Әлем чемпиондарына пәтер берілді

Кеше Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бокстан әлем чемпиондары Санжар Тәшкенбай мен Нұрбек Оралбайды қабылдап, үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
– Бұл жеңістің артында үлкен еңбек пен үздіксіз дайындық, спортшылардың өзіне деген сенімділігі жатыр. Боксшыларымыздың әрі қарай да биік белестерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көріне беруін тілеймін, – деп құттықтады қала әкімі.
Әкім жаттықтырушылардың да еңбегін назардан тыс қалдырмай, сый-сияпат көрсетті.
1-14 мамыр аралығында Өзбекстанның астанасы Ташкентте өткен әлем чемпионатында Қазақстан боксшылары 4 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алған еді. Чемпиондардың қатарында астаналық Санжар Тәшкенбай (48 келі) мен Нұрбек Оралбай (80 келі) салмақта барлық қарсыластарынан басып түсіп еліміздің абыройын асырды.