, осыған дейін алаңдағы кей­бір жерлерге таңылған керомаграниттер аз мөлшердегі цемент ерітіндісімен ғана жапсырылған. Бұрынғы мердігер ұйымның жауапсыздығына таңданыстарын білдірген жұмысшылар бұл жолы ондай олқылықты жібермейтіндерін айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button