Мәдениет

Жібекті көре алмадық-ау…

немесе бір қойылымнан кейінгі ой

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры қойған «Қыз Жібек» атты драмалық опера туралы театр таратқан аңдатпада: «1934 жылы қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» драмалық опера түрінде сахналанды. Ғасырға жуық уақыттан кейін ұлтымыздың інжу-маржаны «Қыз Жібек» операсын көрермен назарына драмалық опера жанрында қайта ұсынбақпыз. Жаңаны тудырғың келсе, өткенге қайта орал. Бәрі басталған нүктеге…» делінген. Сөз жоқ, қуана-қуана қолдауға лайық тірлік. Сонымен бірге, жаңалық атаулының тағдыры күрделі, ой мен ақылды, қайрат пен батылдықты сынға салатыны тағы бар. Қоғамдағы, ең бастысы, адам басындағы жаһандану психологиясы, шамасы, сахналық нұсқа авторлары Мирас Әбіл мен Ләззат Алпысбаеваны, қоюшы режиссер Әлібек Өмірбекұлын, театрдың тұтас ұжымын батыл ізденіске жетелесе керек.

Шымылдық ысырылды. 1925 жылы аспирант кезінде жазып, 1927 жылы алғаш жарық көрген, іле шала кеңестік идеологияға зиянды еңбек ретінде түгелдей «тұтқындалған» «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде М.Әуезов: «Қыз Жібек әңгімесінің негізі ескі замандағы ел әдебиетінің ертегі сияқты әңгімесінен алынған. Бері келгенде, өлең өлшеуіне салып, суретті әңгімеге айналдырып, поэма қылып шығарған Жүсіпбек қожа. Бұл күнде қолымызда ескі «Қыз Жібек» әңгімесі жоқ. Сондықтан алғашқы тұлғасы қандай еді, оған өңдеуші Жүсіпбек қанша жаңалық қос­ты, қанша өзгертті, ол туралы біз долбар жасай алмаймыз» депті. Жаңа қойылым авторлары да Ғ.Мүсірепов жазған нұсқа мен жаңағы Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы қаттаған нұсқаны негізге алыпты. Демек, осы арада ой туады, ескі мен жаңаның үйлесімі келісті ме, халқымыздың інжу-маржанына қылау түскен жоқ па?

«Қыз Жібекті көре алмадым» деді үзілістегі сауалнамамда екі студент қыз. Әрине, олармен келісуге де болады, келіспеуге де болады. Жібек, сөз жоқ, қойылымда бар, ол әсіресе Е.Брусиловскийдің дәстүрлі музыкалық әуенмен сіңісіп кеткен сиқырлы сазы араласқан жерлерде тұла бойыңды шымыр­латып жібереді. Ал операның драманы басып кеткен тұстарында көңілімізді өзімізге әлі де түсініксіз бір жайсыздау сезім билейді. Неге? Несі бар, басса баса берсін, бұл драмалық опера, бірін-бірі толықтырып тұр ғой дегіміз келеді. Жоқ, бұл музыкалық драма театры, сондықтан драманың екінші кезекке ысырылуы үлкен кемшілік дейді екінші бір ой. Оның үстіне операны балетсіз, бисіз көз алдымызға әкелу қиын. Ал аталған қойылымда би атымен жоқ, сонда операмыздың өзі өз табиғатымен драмаға жартылай келіп қосылған болып шықпай ма? Сұрағыма жауапты өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Б.Нұрпейістің 2023 жылғы 10 қарашада «Қазақ әдебиеті» газетінде шыққан «Ізденістер мен іркілістер» деген мақаласынан тапқандай болам. «Бірінші орында актерлердің вокалдық орындаушылығына мән беріліп, драмалық көңіл күй мәселесі екінші қатарға кетіп қалған» дейді театр маманы. Демек, вокалдық орындаушылықтың драмалық көңіл күйді басып кетуін театр маманы кемшілік ретінде сынап отыр. Театр ұжымы мұны білмеді ме? Меніңше, білді, мәселе басқада.

Жалпы, жоғарыда айтылғандай, 1934 жылы қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» драмалық опера түрінде сахналанғаннан кейін сахнада тұрақтап, оқырманға қайыра ұсынылды ма? Тіпті, драмалық опера деген ұғымның өзі бізге белгілі ме? Болса, қазақ сахнасында оның қандай нұсқасы қойылды? Егер қойылмаса, Қ.Қуанышбаев атындағы театр­дың бұл қойылымын жалпы республика сахнасын тың жанр­мен түрлендірудің жемісі деп бағалаған жөн. Алайда операны ұнататын, драманы ұнататын көрермен жаңағы кемшілікті ізденістің «әттеген-айларына» қоса салмайды. Жібектің гәккулетіп рухани әлемімізді кезіп жүрген, сұлулық пен махаббатты қызғыштай қорғап, самғау биікке көтерген тотемдік бейнесін тіпті де төмендеткісі келмейді. Жаңағы студент қыздардың пікірі де осыған саяды. Жаңа нұсқадағы «Қыз Жібек» атты драмалық операның Ғ.Мүсірепов нұсқасын негізге алған «Қыз Жібек» операсы мен «Қыз Жібек» кинофильмінің биік деңгейінде қабылданбаған себебі драма мен операны ұштастыруды көздейтін сәтті шығармашылық ізденістің діттеген жеріне жете алмағанынан-ау деп ойлаймын.

