Жаңалықтар

Жұмысшыға жағдай жаса!

Елордадағы Кәсіподақ орталығында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай «Бәсекелікке қабілетті еңбек адамы және оның экономикалық дамудағы рөлі» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Владимир Редкокашин, қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Қаналимов, қалалық мәслихат депутаттары және Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары қатысты.

ЖАҢҒЫРУ

Жиында кәсіподақ саласына байланысты көптеген мәселелер қозғалды. Ұлттың табысты болуы табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілеттілігімен айқындалатыны айтылды. Осы бағытта кәсіподақ ұйымдарының қыз­меткерлері мен бизнес және жастар ұйымдарының өкілдері баяндама жасады.
– Дамыған отыз елдің қатарына кіру үшін алдымен адами еңбектің беделіне басымдық берген жөн. Өйткені жоғары сапалы өнімнің өндірісі тек адамның күшінде. Жаңа Еңбек кодексі мен кәсіподақ туралы заңға сай кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қызметкерлердің құқығын қорғауға белсенді атсалысуда. Сондықтан кәсіп­орын басшылары алдымен жұмысшыға жағдай жасаулары тиіс. Сол арқылы ұйымның беделі артады, ісі өрге басады, – деді қалалық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев.
Сонымен бірге, «Астана жарық» АҚ кәсіподақ бірлестіктерінің өкілдері бірқатар кәсіпорындарда еңбек заңнамасының бұзылғанын ашық айтып, түйткілді мәселені шешу жолдарын тізіп берді. Кәсіподақтар орталығының төрағасы Сәрсенбай Мыңбаевтың айтуынша, мұндай қадам жұмысшылардың өздері ұсынған жаңа жұмыс үлгісі екен.
Бүгінде бас қалада 9 саладан құрылған 510 кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Мәжіліс қорытындысында әлеуметтік серіктестікті дамыту, еңбек­ақы көлемін өсіру, еңбек ахуа­лын жақсарту, нарыққа қажетті маман иелерін анықтау, тәлімгерлікті дамыту, жұмысшылардың құқықтық білімін жоғарылату және еңбеккерлердің қоғамдық-саяси белсенділіктерін көтеру секілді бірқатар ұсыныс жасалды.

Азамат ҚҰСАЙЫН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button