Басты ақпарат

Жастар жылы – жаңа мүмкіндіктер жылы

Биылғы 2019 жыл – Елбасымыздың бастамасымен Жастар жылы болып жарияланды. Жас адамның бойына тән қасиет – максимализм. Ендеше 2019 жыл – қолға алынған әлеуметтік бағдарламаларды максималды түрде іске асыратын жыл.

– Елбасымыз алдымызға нақты талаптар қойып отыр. Астана түрлі дарындар мен таланттардың ордасына айналуы керек. Бұл – Мемлекет бас­шысы­ның артып отырған міндеті. Жақында Жастар ісі жөніндегі кеңестің жиынына қатыстым. Онда жастармен пікірлесіп, түрлі мүмкіндіктерді қарастырдық, маңызды басымдықтарды анықтадық. Сөйтіп Елбасымыз­дың бізге қойған талаптарына сай «Астана жас­тары-2019» жол картасын әзірледік. Құжатқа енген шаралар жастарды демеп жіберу, дұрыс бағытқа жетелеу және бойындағы талантын танып, тамырын жаюына жағдай жасау үшін бағытталады, – деді әкім халыққа есеп беру жиынында.
Шаһар басшысы өз сөзінде Жастар сарайы қайта жаңғыртылатынын айта келіп, бұл орын жастар мен мемлекеттік органдарды байланыстыратынын тілге тиек етіп өтті.

Балабақша мен мектеп саны артады

Әкімдік білім саласында мектепке дейінгі бүлдіршіндерді толығымен арнайы орталықтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ мектеп санын арттыру мәселелерін қарастырмақ. Бұл проблемалар қалай шешілмек? Нақтырақ тоқталар болсақ, 40 пайызы жекеменшік балабақшалар есебінен (мемлекеттік тапсырыспен 214 балабақша) қарастырылыпты. Бұған қоса, 4 балабақша ашылмақ. Оның біреуі, яғни 90 орын көру қабілеті нашарлаған балаларға арналады.
– Мектеп мәселесіне тоқталар болсақ, 2023 жылға дейін қазіргі 161 мың орынға қосымша 120 мың орын қосылады. Былтыр жаңадан 4 мектеп ашылды. Ал қаңтар айынан бастап №20 мектеп жұмыс істей бастады. Жазда М.Жұмабаев даңғылындағы білім ошағының құрылысы аяқталады. Бұған қоса, 12 мың орынға арналған 16 нысанның құры­лысы жалғасып жатыр. Оның 12-сі биыл аяқталады, – деді Бақыт Сұлтанов.
Әкім сөз арасында оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін мектеп жанынан қосымша Community орталықтарын ашу туралы шешім қабылданғанын қозғап өтті. Онда робототехника және модельдеу, шахмат, хореография, stem-зертханалар секілді үйірмелерге басымдық берілмек. Бір орталықтың базасында 800 балаға дейін қамтылады. Сондай-ақ оқушының үй жұмысын қосымша білім беру орталықтарында орындау мәселесі де қарастырылып отыр. Бұл ретте көпбалалы отбасылар мен жеңілдігі бар балаларға басымдық беріледі.
Қала әкімі елордадағы 77 мектепте, 13 балабақшада және 4 колледжде ерекше қажеттілігі бар жастарға жағдай қарастырылғанын жеткізді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қамту 6 мың оқушыны құрайды. Бұл жалпы 7,5 мың жастың 80 пайызын құрайды.
– Педагогтарды қолдау шарасына ерекше тоқталғым келіп отыр. Биыл тағы да 1000 тұрғын үй сертификатын таратуды жоспарлап отырмыз. Қосымша 300 орынға арналған жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын. Ал ұстаздардың мәртебесін көтеру мен жалақысын айтарлықтай көбейту туралы арнайы шешім қабылданды, – деді Астана әкімі.
Бұдан бөлек, биыл қауіпсіздік басты назарға алынбақ. Осы мақсатта білім беру мекемелерін 100 пайыз бейнекамерамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Жақсы жұмыс – жанға тыныс

