Елорда тынысы

Сапасыз жолдар қабылданбайды

«Біз сапасыз орындалған жұмыстарды қабылдамаймыз, мұндай жағдайда мердігер өз есебінен қайта жөндейді» деді елордадағы бірқатар көшелердің құрылысымен танысқан қала әкімі Жеңіс Қасымбек.

«Қалада жол салу, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл жалпы ұзындығы 54 шақырымнан асатын 70-тен астам көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Олардың бір бөлігі қаланың елді мекендерінде болмақ. Сондай-ақ, аялдама бұрылыстарын, пандустарды, тротуарларды, әлеуметтік нысандарға кірме жолдарды және тағы басқаларды жабдықтаймыз» деп жазды Ж.Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қала басшысы аралау кезінде мына көшелер құрылысының барысымен танысты, олар: Н.Тілендиев даңғылы мен Болашақ көшесі арасындағы А.Кенжин көшесі; Бөгенбай батыр даңғылынан Кенесары көшесіне дейінгі Жеңіс даңғылы, Ұлы дала даңғылынан Бұқар жырау көшесіне дейінгі Еңбекшілер көшесінің құрылысы; Мәңгілік ел даңғылынан Қ.Қайсенов көшесіне дейінгі Т.Рысқұлов көшесі, Н.Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсекова көшесі арасындағы екі деңгейлі көлік айырығы.

«Жаңадан салынып жатқан аудандарға тоқталар болсам, инженерлік инфрақұрылымы мен үйлердің құрылысы біткеннен кейін ғана негізгі жолдары салынады. Оған дейін уақытша төсеммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, биыл Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылына өтетін көпірді ашамыз. Бұл көпір жолдардағы көлік нөпірін едәуір азайтуға мүмкіндік береді: Тә­уелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Р.Қошқарбаев даңғылы, Ж.Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті ауданы, А.Байтұрсынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Б.Момышұлы даңғылы мен сол жағалау арасында қосымша байланысты қамтамасыз етеді» деп түсіндірді әкім.

Қала басшысы, климаттық жағдайларды ескерер болсақ, жол жұмысының маусымы қысқалығын атап айтты.

«Жолдарды сапалы етіп салуды міндеттедім. Біз сапасыз орындалған жұмыстарды қабылдамаймыз, мұндай жағдайда мердігер өз есебінен қайта жөндейді» деп сөзін түйіндеді әкім.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button