Сұхбат

Жұрттың сенімінен жоғары баға жоқ



Жұмысшы мен қызметшінің мүддесін қорғау, еңбек заңдылықтарын сақтау мәселесі әрқашан өзекті болған. Біз бүгін осы тақырып аясында әңгіме қозғауды жөн санадық. Газет тілшісінің сұрақтарына Нұр-Сұлтан қалалық Кәсіподақ орталығының төрағасы Тастанбек Есентаев жауап берді.

– Елорданың ауқымы кеңіген сайын жаңа кәсіп­орындар мен мекемелер ашылып жатыр. Ал сол жаңа ұжымдарда кәсіподақ ұйымдары бар ма? Жалпы, қазір жұртшылықтың кәсіподаққа деген сенімі қандай?
– Біз ұстанып отырған бас­ты мақсат – ұжым бар жерде, еңбек қатынастары бар жерде міндетті түрде кәсіподақ ұйымы болуы тиіс. Өйткені ұжым болғаннан кейін еңбек даулары туындап, еңбек адамдарының құқығы тапталуы мүмкін. Адамдар осындай шарасыз күйде қалған сәтте олардың мүддесін кім қорғайды? Әрине, кәсіподақ.
Мүддесі тапталған адамның құқық қорғау органдарына арызданатынын бәріміз білеміз. Бірақ бұл – жүйке жұқартатын, тез арада біте қоймайтын тірлік. Денсау­лығы мен уақытын сарп етеді. Төрелігін айтатын соттың алдына барғанда арызы дәлелденіп, мерейі үстем болса бір сәрі, ал жеңіліс тапса ше? Көп жағдайда жалдамалы жұмысшылар емес, жұмыс берушілер сүттен ақ, судан таза болып шығады. Өйткені жеке еңбек шарты немесе ұжымдық келісімшарт жасамаудың салдарынан көбіне жұмысшылар жеңіліс табады. Айта кетейін, осы құжаттарда еңбек қатынастарына байланысты екі жақтың да талап-мүдделері толық көрсетілуі керек. Жұмыс уақыты, еңбекақы мөлшері, еңбек демалысы, зейнет қорына төлем – осының бәрі айқын жазылуы тиіс. Жасырып қайтеміз, қазір жұмыс берушілердің арасында келісімшарт жасаудан ат-тонын ала қашатындар аз емес. Себебі оны жасаса салықты көбірек төлеп, зейнетақы қорына жарнаны міндетті түрде аударуға тиіс болады. Онымен қоса, жұмысшы еңбекақысының бір тиынын да кемітпей келісімшартта келісілген уақытта төлеп отыруы тиіс. Еңбек демалысына шықса, қарастырылған қаражатты төлеу керектігі тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс беруші бас пайдасын ойлағандықтан, еңбек адамымен келісімшарт жасамау­дың түрлі амал-айлаларын қарастырып, қашқақтайды. Бұл – көптеген адамдар күнделікті өмірде тап болып жүрген жағдай. Егер еңбек заңдылығы бұзылған ұжымда кәсіподақ бар болса, құқы тапталған адамдарға араша түседі. Ең алдымен еңбек келісімшарттарын жасауды қарастырады. Кемшіліктерді түзейді. Еңбек заңдылықтарына сәйкес құқы тапталған адамдардың мүддесін қор­ғайды. Кәсіподақтың осындай белсенді жұмысын көргеннен кейін қатарымызға қосылуға ниет еткендер аз емес.
Бір жылдың ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 700-ге жуық мүшесі бар 20-дан аса бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Мұнымен тоқтап қалмайтынымыз анық. Қазір елордада кәсіподақ мүшелерінің қатары 85 мыңнан асты. Бастауыш кәсіподақ ұйымы – 451.
Жұрттың кәсіподаққа деген сенімінің артқаны соншалық, астаналықтар орталыққа ұдайы хабарласып, кеңес алады. Әлеуметтік желілер арқылы байланыс жасайтын елордалықтар да өте көп. Кеңесіміз тегін. Кәсіподақ орталығы туралы барлық мәліметті қалалық газеттер мен әлеуметтік желілерде жариялағаннан кейін түрлі сауалдар бойынша 200-ден астам адам хабарласты. Олардың арасында тіпті Германия азаматтары да болды. Бұқарамен байланыстың осындай түрлерін де қазір кең қолдана бастадық. Кәсіподақ орталығына көмек сұрап хабарласатын азаматтар да көп. Бір-екі мысал келтірейін. №9 қалалық емхананың мейірбикесі бес адамның орнына жұмыс істеп, тек бір жарым ставканың еңбекақысын алып келген. Ал №3 балалар музыка мектебі ұстаздарының санаты төмендетіліп, еңбек­ақылары азайған. Кәсіподақ орталығының араласуы арқасында ғана олардың құқығы қорғалып, өтініштері орындалды. «Нұр-Сұлтан қалалық жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі даулы мәселе кәсіподақтың араласуымен оңтайлы шешілді. «Шар-Құрылыс» және «GLB» серіктестіктерінде еңбекақы қарызы орын алған болатын. Қазір жағдай бірқалыпты. Қарыз төленді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Жалпы, еңбек және әлеуметтік заңдылықтарды сақ­тау­ға байланысты 2018 жылы 190-нан астам кездесу, әңгімелесу және тағы да басқа іс-шараларды өткіздік. Жүздеген адамға кәсіподақтың көмегі мен шапағаты тиді.
