Мәдениет

Жас суретшілердің шеберлігін шыңдайды

Астанада жас суретшілердің шеберлігін шыңдау, кәсіби біліктілігін арттыруға дем беру мақсатында кәсіби суретшілердің «Academism and Progress» халықаралық симпозиумы ашылды.

Астана қалалық Мәдениет және спорт басқармасы, ҚР Ұлттық музейі және «Женщины Степи – Дала арулары» қоғамдық қоры бірлесіп өткізген бұл симпозиумға Тбилиси, Санкт-Петербург, Бішкек, Самарқанд, Алматы, Шымкент, Павлодар қалаларынан 25 қылқалам шебері және 15 елордалық суретші қатысуда. Қатысушылар құрамында жиырмадан енді асқан жас суретшілер де бар. Симпозиум 28 ақпанға дейін жалғасады деп жоспарланған.


Конференцияның салтанатты ашылу рәсімі Тәуелсіздік сарайының көрме залында өтті. Шара барысында қатысушылардың 60-тан аса еңбектері көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ симпозиумға қатысушылар ҚР Ұлттық музейінде шеберлік сыныптарын өткізіп, бейнелеу өнері жолына енді ғана келген жастармен тәжірибе алмасады, жиналған қауым алдында өз қолдарымен жаңа туындылар салады.
– Бұл шара Жастар жылына орайластырылған. Басты мақсаты – қоғам назарын Қазақстанның мәдениетіне аудару. Бүгінгі заманда түрлі еліктірерлік коммерциялық сипаттағы ұсыныстар көп, нағыз көркем суретпен айналысу қиын. Сондықтан өз ісіне адал жастарға шабыт беру суретшілік өнердің керегесін кеңейте түсетіні анық, – деді «Женщины Степи – Дала арулары» қоғамдық қорының президенті Роза Жүсіпова.
Айта кетейік, 21 ақпанда Қазақ ҰӨУ конференция аясында «Қазақстандағы көркем суреттің реализмі: мұра, үндеулер, трансформация» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтеді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button