Қала тіршілігі

Жылу. Су. Жарық



Тұрғындар саны өсіп, шаһардың көлемі ұлғайған сайын қала халқына талапқа сай қызмет көрсетуде жүктеменің артпаса, кемімейтіні белгілі. Бұл тұрғыда түйткілдердің, апатты жағдайлардың болмауы мүмкін емес. Яғни тұрғындарды жылумен, сумен, электр жарығымен қамтамасыз етуде шешімін күткен мәселе жетерлік. Аталмыш сала бойынша қандай олқылықтар орын алып, қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл туралы таяуда қала әкімінің есеп беру кездесуінде де айтылған еді. Осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.

СҰЛУЫНАН  ЖЫЛУЫ

Астананың қысы қатты екені бесенеден белгілі. Арқаның аязы қысып, қарлы бораны соққанда өңменіңнен өткен суықтан қорғану үшін «сұлуынан жылуы» деп қалың қиініп, жылы жерді паналауға тырысасың. Жалпы, Астана әлемдегі ең суық астаналардың үштігіне енген екен. Сондықтан бас қаладағы жылу беру жүйесінде дамылсыз жұмыстар жүргізіледі. Елорда әкімі Әсет Исекешев тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде осы салаға қатысты көптеген ақпараттарды ортаға салды.

Жылу энергия­сын тұтынушылар 2005 жылы 85 мыңға жуық қана болса, 2017 жылы олардың саны үш есеге артқан, яғни 240 мыңға жеткен.

– Былтыр жаңадан салынған тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу-электр жүйесіне қосып, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бірінші және екінші жылу-электр стансасы жаңартылып, үшінші жылу-электр станса орталығының құрылысы мен қаладағы энергетикалық кешен нысандарын дамыту негізінде де қыруар жұмыстар атқарылды. Жыл сайын осы тұрғыда қала бюджеті инвестициясының 20 пайызы, яғни 30-40 млрд теңге бөлінеді, – деді Әсет Исекешев өзінің баяндамасында.
Сонымен қатар қала әкімінің мәліметінше, өткен жылы жылу желілерінің 18,8 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіліп, 16,4 шақырымды құрайтын жаңа жылу желісі салынған. Соның нәтижесінде «Оңтүстік Саранда» тұрғын үй кешені мен Қазақ гуманитарлық-заң университеті және Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы сияқты сол жағалаудағы бірқатар мекемелер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Сондай-ақ, былтыр Тілендиев даңғылының бойындағы жеке қазандықпен жылытылып келген бірқатар тұрғын үйлердің жылу желілерін жобалау жұмысы да басталған. Өткен жылдан бастап қала әкімінің тапсырмасы бойынша аталмыш үйлердің тұрғындары коммуналдық төлемдерін қалалық тарифпен төлеуде.

ЖАРЫҚСЫЗ КҮНІҢ ҚАРАҢ

Қалалы жерде электр жарығынсыз күн көру қиын. Себебі басқасын былай қойғанда, тоңазытқыштың суытуы, электр пешті қолданып тамақ істеу сияқты тұрмысқа қажеттінің барлығы электр жарығына тәуелді екені белгілі. Егер бір күн жарық болмаса, күнің қараң болып, үйдің іші пана болмай кететіні де жасырын емес. Сондықтан электр қуатының үздіксіз беріліп тұруы әр адам үшін аса маңызды. Алайда қалада жарықтың сөніп қалуы жиі болмаса да, аракідік болып тұрады. Мысалы, өткен жылы қала бойынша 956 электр жарығы апатты түрде сөніп қалған екен. Оның 166-сы «Астана-РЭК» АҚ желісінің олқылығы болса, қалған 790-ы жекеменшік құрылыс компания­ларының жіберген қателігінен орын алған.
– Мынаған назар аудару керек, электр жарығының сөніп қалу жағдайлары көбінесе ішкі желілермен байланысты. Яғни нысанды салған құрылыс компаниясының кінәсінен болады. Бірақ қандай жағдайда да жергілікті билік бей-жай қарамайды. Апатты жағдай орын алса, «Астана-РЭК» дер кезінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Егер олардың жұмысы ұзаққа созылатын болса, онда сол нысанды электр жарығынсыз қалдырмас үшін уақытша дизельді генераторлар орнатылады. Алайда бұл жерде желілердің күтімі мен сапасы туралы сұрақты компаниялар мен пәтер иелері кооперативтерінің, тұрғындардың өздеріне қою керек, – деген қала әкімі алдағы уақытта елорда энергетикасының жоғары талапқа сай болатынына зор сенім білдірді.
Бұл тұрғыда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, былтыр «ЭКСПО – 2017» аумағы мен жаңа темір жол бекеті, «Мың жылдық аллея» ауданы сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандарды электрмен қамтамасыз ететін «Тұран», «Жаңа жол», «Бәйтерек», «ИКИ», «Промзона» қосалқы стансалары салынып, кейбіріне күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Сонымен қатар апатты жағдайларды азайту мақсатында 100 шақырымдық электр желісі салынып, электр энергиясын үлестіруші 81 бекет күрделі жөндеуден өткен.

