Қоғам

Мұстафа Шоқайдың көшесі қайда?

Жақында ауылдан Жықаң көкем келген. Бұл кісі елден алысқа ұзап шықпаған адам. Өмірінде Арқалыққа бір-екі рет қана жолы түскен болар. Одан басқа шаһарға ат ізін салып көрмеген. Бірақ тіршіліктен тергені көп. Әр нәрседен ой түйіп жүреді. Осы жолы айкөркем Астананы көрейін деп табан тірепті. Жаңа вокзалдан күтіп алдым. Алып ғимаратты көріп, таңдайын қақты. Көлікке отырғаннан «ал, бала, баста» деп ерікті өзіме берді. Шаһарға алғаш келген қонағымды алып, үлкен көшелер бойымен жүйтки жөнелдім. Әуелі, сол жағалауды араладық. Бас қаланың символы саналған «Бәйтеректі» көрсеттім. «Мәңгілік ел» қақпасына бардық. Енді шетінен кертіп көшелерді таныстырып келемін. «Мынау, Әлихан Бөкейхановтың, анау Ахмет Байтұрсыновтың көшесі. Ана бүйірде Дінмұхамед Қонаев атындағы көше қалып барады» деп қоямын көкеме. Ол болса «ой, арыстар-ай» деп риза болып, марқайып отыр. Бір кезде көкем «Мұстафа Шоқайдың көшесі қайда?» деп қойып қалды. Тілімді тіс­теп, не айтарымды білмедім.
Шындығында, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, көрнекті қоғам қайраткері, алаш қоз­ғалысы көсемдерінің бірегейі, Түркістан автономиясының жетекшісі, өмірінің соңына дейін азаматтық ұстанымынан таймаған қайраткерге егемен елдің ордасынан бұйырған көше қайда еді?! Білмесеңіз, айтайық. Ол – бүгінгі қаланың шетіндегі бұрын «Промышленный» кенті болған, қазір тұрғын алап атанған аудандағы ұзындығы 1108,8 метр­ге созылған көше. Бұның ескі атауы «Перспективный» болған екен. Қалай тауып қойылған десеңізші?! Жер бетінде қазақ деген халық бар да Мұстафаның аты өлмейтіні мәлім ғой.
Бір жылдары Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновқа елордадан елеусіз көше берілді. Сол кезде зиялылар дабыл қағып, алаштың ардақты екі азаматына сол жағалаудағы көрнекі көшелерді беру керек деген мәселе көтерді. Ақыры, бұл іс сәтімен жүзеге асты. Ал Шоқай есімі сол қалпында қалып қойды. Үш Алаш ардақтысының көшелері қатар жатса айып па? Осыны қалалық ономостика комиссиясының мүшелері ескергені жөн еді. Қысқасы, бүкіл түркі жұрты төбесіне көтерген Мұстафа атамыз өз елінде ұмыт болатын тұлға ма?!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button