Руханият

Жылымық

суретші мен суреткер үндестігі

Міне, қыстың соңғы күні де жетті. Бет қаратпас бораны, дауылды бұрқасыны, аттылы кісі өте алмас қалың қары әуреге салып, есті шығарған, аязы буған, тұманы тұмшалаған қыс маусымы осымен шымылдығын жабатын шығар деп үміттенеді Арқаның төрінде созылып жатқан үлкен шаһар тұрғыны. Үміт оты жанып-өшеді кеудеде, бір жылымық нышаны білінгендей, сезілгендей, әрі-сәрі күй кешесің көбесі енді сөгіле бастаған қасат-қасат қарға қарап тұрып.

Осыдан 170 жыл бұрын дүние есігін ашқан Суретші әріптестерімен бірге жиырма жасында Еділ бойын жағалап өмір көрді, ел таныды, тақырып таңдады, жұртты тыңдады, көріністерге көз тікті. Нәтижесінде орыс бейнелеу өнері тарихында өшпес із қалдырған дүниелер туды қылқалам құдіретімен. Солардың бірі де бірегейі – 1871 жылы салынған «Жылымық».

Осыдан 77 жыл бұрын қазақ жерінде, Алтай етегінде кіндік қаны тамған Суреткер 1974 жылы қыркүйек айында арада 103 жыл өткенде атышулы «Лениншіл жастың» екі нөмірінде жарық көрген новелласында әлгі «Жылымық» туралы былай деп толғайды:

«Мен осы бір суретті көрген сайын тіршіліктің мәнін бұдан әлдеқайда терең түсініп, адам өмірінің шын қуанышын, шын қайғысын жырлау, сипаттау екінің бірінің қолынан келмейтіндігіне илана түсетінмін. Бұл суретке ұзақ, үнсіз қарап тұрып бақыт, күлкітоқтық дегеннің бәрін санамнан сылып тастап, өзім де біле бермейтін мәңгі шексіздікке, мәңгі тұманды сапарға аттанып кетуді көксер едім. Қараған сайын жүрек соғысым бәсеңдеп, енді аз-маз сәттен кейін барлығымен… қоштасып, әні-міне, арғы әлемге апарар арбаға мініп, аттанып бара жатар едім. Талай рет өз-өзімнен қысылып, өз-өзімнен булығып ағыл-тегіл жыладым да.

Мен осы бір суретті алғаш көргенде, сұлулық һәм тамаша өнер жайлы жайдақ ұғымыма ұлы өзгеріс енгізгенмін. Табынып тамаша деп жүргеніміздің көбі, шуақты сүйетін қорыншақ көңілдің көңілшектігі, тыз етпе әсіре әсерден туған біратар пікірдің салқыны екен. Қисапсыз көдедей көп дүниенің қайсыбірі жадымызда тұра береді, осындай ілудесі ғана жылдар бойы рухани досыңа айналады. Адам мен өнер арасындағы достықтың жібіне күйкі тірліктің қарғалары қаз-қатар қонып алса, ол жіптің ұзамай үзілері хақ».

Иә, бұл сурет сол заман, сол сәтте-ақ талайды толқытты, Санкт-Петербургте өткен әйгілі көрмеде бас жүлдеге ие болды, тәжірибесі мол, жасы үлкен, атағы шыға бастаған Алексей Саврасов күмісті місе тұтты. Сол заманның сұңғыла шебері Иван Крамской «Жылымық» пен А.Саврасовтың «Қарғалар ұшып келді» шығармасын пейзажға жан бітіріп, төңкеріс жасады деп жоғары бағалады. Осы атақты екі картинадан да мұңға, зарға толы мәңгілік ызғар – қыс тұмшалған орыс өмірі, баяны жоқ ит тіршілік, жоқшылық пен дәрменсіздік лебі есіп тұрғандай көрінер еді…

Суреткерге қайтып оралайық:

«…Айналаны албастыдай басып жатқан ақ қар, көк мұз ептеп жіби бастаған. Сонау бір шеткеректе бір топ ағаш үрпие өсіп, сол ағаштың жапырағынан тоналып, сидиған бұтақтарына бір топ құс ұшып қонады. Жолдың қары әуелі шылқи езілсе, ала бұлтты аспаннан оқта-текте сығалап қалар күн, жарықтық, көп ұзамай келер көктемнің жып-жылы хабарын жеткізеді. Ауада майда желемік бар-ау деймін. Қыстай қар астында ыңырсып жатқан қара жер, үстіндегі су болып жатқан мың батпан жүгінен-күпісінен құтылар күнді ойлап уайымдағандай.

