Қала тіршілігі

Жеңімпаз атанғандар жүлделерін алды



DSC_8126

Жастар көргеніне еліктейді. Сондықтан, ырысы мен ынтымағы ұйыған, берекесі мен мерекесі таусылмаған, бақытты, абыройлы отбасыларды үлгі етіп, ел алдына шығару – игілікті шара.

еше Оқушылар сарайында өткен Астана қалалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанатында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Сыздықов осылай деді.
Расында да, уығы берік, керегесі кең, ша­ңырағы биік, бақытты отбасының көп болуы – мемлекет дамуының алғышарты. Сондықтан да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдан бастап елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы тұрақты өтуіне мұрындық болған еді.
Бала тәрбиесін уысынан шығармаған отбасы институтын нығайта түсетін бұл байқау, әлеуметтанушылардың тілімен айтқанда, адам жанына жылылық ұялататын, ең шынайы, ең өнегелі, игі бастама болған. Соның дәлелі шығар, оған қатысуға ниетті азаматтардың да қатары көбейіп келеді екен.
Нақтырақ айтсақ, Астана қаласының өзінде, өткен 2014 жылы алғаш рет «Мерейлі отбасы» байқауы өткізілгенде бұл шараға 44 отбасы қатысқан. Ал биылғы байқау жарияланысымен құжаттарын жинап, тапсырып үлгерген 51
отбасы байқаудың мерейлі биігіне, яғни, талаптарына сай келіпті.
Сонымен, Астана жұртшылығы екінші рет өткізілген «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегерлерімен танысуға мүмкіндік алды.
Байқау қорытындысы бойынша, отанасы ұлттық қолөнерді жалғастырып, отағасы біліктілігі мен тәжірибиелілігі арқасында талайды дертінен айықтырып, талай өмірді жалғап келе жатқан Дүйсенбаевтар отбасы және екі бірдей мүгедек баланы аялап өсіріп, жалпы бес бала тәрбиелеп отырған қайырымды жанұя Рублевскийлер отбасы үшінші орынға лайық деп табылды. Бұл жүлдегерлерге Астана қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Сыздықов қала әкімдігінің дипломы мен арнайы сыйлығын табыстады.
Ата-анасынан бастап, бала-шағасына дейін стол теннисін серік еткен Герасименколар мен он бала, жиырма алты немере, бір шөбере сүйіп, үбірлі-шүбірлі, берекелі қазақ жанұясының үлгісін көрсетіп келе жатқан Оекеневтер екінші орынды иеленді. Сахнаны толтырып, көз қуантқан Оекеневтер мен Герасименколарға диплом мен сыйлығын Президент жанындағы Астана қалалық отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссияның хатшысы Рима Иманғазиева табыстады.
Ал бірінші орын осыдан он бес жылдай бұрын сахнаға қамшы ұстап шығып, Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әнін орындаған ұлдарымен-ақ фамилиясы танымал болған өнерпаздар отбасы – Жүгінісовтер мен спортта талай елде қазақ намысын қорғап жүрген Елеусіновтер отбасына берілді. Бірінші орын иелеріне жүлдесін табыстаған ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі,
«Отбасым» журналының бас редакторы Шолпан Сыздықова жеңімпаздардың енді республика бойынша өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, көрсеткен үлгі-өнегесі мен жиған абыройымен қатарынан озған екі
отбасына Астана әкімдігінің арнайы дипломы және шаңырақтың үлкендеріне әлемнің кез келген еліне барып, дем алуға жолдама берілгенін атап өтті.
Салтанатты кеш отбасылық топпен және
дуэтпен орындалған тамаша әндермен көріктене түсті.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button