Жаңалықтар

Зиянды зауыт жұмысын тоқтатты

Елордадағы «Промышленный» тұрғын алабындағы силикат кірпішін шығаратын, қоршаған ортаға зарары бар зауыт өз жұмысын тоқтатты

[smartslider3 slider=2397]

Өткен ғасырдың ортасында салынған нысан жұмысын бастағанда, айналасында елді мекен болмаған. Егемендік алып, ел астанасына айналған қала тұрғындарымен бірге аумағы да өскен. Соңғы 10 жыл ішінде зауытқа қоңсылас орналасқан «Промышленный» тұрғын ала

бының тұрғындары оның күлінен және қолқаны жабатын жағымсыз иісінен зәрезап болған. Тұрғындардың тілегі ескеріліп, кірпіш шығаратын зауытта өндіріс тоқтатылды, қоршаған ортаның шамадан тыс ластануына байланысты зауыт мөрленді.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, 30 мыңға жуық жергілікті халықтың денсаулығына зиян келтірген кәсіпорынның қызметін сот арқылы мәжбүрлеп тоқтатуға қол жеткізді.

«Бізге Нұр-Сұлтан қаласының Әділет департаментінен орындаушылық құжаты түсті. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2022 жылғы 4 наурыз күні мемлекеттік сараптамадан өтіп, рұқсат алғанға дейін «Silk-2020» ЖШС жұмысын тоқтату туралы шешімі шыққан. 5 наурыз күні атқарушылық іс жүргізуді бастадық. Сол күні зауыт басшылығына хабарлама жолдадық. 10 наурыз күні құрамында Алматы ауданы әкімдігі, Экология департаменті, «Астана-РЭК» және «Астана су арнасы» мекемелерінің өкілдері бар топ зауытқа барып, электр қуатынан, су жүйесінен ажыратып, құрылғыларды орап, мөрлеу жұмыстарын жүргіздік» дейді мемлекеттік сот орындаушы Дархан Батырхан.

Ал елордалық Экология департаментінің бөлім басшысы Жансая Ахметова аталған кәсіп­орын 2 себеппен жабылып отыр дейді. Біріншісі – экологиялық заңдылық талаптарын бұзғаны үшін, екіншісі – рұқсат етілген концентрация нормасынан асып кету. Аталған зауыт жаңа экологиялық сараптама алғанша жұмыс істей алмайды. Ол үшін олар жергілікті әкімдікке өтініш жазып, көпшілікпен тыңдаулар өткізіп, тиісті талаптарды орындау керек.

Зауыт өткен айдың соңында тыңдаулар өткізген екен. Алайда олардың орналасқан аумағы тұрғын үйлерге тым жақын. Талап бойынша арақашықтық шамамен 500 метрден 999 метрге дейін болу керек дейді мамандар.

Шалкөде көшесіндегі тұрғындар да зауыттың жұмысы тоқтағанына қуанып отыр. Осы көшедегі көппәтерлі үйдің 85 жастағы тұрғыны Анна Волькова 27 жылдан бері осында тұрады. Оның жұбайы демікпе дертімен ауырған екен. Қолаңса иістен қарияға ауа жетпей, жиі ауыратын. Бірер жыл бұрын дүниеден озған. Ал Анна әжейдің қан қысымы жоғары болғандықтан, дәрігерлер есебінде тіркеуде тұр. Терезені ашу мүмкін болмайтын. Ашылса ащы иіс үйдің ішін алып, күлі жиһазға қонатын. Бұл мәселе жалғыз мені емес, көршілерімді де мазалайды. Жабылғаны дұрыс болды» дейді қарт кісі.

Мемлекет саясаты кәсіпкерлікті қолдайды. Алайда одан азаматтар зиян көрмеуі керек. 10 жыл бойы ойына келгенді істеу дұрыс емес.

«Әкімдік елордалық Экология департаментімен бірлесіп, тұрғындардың өтініші негізінде зауыт қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның нәтижесі бойынша кәсіпорын өз қызметін рұқсат етілген шекті экологиялық нормаларды бұза отырып жүзеге асырғаны анықталды. Осыған байланысты сот қызметті тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл ретте аталған кәсіпорынға өтемақы төленіп, қала тұрғындарының тұрғылықты жерінен шалғай орналасқан жер телімі ұсынылды. Бірақ зауыт иесі жер телімінен бас тартқан. Бір айта кетерлігі, зиянды зауыттың жабылуы «Промышленный» тұрғын алабындағы және оның маңындағы көпқабатты тұрғын үйлер тұрғындарының денсаулығын сақтау үшін қажет болды» дейді Алматы ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов.

Зауыт басшылығы 5 жыл бойы аумақты босату және зиянды өндіріс ошағын жабу жөніндегі міндеттемелерді орындаудан жалтарып келген. Осы жылдар ішінде тұрғын алаптағылар лас­танған ауамен демалып, өздерін жайсыз сезінген. Сонымен қатар денсаулықтары сыр бере бастағанын байқаған. Бөлекше иістің салдарынан бас ауруы, бас айналу, жүрек айну белгілері туындаған.

Бұдан бұрын «Қазгидромет» Алматы ауданындағы Байтұрсынұлы көшесі аумағында ауаның ластанғандығы туралы дерек таратқан. Олардың мәліметі бойынша бас қалада шекті рұқсат етілген нормалардан 786 рет асып түсу байқалған. Қара бастың қамын күйттеймін деп көпшіліктің денсаулығын құрбан етуге болмайды. Осы жағын да ойланалық, кәсіпкер!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button