Жылымық! Ақырған аяздың дәурені бітіп, бұл өңірге жылымық ұялағаннан бермен, қайғы жұтып жүдеген далада қыбыр-қыбыр қозғалыс барға ұқсайды. Анау, адамдардың ұлы табаны тиіп, бой-бойы шыққан ылжыр жолда бала жетелеп бара жатқан шаруаның қазіргі халі қандай екен?».

Суретшілердің әйгілі көрмесінде ауызға ілініп аңызға айналған картинаны меценат Павел Третьяков сатып алса, Ресейдің болашақ императоры Александр ІІІ оның көшірмесін салуды талап етеді. 12 жасында пошта тасып, 15 жасынан қолына қылқаламын алып, өз бетінше түрлі ірілі-ұсақты ұстаздың алдын көрген бозбала осы конкурстан соң Суретшілер академиясынан еркін дәріс алатын шәкірт, І дәрежелі суретшіге айналады. Александр ІІІ тапсырысымен көшірме ретінде салынған «Жылымық» 1872 жылы Лондонда өткен Бүкіләлемдік көрмеге жіберіліп, мұнда да үлкен бағаға ие болады, газеттер сыншылардың марапатын жариялайды. Орыс өмірінің салтанаттан, сәннен ада, жасандылығы жоқ, көңілсіз, қарабайыр көрінісі жат жұртта едәуір жүректі толқытып, санаға сәуле жібергендей болып еді.

Суреткер: «Сонау бір жылымық шақта, «Жылымық» деген суретті көтеріп тауға өрлеп бара жатып, адамның сыртқы дүниені, ортаны, жалпы табиғатты сезінуі, қабылдауы жайлы тұңғыш рет ой түсіп еді. Содан бері көру үшін тек қана көздің болуы жеткіліксіз, әлемдегі әр затты анықтап көру үшін жанның да жанары болуға керектігін бағамдағанмын» дегеніндей, Темза жағалауындағы көрермен Еділ бойында салынған көріністен ұқсастық, жылылық, үміт іздегендей еді.

Еділ бойындағы ен тоғайды, жазығындағы шашыраған жұртты аралап, нәр жинап жүрген бір жапырақ бозбала айықпас дерт – көкірек ауруына шалдыққан екен. Иван Крамской, Илья Репин, Иван Шишкин сияқты ақылшы әріптес, аға достарының қолқалауымен белгілі меценат, граф Павел Строганов дереу көмек қолын созып, Суретшіні емдеу басталады, ауа райы дертке шипа болады деп Қырымға жөнелтеді. Ол қайда жүрсе де, жағдайы қандай болса да қолынан қылқаламын тастамайды.

17 жасынан басталған, айналасы бес жылдық шығармашылық ғұмырында Суретші 100-ден астам еңбек тудырған. Олардың көпшілігі Третьяков галереясы мен Мемлекеттік орыс музейінің жауһарларына айналды. Сол заманда емі табылмаған дерт Суретшіні 1873 жылы 23 жасында алып кетті, сүйегі Ялтада.

Өлмес туынды саламын деп жүріп дертке ұшыраған Суретшінің атышулы картинасының бір ерекшелігі – оның биіктігі ұзындығынан екі есе кіші (53,5х107 см), яғни көз алдыңа шексіздік сезімін әкеледі, жарық беру мен бояу нәрінде, жоспарлауда жаңалықтар бар.

Алтай тауында туып, 49 жасында Гималай етегінде ақырғы демі таусылған Суреткер картина алдында көңілі құлазып тұрып, былайша сыр ашады: «Жылымық… Қыстай қысырап жатқан қардың көбесі сөгіліп жіби бастаған шақ – жан-жануардың ең бір азып-тозған күйінің көктемді көксетер үміт жыршысына айналатын. Салқын да сабырлы қабақпен қарсы алатын наурыздың кеші түнге ұласқанда, дәуренінің дәм-тұзы таусыла бастаған ақпанның ақырғы айғайына, ақырғы күрсінуіне айналатын. Бар ашуын күндіз болымсыз еріп шыланған шалшық судан алып, қанша қабыршықтап қатырғанымен, ертеңгілік күн көтеріле, қайта жібіп салатын.

Жылымық!

Мен тағы осы суретке, осы сөзге ораламын. Наурыз. Жылбысқылана еріген қар. Қар-қабыршық жолмен жұлым-жұлым шоқпытқа оранған шаруа баласын жетелеп алысқа, біздер білмейтін беймәлім сапарға аттанған».

Қайда бара жатыр екен? Біз қайда барамыз, қайдан келдік? Қалың тоңды жібітетін бір жылымық керек-ақ…

P.S. «Жылымық» картинасын салғанда суретші Федор Васильевтің жасы 21-де еді, «Жылымық» новелласын жариялағанда суреткер Оралхан Бөкей 31-ге қарай енді аяқ басқан болатын.

 

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button