Сараптама

Отбасылық қатынас – басты құндылық

Елорданың тәртіп сақшылары отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатымен бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Соның бірі – отбасылық жанжалшылармен профилактикалық әңгіме жүргізу.

Бұл орайда полиция қызметкерлері үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жұмыс атқаруда. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық іс-қимылдардың алдын алу үшін тұрақты түрде профилактикалық әңгіме өткізіледі.

«Мұндай әңгімелердің негізгі мақсаты – ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған адамдарды мас күйінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу бағытында қабылданып жатқан іс-шаралар туралы хабардар ету, отбасындағы тыныштықты сақтау және отбасының қоғамдағы рөлін нығайту болып табылады» деді полиция қызметкерлері. Ең бастысы, мұндай жағдайда жәбірленуші азаматтар құзырлы мамандардан құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша жеке кеңес алады.

Енді осыған нақты мысалдар келтірейік. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінен алынған мәліметте айтылғандай, Есіл аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторына Қайым ­Мұхамедханов көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің тұрғыны көмек сұрап, хат жазған. Тексеру барысында құзырлы орган қызметкеріне жүгінген әйелдің күйе­уі отбасында жанжал шығарып, сол жерде әйеліне балағат сөздер айтып, денсаулығына зиян келтірмейтін физикалық күш қолданғаны анықталған.

Көп ұзамай жанжал шығарған еркек уақытша ұстау абақтысына қамалды. Оған қатысты 1 ай мерзімге қорғау ұйғарымы шығарылды. Полиция қызметкерлері қорғау нұсқаулығының шектеулерін, тұрмыста құқық қайшы келетін іс-әрекеттерге жол бергені үшін құқықтық жауап­кершілігін түсіндірді.

Заң шеңберінде жанжал шығарған адамға Қазақстан Республикасының Әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 73-бабы, 2-тармағы бойынша «ұрып-соғу» деген айыппен әкімшілік іс қозғалды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен құқық бұзған адам кінәлі деп танылды. Оның мінез-құлқына ерекше талаптар қоя отырып, ескерту түрінде жаза қолданылды. Яғни, отағасына жұбайымен 6 мерзімге дейін кездесуге, қарым-қатынас жасауға тыйым салынды. Ал жәбірленген әйел­ге құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді.

Есіл аудандық полиция басқармасының бастығының орынбасары Марат Дубаевтың айтуынша, 2022 жылдың басынан бері аудан бойынша отбасылық-тұрмыстық саладағы материалдарға қатысты сот шешімдері бойынша 115 құқық бұзушы қамауға алынып, қабылдаушы және бөлуші орынға орналастырылған. Елорда бойынша 102 нөміріне жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық мәселелерге қатысты 9972 қоңырау келіп түскен. Алты айдың ішінде 1045 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сондай-ақ 4432 адамға қорғау ұйғарымы шығарылған, 250 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген. Барлығы 265 адам медициналық мекемеге мәжбүрлеп емделуге жіберілген.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button