Кәсіподақ орталығы тек өндіріс немесе құрылыс ны­сандарында ғана емес, ха­лыққа қызмет көрсететін орын­дарда да жиі болады. Мә­селен, «Шапағат» және «Әлем» базарлары аумағындағы әрбір дүңгіршекке, әрбір сауда нүктесіне барып еңбек заңдылықтарына бай­ланысты түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Шара барысында 80-нен астам сатушының еңбек келісімшартын жасамай-ақ жұмыс істеп жүргені белгілі болды.
– Жүздеген жұмысшысы бар кәсіпорындар жабылып жатыр. Жұмыстан қысқарып жатқандар да көп. Кәсіподақ олардың да мүддесін қорғай ала ма?
– Әрине. Қазір Елбасының тапсырмасына сәйкес Қазақстанның барлық ай­мағында цифрландыру бағ­дарламасы кезең-кезең бо­йынша қарқынды жүзеге аса бастады. Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп әкімдіктен бастап елорданың барлық дерлік саласы мен жүйесі цифрландыруға көшті. Бұл – уақыт талабы. Осыған сәйкес кейбір мамандықтардың қажеті болмай қалды. Жұмыссыз қалған, жұмыстан қысқарған азаматтарды да кәсіподақ қанатының астына алады. Оларды қайта даярлау курстары арқылы қоғамға қажетті мамандықты игеруге көмек жасаймыз. Цифрландыру дегеннен шығады, кәсіподақ орталығының да осы жүйеге көшуінің арқасында кәсіп­одақ мүшелерінің тізімі, жиналған жарна, оның қайда, қандай мақсатқа жұмсалғаны – бәрі айқын, ашық.
– Елордадағы құрылыс орындарында жұмысшылардың өндірістік жарақат алуы мен мерт болуы азаймай отыр. Оның себеп-салдары неде?
– Елордада құрылыс қарқынды. Осы іспен айналысу мақсатында құрылып жатқан компаниялар да көп. Жазатайым оқиғалар көбіне жаңадан жұмыс істей бастаған компаниялардың және олардың мердігерлік ұжымдарының құрылыс алаңдарында орын алады. Өйткені олар, тәжірибенің жоқтығынан болар, еңбек қауіпсіздігі ережелері мен талаптарына жеткілікті кө­ңіл бөлмейді. Айналым қа­ражаттың аздығынан құ­рылысшыларды қажетті киіммен, керек-жарақпен қам­тамасыз ете алмайды. Еңбек қауіпсіздігіне байланыс­ты күн сайын нұсқау берілуі тиіс. Ондай маман кейбір компанияда бола бермейді. Болған күннің өзінде басқа жұмыстарды қоса атқаратындықтан, еңбек қауіпсіздігімен айналысуға уақыты болмайды.
Бірқатар ірі компаниялар құрылыс жұмыстары үшін кішігірім құрылыс ұйымдарымен мердігерлік келісімшартқа тұрады. Мұндай жағдайда шағын құрылыс бригадалары ең алдымен жұмысты тезірек бітіруді ойлайтыны белгілі. Олар тіпті техника қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мамандары қызметін пайдаланбайтыны да жасырын емес. Өйткені артық ақша төлегісі келмейді. Оған бас ауыртқаннан гөрі жұмыс көлемін тезірек бітіріп, қаражаттарын алуды ойлайды. Осылай асығып-аптығып жүрген жерде жазатайым оқиғалардың орын алатыны жасырын емес. Тіпті ұсақ-түйек бригадалардың құрамында мамандығы мен тәжірибесі жоқ, құрылыстың жай-жапсарын білмейтін жұмысшылар да көп. Олар – жан-жақтан жұмыс іздеп келгендер. Арнайы дайындықтан өтпейді. Еңбек қауіпсіздігін білмейді. Мұның соңы, сөз жоқ, қайғылы оқиғаға әкеледі.
Ірі құрылыс компанияларының көбінде кәсіподақ ұйымы әлі күнге жоқ. Құруға да асығар емес. Өйткені өзі би, өзі қожа болып қалғандықтан, басқа ұйымның еңбек жағдайына араласуын қалай қоймайды. Өндірістік жарақаттар да осындай жерде орын алады.
