Қоғам

Сурет сыры

1976 жылдың күзі Арқа төсіне құт-береке ала келген болатын. Диқандар мен механизаторлар, егіс алқабынан элеваторға астық тасыған шопырлар, халық байлығын ысырапсыз жинап алуға көмекке келген солдаттар мен студенттерді де тың төсінен көресіз. «Егін орағы – екпінді майдан!» деп ұрандата шырқаған өнерпаздар да, диқандарға жан-жақты қызмет көрсетуге келген автоклуб, автолавка дейсіз бе, не керек, барша жұрт қырман басын еңбек әуеніне бөлейді. Осынау бір думанды шақта Қазақ телевизиясының көшпелі редакциясы Целиноград облыстық телеарнасынан Арқа төсіндегі 6 облыстағы егін орағының барысын көрсететін аптасына 6 күн бойы жарты сағат «Алтын дән-76», «Урожай-76» телебағдарламасын жүргізуді дәстүрге айналдырған болатын. Кешкісін 21.30-да басталып, тың төсіндегі дүбірлі еңбектің барысын, әсіресе, 6 облыстың қамбаға құйылып, Отанға тапсырған астығының мөлшерін обкомның бірінші хатшылары қалт жібермей көретін. Ол кездері олардың арасындағы іштей бәсеке-жарысы ғажап болатын. Сол жылы Торғай облысы тұңғыш рет бітік өнім өсіріп, мемлекетке 116 миллион пұт астық тапсырып, мерейлері үстем болған-ды. Егін бітік шыққан жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев астықты өлкені аралап, диқандарға жолығып, шаруашылық басшыларымен жиын өткізіп тұруды дәстүрге айналдыр­ған. Суреттен алқаптың арғы басынан келе жатқан механизаторды тосып тұрған Димаш Ахметұлы мен Целиноград аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Евгений Золотаревты көреміз. Осы жылы Қазақстан Отан қоймасына 1 миллиард пұт астық тапсырды. Биыл Қазақ телевизиясына 60 жыл толып отыр. Сол мерейлі датаға орай осы сурет оқырманға жол тартса дедік.

Қажы ҚОРҒАНҰЛЫ,
ардагер-журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button