Басты ақпаратҚоғам

«Жас сарбаздар» – жалынды жастар

Елімізде жігерлі жастардың басын біріктіріп, патриоттық тәрбие ­беруді мақсат еткен «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республиканың барлық өңірінде таралған. Ал елордада «Жас сарбаздың» қатарына қосылып, ел игілігіне қызмет етсем деген белсенді ұл-қыздардың саны – 8 мыңға жуық.

Әскери-патриоттық қозғалыс 2018 жылы Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылып, бүгінде республика бойынша 300 мыңға тарта жасөспірім мүше атанған іргелі ұйымға айналды. Жасөспірімдер арасында әскери-патриоттық тәрбие берудегі жүйелілік және білім беру процесінде тәрбие жұмысының маңызын көтеруді алға тартқан қоғамдық бірлестік қазіргі таңда өз тиімділігін көрсетіп отыр. Бас қаладағы 110 мектеп және 35 колледжде «Жас сарбаз» сыныптары мен клубтары құрылып, қарқынды түрде жұмыс істейді. Ұйым құрылғалы бері Астана қаласында 150-ге жуық әскери-патриоттық клуб пен «Жас сарбаз» сыныбы ашылды.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңестің отырысында әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді және «Жас сарбаз» қозғалысын ұлттық деңгейге көтеруді тап­сырды. Осыған сәйкес, ұйымның жұмысы туралы «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек айтып берді.

«Еліміздің әр аймағынан «Жас сарбаз» филиалы құрылып, белгіленген бағыт бойынша жұмыс істеп келеді. Оның ішінде басымдықтың бірі заманауи технологияларға негізделіп, робототехниканың қыр-сырын үйрететін «Smart sarbaz» сыныбына беріледі. Яғни аталған сабақта қашықтан басқару арқылы көп іс атқаруға болатыны үйретіледі. Мәселен, қазір дрон, датчик арқылы минаны залалсыздандыру сияқты әскери саланың міндеттерін шешуге болады. Одан бөлек, тәрбиеленушілер жеңіл атлетика марафонына, түрлі спорт секцияларына қатысып, осы бағыттағы жарыстардан да бақ сынайды. Сондай-ақ әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша дала жиындары өтіп, мұнда «Жас сарбаздар» командалары белтемірге тартыну, автоматты бөлшектеу және құрастыру, арқан тарту, жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша нормативтерді орындауда жарысады. Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуда интеллек­туалды сайыстар өтіп тұрады. Бұл тәжірибеге ТМД мемлекеттері қызығушылық танытып, биыл Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстаннан арнайы өкілдер іс-шараларға келіп, қолдау білдіріп, ұйымды бүгінде өздерінде де ашып отыр» деді спикер.

Ұйым жетекшісі 2018 жылдан бері жасөспірімдер мен жастардың әскерге баруға, қорғаныс саласына деген ынта-жігері бірнеше есе артқанын айтады.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңестің отырысында әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейін­гі тұжырымдамасын әзірлеуді және «Жас сарбаз» қозғалысын ұлттық деңгейге көтеруді тап­сырды

«Бала тәрбиесі бесіктен бас­талады. Қоғамның әскерге деген көзқарасы басқа. Әскерге барған азаматтар арасында уақытты босқа өткіздім деген түсінік қалыптасқан. Ал «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері арасында бұл салаға қызығып баратын жастар баршылық. Олар қозғалыс аясында Халық қаһармандары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлерімен кездеседі. Олардың тағылымы мен ұлағатын, ақылы мен кеңесін тыңдау үшін жай кездесу ғана емес, балалардың ардагерлермен жақын араласуы, бос уақытын тиімді өткізуі жолға қойылады. Сонымен қатар әскери бөлімшелерге апарып, әскердің бір күндік өмірімен танысады. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде патриот жастарымыз тәрбиеленіп жатыр» деді А.Налшыбек.

«Жас сарбаз» қатарына кіру тегін. Ұйымға кіруде басты талап ретінде оқу үлгерімінің жақсы болуы, физикалық да­йындықтан сүрінбей өтуі және денсаулығын тексеріп, медициналық анықтама тапсыруы қажет. Яғни қозғалысқа іріктеу арқылы үздіктер қабылданады. Қозғалыстың артықшылығы – қатарға қабылданған «Жас сарбазға» куәлік беріледі. Ол куәлік мектеп бітірген соң әскери оқу орнына түсуге жеңілдік береді. Әскери оқу орнына түсемін деген баланың оқу орнына хат жіберіліп, оның «Жас сарбаз» болғаны расталады.

Ұйым жұмысын ілгерілетуде Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жас сарбаз» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі кешенді іс-шараларды жүзеге асырады. Былтырдан бері 2000-ға жуық адам қатысқан бірқатар айтулы іс-шара бар. Мәселен, жас сарбаздықтар Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылуының 33 жылдығына байланысты Ауған соғысының ардагерлерімен кездесті. Сондай-ақ Kinopark компаниясымен бірлесіп, елордадағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне мультфильм көрсетіліп, SF Food компаниясының тәтті тағамдар тарату ісі дәстүрлі түрде өткізіледі. «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға керек-жарағын табыстауда да көмек көрсетеді. Қала тазалығын қамтамасыз етуде тұрақты түрде сенбіліктерге шығады. «Жас сарбаздың» барлық өңірде төл желілері болады. Қозғалыс мұның сыртында жастарды өз қатарына көптеп тарту үшін өз қызметінде әлеуметтік желілерді, YouTube-арнасын кеңінен пайдаланады.

Бұған қоса, соңғы жылдары қыздардың да әскерге деген қызығушылығы артып келеді. Жасөспірімдердің қозғалысында әскери-патриоттық сыныптар мен клубтар ашылған кезден-ақ қыз балалар да қызығушылық таныта бастады. Солардың қатарында елордадағы Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектептің 11-сынып оқушысы, мектеп белсендісі және «Жас сарбаздың» тәрбиеленушісі Аймерей Полат бар. Оның айтуынша, бұл ұйым – жастардың бос уақытын тиімді үйлестіретін әрі әскери өмірге дайындайтын үлкен мектеп.

«Жас сарбаз» қозғалысы әрбір жасөспірімнің патриоттық сезімін арттыруға, балалардың дарынын шыңдауға бағытталады. Бұл ұйымға 7-сыныпта қабылдандым. Мен үшін ол үлкен жетістіктің бірі болды. «Жас сарбаз» тәрбиеленушісі атанған соң, ұйымға мүше болған 15 баламен бірге өзгелерге үлгі болуға тырысамыз. Осы уақытта біз алғашқы әскери дайындық пәнін меңгеріп, саптық да­йындық, автоматты уақытқа шашып-жинауды үйрендік. Әскери іс-шаралардан қапы қалмай, «Жас сарбаз» деген атымызға лайық жүруді мақсат етеміз. Жан-жақты, әр салаға икемді болуға және жеке қызығушылықтарымды тануға осы ұйымның қосқан үлесі көп» дейді тәрбиеленуші.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button