Ал «АРАБТЕК» құрылыс компаниясында бастауыш кәсіподақ ұйымы бар, ұжымдық келісімшарт жасалған. Жұмыс берушілер еңбек жағдайын жақсарту мен қауіпсіздігін сақтауға айрықша назар аударады. Адам капиталын бағалайды. Еңбек қауіпсіздігіне байланысты құрылысшылар білімін жетілдіріп отырады. Елордадағы барлық ірі құрылыс компанияларында дәл осындай жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ бұл әзірге арман ғана. Ерте ме, кеш пе, оған да жетеміз деп ойлаймын. Осы мақсатта еңбек инспекторларымен бірге кәсіподақ өкілдері де қажырлы жұмыс жүргізіп отыр. Нәтижесі болатынына үміт зор.
– Ұжымдық келісімшарт туралы айтып қалдыңыз, осы­ны елеп-ескермей отыр­­ған ұжымдар көп пе?
– Бұл сауалыңызға цифрмен жауап берейін. Нұр-Сұлтан қаласындағы Статистика департаментінің мәліметіне қарағанда, 60000-нан астам заңды тұлға бар. Оның 30000-ы жұмыс істейді. Бүгінде елорда бойынша жасалған ұжымдық келісімшарт – 4545. Осыған қарап-ақ бағамдай беріңіз. Әрине, бұл жерде біздің де кемшілігіміз бар шығар. Әлеуметтік әріптестермен бірге осы бағыттағы жұмысты жандандырудың іс-шаралары жасалды.
– Ал кәсіподақ орталы­ғының атсалысуымен жү­зеге асып жатқан «Елор­да – адалдық алаңы» жоба­сы­ның мақсаты қандай?
– Бұл – қалалық әкімдік пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес агент­тігімен бірлескен жаңа жоба. Мен осы жобаның сарап­шысымын. Бүгінге дейін сыбайлас жемқорлыққа қар­сы мәдениетті қалыптас­тыруда еңбек ұжымдарының рөлі жайлы бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Агенттіктің арнайы мониторинг жүргізетін топтарының ар­қасында бірнеше өткір мә­селелер шешімін тапты. Мә­селен, елордадағы емханаларды цифрландыру жайлы біраздан бері айтылып келе жатқан еді. Осы мәселе оңтайлы шешілді. Білім беру мекемелерінде балаларды тамақтандыру жайы да бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде көтеріліп келе жатқанын жақсы білесіз. Жаңа жобаның шеңберінде бұл көкейкесті мәселеге де нүкте қойылды. Елордада бірнеше кәсіптік-техникалық колледждер бар. Оларға грант ала-құла бөлінетін еді. Республика орталығына ауа­дай қажет мамандықтар бойынша гранттар жеткілікті бөлінбейтін. Бұл мәселе де тәртіпке келтірілді. Мемлекеттік қызметкерлер үшін «Ашық кеңістік – Open space» технологиясын енгізу де осы жаңа жобаның нәтижесінде жүзеге асты.
– Тастанбек Құтжанұлы, өзіңіз спортқа жақын бол­ғандықтан шығар, кә­сіп­одақтың спорттық-­са­уықтыру қоғамы ашыл­ғанын естідік.
– Иә, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерация­сының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның бастауымен адам денсаулығын сақтау мен жақсарту мақсатындағы тың жоба – кәсіподақтың спорттық-сауықтыру қоғамы ашылды. Бұл қазіргі таңда өте қажет. Өйткені адамның денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Дене шынықтыру мен спорт – денсаулықтың кепілі.
Естеріңізде бар шығар, кешегі кеңес кезеңінде кәсіп­орында болсын, мекемеде болсын спортпен айналысуға барлық жағдай бар еді. Спорт залдары мен алаңдары болатын. Жыл сайын спорт құрал-жабдықтарына қаржы бөлінетін. Спорт са­йыстары жиі өтетін. Мұның өзі адамның еңбекке деген құлшынысын арттырып, жігерін жанитыны айдан анық. Мамандардың зерттеуіне қарағанда, спортпен шұғылданған адамның көңіл күйі жоғары, сергек болады. Сонымен бірге жұмыс істеу қабілеті де артады.
Жаңа жобаны жүзеге асыру қалалық Кәсіподақ орталығына тапсырылды. Оны ойдағыдай орындадық. Негізгі мақсат – еңбек адамдарының спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасау. Олар жаппай бұқаралық спортпен, өндірістік гимнастикамен айналысатын болса, ұжымда қалыпты көңіл күй қалыптасып, еңбек өнімділігі де артатыны сөзсіз. Тек еңбек адамдары ғана емес, олардың отбасы мүшелері де осы игілікті іске тартылса деген ниет бар. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша бұл бас­таманың баянды болатынына өз басым сенімдімін.

Сұхбаттасқан
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

 


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button