2018 жылы 10 трансформаторлық қосалқы стансаларға күрделі жөндеу жүргізілмек. Сол сияқты «Мыңжылдық аллея» ауданында 6 электр үлестіруші бекетінің құрылысы басталмақ.

Сондай-ақ, қаланың әр бөлігіндегі өндірістік нысандарды электрмен жабдықтайтын «Самал», «Керамика», «Западная», «Городская» қосалқы стансалары пайдалануға берілмек. Онымен қоса «Қазбек» қосалқы стансасы салынып, «Жұлдыз» стансасы реконструкцияланады деп жоспарлануда. Аталмыш стансалар «Железнодорожный», «Мың жылдық аллея» тұрғын үй алабын электрмен жабдықтау үшін қажет.

СУДЫҢ ДА  СҰРАУЫ БАР

Алдыңғы жылдармен салыстырғанда былтыр сумен жабдықтау жүйесіндегі апатты жағдайлар 11 пайызға азайыпты. Алайда 2017 жылы шаһарда 411 рет су тоқтап қалған жағдай тіркеліпті. Мұның жартысы сапасыз материалдарды пайдаланудың және мердігерлердің құбыр желісін орнатудағы олқылықтарының салдарынан болған. Сонымен қатар құрылыс компаниялар мамандарының инженерлік коммуникацияларды салу кезінде басқа да құбыр желілеріне зақым келтіру жағдайлары орын алған. Ал апатты жағдайлардың 40-42 пайызына желілердің тозығы жеткендігі себеп болған. Осы ретте биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 43,5 шақырымды құрайтын желіге күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік беретін 4 жоба жүзеге асырыла бастамақ. Мұнда, әсіресе, Сарыарқа және Алматы аудандарындағы апатты учаскелердің құбырлары ауыстырылмақ. Бұл жұмыстың жалпы құны 8 млрд теңгені құраса, биыл оның 3 млрд теңгесі қарастырылыпты.
– Былтыр «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізу кезінде елордалықтар мен қала қонақтарын тұрақты түрде сумен қамтамасыз ету үшін аз уақыттың ішінде ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын магистральді су тартқыш салынды. Одан бөлек тағы бір мәселе шешімін тапты. Яғни «Талдыкөл» ағын су жинағы күрделі тазартудан өткізіліп, ауаға таралған жағымсыз иіс жойылды. Ондағы сазды жердің көлемі 5,6 млн текше метр болса, оны тазарту өнімділігі тәулігіне 118 мың текше метрге дейін артты, – деді Ә.Исекешев халық алдындағы есеп беру жиынында. – Биыл ұзындығы 48 шақырымды құрайтын магистральді су таратқышты күрделі жөндеу­ден өткізуді, сорғы стансасын жаңартып, тасқын кезінде Кіші Талдыкөл көлінің су деңгейін төмендетіп, әскери қалашықтан шығатын пайдаланған суды бұру үшін кәріз коллекторы мен жаңа сорғыш-сүзгіш стансасын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстардың жалпы құны 68 млрд теңгені құрайды. Биыл соның 9 млрд теңгесі қарастырылды.
Айта кету керек, соңғы 10 жылда пайдаланатын судың көлемі 50 пайызға артқан. Тұрғындарға арналып тазартылған ауызсумен бау-бақша, гүлзарлар мен көгалдар да суа­рылуда. Ал автожуу бекеттеріндегі көлік жууға пайдаланатын судың тек 20 пайызы ғана айналымды сумен қамтамасыз етіліпті.
– Суды үнемдеу керек. Себебі судың да сұрауы бар. Бұдан былай халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, тұрғындарды суды үнемдеп тұтынуға шақыру шаралары енгізілетін болады. Бұл бағытта Азия даму банкімен бірлесіп «Астана қаласы су ресурстарын біріктіріп басқару» жобасы бойынша шеберлік-жоспар әзірлемесі басталды. Шеберлік-жоспар су нысандары мен гидротехникалық ғимараттардағы жаңбыр және техникалық суды қайта пайдалануда жерүсті және жерасты суын реттеу жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруды қарас­тыратын болады. Әзірлеме 2019 жылы аяқталады, – деді әкім тағы бір сөзінде.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде тұрғындардың 97,5 пайызы орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне қосылған. Ал 2,4 пайызы су іркуіш колонканы пайдаланса, 0,1 пайызы немесе 294 абонент жеке құдықты қолданады екен. Көшелердегі су іркуіш колонкаларды жою жоспары құрылғанын да айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта қалада 210 колонка болса, жоспар бойынша оның 102-сі 2020 жылға дейін жойылмақ. Ал қалған колонка қаланың дамуына байланысты біртіндеп алынып отырмақ.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button