Жиында техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде талап етілетін мамандықтарды алу үшін қосымша 1 мыңнан астам грант көзделгені белгілі болды. Ал оқу уақытында жатақхана, тегін жол жүру мен тамақтану, стипендия секілді мәселелер қарастырылған. Сондай-ақ Жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы ЖОО түлектері жұмысқа орналаса алатыны белгілі болды.
– Жұмыссыздық мәселесі бәрі­мізді алаңдатып отыр. Бұл проб­лема бізге дейін де өзекті болған. Жұмыссыздық деңгейі Қазақ­стан бойынша тек бізде ғана өте төмен, яғни 4,5 пайызды құраған­мен, көбі жұмыс орнына қанағаттанбайды, – деді Бақыт Сұлтанов.
Жиын барысында бас қаламыз­да еңбек биржасының бары айтылып, жұмысқа орналасу процесі барынша ашық болатыны қозғалды. 30 мың адам жұмыспен қамтылыпты. Биылдан бастап қоғамдық қызметкерлердің жалақысы 48 мың теңгеден 84 мың теңгеге артты.

Дәрігердің жалақысы өседі

Шаһар басшысы сөз арасында медицина еңбегі көп елене бермейтін салалардың бірі екенін қозғай отырып, дәрігерлерді қайсар жанға балады. Дегенмен қалалық емханаларда кадр тапшылығы, қызметкерлердің сапалық көрсеткіші әлі де көңіл көншітпейтінін қозғап өтті. Айтуынша, осы мақсатта түрлі қадамдар жасалыпты. Қазіргі уақытта мынадай 4 мәселеге басымдық беріліп отыр: аурудан болатын өлім-жітім көрсеткішін азайту, тиімді профилактика мен емдеу үшін инфрақұрылым құру, кадрларға арналған әлеуметтік пакет, сондай-ақ жабдықтау және инновация.
– Былтыр туу көрсеткіші 3,4 пайызға артты. Жыл сайын 30 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Ал өлім-жітім 10 пайызға азайды. Мәселен, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 18 пайызға, жүрек талмасынан болатыны 9 пайызға және гипертония 8 пайызға төмендеді, – деді Бақыт Сұлтанов. Сонымен қатар онкологиялық ауруды емдеудің жаңа тәсілі арқылы қатерлі ісіктен болатын өлім 8 пайызға азайғаны белгілі болды.
Жиында әкім Астанадағы медициналық мекемелер Қазақстан бойынша алғашқы орында тұрғанын айта келіп, әрбір бесінші пациент емделу үшін бізге келетінін мәлім етті. Осылайша медициналық туризм жыл санап артып келе жатыр. Сондай-ақ үшінші инсульт орталығы, катамнез бөлімшесі, яғни шала туған сәбилерді қамқорлыққа алатын орын ашылды.
Бұдан өзге, «Доктор үйіңізде» деген атауға ие болған алғаш­қы медициналық-санитарлық көмек желісін дамыту тұжырымдамасы табысты іске асырылып келеді. Былтырдың өзінде бұл жоба 8 млрд теңгені үнемдеуге септігін тигізді. Ал 2023 жылға таман 15 млрд теңге үнемделмек. Осы жылдың соңына дейін ол 20 нысанда жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек, «Денсаулық білезігі», «Smart Astana» туралы да жиында жан-жақты әңгіме қоз­ғалды.

Таза ауа – денсаулық кепілі

Қоршаған ортаға жауапты мамандар үшін жұрттың көбірек жүріп, көлікпен аз қатынағаны, сондай-ақ тұрғындардың айналаны ластамағаны маңыздырақ.
Газ тарату желілерінің құры­лысы басталады. Ең алдымен Көктал-1, Көктал-2, Оңтүстік-Шығыс, Железнодорожный тұрғын алаптары қамтылмақ. Бұл ауаға тарай­тын қауіпті заттарды 80 пайыз­ға дейін азайтады. Кәдімгі қыстыгүні болатын қою түтін сейілетін күн алыс емес.
Жиын барысында әкім қоқыстарды сұрыптап төгуді өтінді. Себебі жыл соңына дейін қалдықтарды қайта өңдейтін екі зауыт салыну жоспарланса да бұл мәселе түбегейлі шешілмейді екен. Сонымен қатар ол Астана маңындағы орманда 10 млн ағаш барын, биыл тағы 500 мыңы егілетінін мәлім етті. Жыл соңына дейін 5 саябақ, 2 желекжол, жаңа веложолдар мен көше тренажерлері салынады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button