Танымымыз бен санамызға әбден сіңісті болған классикалық музыканың қойылымды еркін билеп алуы заңды. Бірақ қойылымдағы драмалық көңіл күй, оқиға мен кейіпкерлердің драмалық желісі, шиеленісі бәсеңсісе, драмалық операның күретамыры, яғни драмалық табиғаты, сөз жоқ, сұрғылт тартады. Өйткені Б.Нұрпейіс айтқандай, «Қойылымда Бекежан мен Төлегеннің білек күшімен немесе өткір тілмен қызға таласатын сахнасының мүлдем жоқ болуы» сияқты алтын арқаудың босаңсуы, тіпті «мүлдем жоқ болуы» көрерменнің ыстық қанын суытып, ғазиз жүрегін, сөз жоқ, күйіндіреді.

Сондай-ақ сөз қолдану әдісін шығарма авторы шешетіні белгілі. Сонымен бірге сол қолданылған әдістің көрерменге немесе оқырманға әсерінің қандайлығын автор емес, көрермен мен оқырман ғана біледі. Бұл тұрғыда автордың көрермен мен оқырманға тәуелділігін жоққа шығаруға тіпті де болмайды. Қазір әдебиетімізде қазақтың мәйекті сөздерін, тіркестің астарлы, терең иірімдерін қолдануға, түсінуге қиын деген желеумен, тілді қарабайырлайтын салқын түсінік белең алып бара жатқан сияқты. Бұл, яғни әр сөздің сүзгіден өтіп, атылған оқтай түзілуі, әсіресе, драма үшін өте қажет. Әйтпесе, драма драма бола ма? Театр маманы Б.Нұрпейістің «Қаракөз» спектакліне қатысты елеңдеушілігі де осыған меңзейді. Өкінішке қарай, мұндай қарабайырлық «Қыз Жібекке» де тән. Әсіресе, Жібектің Төлеген қайтыс болғанын естіген, іштегі сүйгеніне деген сағыныш жалыны жарқ етер, Бекежанға қарғыс сөзін арнаған күйзелісті сәттеріндегі шақпақтай шағылуға тиіс сөздер пенделік қана қайғыру, тағдырға мойынсұну сезімдеріне бой алдырып, көрерменді бойкүйезденген күйге түсіреді. Бұрынғы қойылымдарда Жібек ғашықтық дертпен жалын ата сөйлемеуші ме еді? Міне, осы арада мынадай ой келеді. Жаңа қойылымның авторлары үлкен батылдықпен классикалық мәдени мұрамызға жаңа түр, жаңа мазмұн бергісі келді екен, ендеше негізге алғанмен, Жүсіпбек қожаның да, тіпті Ғабит Мүсіреповтің де беделі мен шығармашылық ұстанымы шеңберінде қалып қоймай, қайта олармен жақсы мағынада шығармашылық бәсекеге түсіп, жаңа ұрпақтың жаңа тынысын, жаңа танымын сахнаға шығарған жөн-ау деген ой келеді.

Режиссердің мизансцена мүмкіндігін пайдалануы құптауға тұрады. Жас авторлар параллелизм әдісімен екі Жібекті, екі Төлегенді сахнаға дұрыс шығарған. Және бұл әдіс ескі мен жаңаның түрленуіне мықтап қызмет ете алар еді. Алайда қойылымдағы екі Жібек те, екі Төлеген де ғашықтық күйзелісімен ширыға толғанбайды. Ынтыққан үннен гөрі, қарапайым сезім үні басым. Ғашықтық деген – ерекше құбылыс. Ерекше құбылыс болғандықтан, ол жырға айналып, сол жырдан Ғ.Мүсірепов пен Е.Брусиловский классикалық дүние тудырды. Жаңа кезең келді, сол жаңа кезеңнің жас толқыны сол ерекше құбылысқа жаңа көз, жаңа таныммен қарайды. Авторлардың мақсаты да – осы жаңа танымды паш ету. Жоғарыда аталған екі студент қыздың «Жібекті көре алмадық» деуінде де осындай ынтықтық бар. Осы ынтықтық екінші Жібек пен екінші Төлегенді бүгінгі Жібек пен Төлегеннің үніне жетелейді. Мұны жүзеге асыру, әрине, оңай емес. Қойылымдағы кемшіліктің сыры да осында деп ойлаймын. Сахнадағы көрініс толып жатқан мизансценалар мен авансценалардан тұратыны, көріністің тартымдылығы режиссердің мұны шебер пайдалана білуіне байланысты екені белгілі. Режиссердің, міне, осы бағыттағы шеберлігі жетіспей жатқанға ұқсайды. Ә.Мәмбетов қойған «Ана-Жер Анадағы» мизансценадағы майдангер ұлымен сырласқан Толғанайдың авансценадағы майдангер ұлымен сахнаға қатар шығып, соғыс сұмдығы туралы шырқыраған жан дауысы қандай әсерлі еді. Жаңа драмалық операдағы ғашықтық күйзеліс Ш.Айтматов суреттеген жан күйзелісінен тіпті де кем емес. Бірақ қатар тұрып алып, айтысқа түскендей диалогтардан екі Жібектің немесе екі Төлегеннің ғашықтық ынтықтығы мен ғашықтық дертін ыстық жүрекпен қабылдау қиын. Екінші Жібек немесе екінші Төлеген дәстүрлі ғашықтықтан қазіргі зама­науи ғашықтықтың бір белгісін жылт еткізер деген үмітіміз де ақталмады. Аван­сценадағы жүгіртпе жол арқылы жыр мен қойылымның тұтас­тығын аңдатуға талпыныс та діттеген жеріне жете алмаған. Жүгіртпе жолдағы мәтіндер мазмұны кей жерлерде оқиға желісімен қабыспай да кетеді.

Драмалық опера жанрының, қойылым авторлары бедерлеген жанр ретінде, көңілден шықпауына тағы бір себеп мынада. Шындығында, Жүсіпбек қожа мен Ғабит Мүсіреповпен тілдесетін Мирас Әбіл мен Ләззат Алпысбаева сияқты Е.Брусиловскиймен де үндесетін автордың болуы заңды сияқты көрінеді. Мұны жүзеге асыру мүмкін бе? Ойлантады. Қалай болғанда да, Е.Брусиловскийдің классикалық әуеніне Ғ.Мүсіреповтің классикалық сөз саптауы ауадай қажет. Әуен мен тіл шебер үндескенде ғана опера мен драма арасы жақындай түседі. Егер Ғ.Мүсіреповтің кестелі тілімен драмаға жан бітіретін ақ өлең мақамы жаңа қойылымда жаңа түрмен ғашық жүректерге жол тапса драманың тынысы ашыла түсер еді, драма мен опера бір-бірімен табиғи сіңісіп, бір құбылыспен кесек дүниеге айналар еді.

Театр маманы Бақыт Нұр­пейістің: «Халқымыздың інжу-маржанына айналған санаулы ғана шығармаларымызға ойланып барғанымыз жөн» деуі салмақты, жауапкершілігі үлкен тұжырым. Маман шығармашылық ізденісті құптай отырып, классикалық дүниелерді қызғыштай қорғай келе, жас ұрпақты жаһандану заманындағы кейбір келеңсіз құбылыстарға бой алдырудан сақтандырады. Мысалы, Жібектің анасының қызын Базарбайдың ауылына келіп Сансызбайға қосудан немесе сал ауруына ұшыраған мүгедек Сансызбайдың Төлегенмен барабар, тіпті батырлығы жағынан Төлегеннен бірде-бір кем емес Бекежан сияқты кесек тұлғаны қылқындырып өлтірткізуден авторлар не ұтты. Мұндай немесе бұған ұқсас көрініс «Қыз Жібек» операсында да, «Қыз Жібек» фильмінде де жоқ. Аталған эпизодтарды авторлар қайдан алды, әлде өздерінің ойлап тап­қандары ма?! Иә, осыдан бір ғасырдай бұрын жазған «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде жас Әуезов жырдың күншығыс ертегілеріне, араб, парсылардың ғашықтық әңгімелеріне еліктеп басталатынын айтады. Бірақ ол шын еліктеу емес, «Біреуі жеті ғашық Сейпүлмәлік, кітаптан ғашықтығын көрдім анық» деп айтатын Сейпүлмәлік әңгімесі Қыз Жібек әңгімесіне азырақ жұғын берген сияқты» дейді, «әңгіменің құрылысы, ұлғайып өсуі, барлық адамы, адамдардың мінезі, ісі, барлығы да түгелімен нағыз қазақтікі» дейді. Нағыз қазақтың ұлттық құндылығын өңін өзгертіп, «жаңалауға» бола ма? Санамызда қалыптасқан Бекежан сияқты кесек тұлғаны аяқ астынан, кім болса о болсын, қос аяғы бірдей салбыра­ған мүгедек алдында сондай қауқарсыз, бейшара бейнеге айналдыруға қандай көзбен қарау керек? Нағыз Бекежанды қазаққа танытқан Асанәлі Әшімов ағадан бұл туралы пікір сұраудың өзі ыңғайсыз…

Сырым
БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button